Версия для печати

Жүкті әйелдер жиі жұқтыруда Избранное

Среда, 21 Июль 2021 04:31 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2568 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Соңғы күндері «қызыл» аймақта тұрған Шымкентте коронавирустық инфекцияға шалдыққандар арасында жүкті әйелдер көбейіп кетті. Қазір дәл осы дертпен және өкпе қабынуы диагнозымен медициналық ұйымдарда 115 әйел жатыр.

477

 

–Әсіресе, бұл көрсеткіш соңғы екі аптада күрт өсті. Бәрі де үйінде отбасының өзге мүшелерінен жұқтырып алғандар. Өздеріңізге белгілі, жүктілік кезінде әйелдерге инфекцияға қарсы вакцина салдыруға болмайды. Бірақ, бұл отбасындағы өзге азаматтардың вакцина салдырмауына себеп емес. Керісінше, үйде жүкті келін барын білген ата-ене, келіншектің жолдасы міндетті түрде вакцина салдыруы қажет. Бұл өзін ғана емес, жүкті келіншектің денсаулығына жауапты болу, болашақ нәрестенің ауырмай, жарық дүниеге аман-есен келуіне кепіл болмақ, -дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.
Аяғы ауыр әйелдің вирусты жұқтыруының тағы бір себебі той-жиындардың тыйылмай отырғаны. Тыйым жасағандардан жасырынып, тойханалардың артқы есігінен тығылып кіріп думандатып жатқандар аз емес. Қонақ күту, көпшілікті шақырып жиын беру үрдісін тоқтата тұрсақ дегенге әлі де болса құлақ аспайтындар бар. Сол жиында қызмет еткен келіннің жұқпалы дертке шалдығуы орны толмас өкінішке ұрындырарын, бүкіл бір әулеттің қызығынан айырарын әлі де түсінбей жүргендер бар.
Қазір қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы мен Нұрсәтте Шымкент қалалық перенеталды орталық жүкті әйелдерге лық толы. Ай-күні жетпесе де ковидке шалдығып аурухана төсегіне танылған келіншектер қатты қиналуда. Іштегі шарананы аман алып қалу үшін дәрігерлер барын салуда. Ана мен бала өмірі үшін дәрігерлер күні-түні күзетте тұр десе де болғандай. Бұл баршамызды ойландыруы керек.
–Жүкті әйелдер арасында ковидке шалдыққандардың күрт көбейіп кетуіне байланысты осы аптада қалалық №2 аурухана базасынан тағы 50 төсекті бөлім аштық. Әрине, дәрігерге дер кезінде көрінген науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік мол. Алайда, ауруын асқындырып алып, дәрігерден жасырып дертті әбден өткізіп алатындар кездесіп отыр. Мұның соңы өкінішті жағдайға соқтыратынын ескертемін. Сондықтан да дәрігерге дер кезінде хабар беру, жүкті әйел бар отбасында сақтық шараларын күшейту, отбасы мүшелерінің вакцина қабылдауы міндетті шара екенін түсіндірудеміз, - дейді Б.Позилов.
Өкінішті жағдайлардың алдын алу мақсатында қазіргі таңда қалалық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен жүктілік бойынша есепке тұрған қыз-келіншектердің барлығы да қатаң бақылауға алынған. Бұл орайда 211 мобильді бригада жұмыс істеуде. Шымкентте қазір 15 мыңнан аса қыз-келіншектің аяғы ауыр. Бұл мекенжайы бойынша гинеколог маманға барып тіркеліп, өзінің жүкті екенін анықтағандары. Олардың бәрі де учаскелік дәрігердің бақылауында. Күн сайын дене қызуы өлшеніп, хабарын біліп отырады.
Ауру жұқтырған келіншектердің арасында ай-күні жақын, әне - міне босанғалы отырғандары да, жүктілік аптасы азы да бар. Дәрігерлер оларды аман-есен босандырып алуға сақадай саймыз дейді. Ол үшін ауруханада барлық жағдай жасалған. Ковид инфекциясымен бала босанған әйелдер арасында әзірге өлім-жітім жоқ. Балалары да аман есен.
Естеріңізде болса жыл басында шымкенттік дәрігерлер, өкпесінің 90 пайызы қабынған келіншекті аман-есен босандырған болатын. Тиімді жасалған ем-домның нәтижесінде ана да бала да аман-есен. Ал, дәрігерлердің ерлікке пара пар бұл ісі еліміз бойынша мақтаныш етерлік нәтиже деп бағаланды.
–Коронавирустық инфекциямен ауырып жүріп бала босанған ананың денсаулығы қалыпты жағдайға келмейінше, толық емделмейінше ауруханадан шығарылмайды. Бұл уақытта сәбиі балалар ауруханасында болады. Балаға алаңдауға негіз жоқ. Сәбиге күні - түні күтім жасайтын медицина қызметкерлері бар. Біз үшін әрбір адамның денсаулығы маңызды, - дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Айта кету керек, бала туу көрсеткіші бойынша Шымкент елімізде бірінші орында. Шымшаһарда әр 15 минут сайын сәби дүниеге келеді. Халықтың көбейгені жақсы. Дегенмен дәрігерлер ана мен бала саулығына самарқау қарамауға шақырады.