#4 Шымкент ірі инвестициялық орталыққа айналды Избранное

Пятница, 30 Июль 2021 04:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1811 раз

Ел экономикасының дамуының негізгі факторы – инвестициялық белсенділік. Шымкент қаласы соңғы 30 жылда инвестициялық тартымды қалаға айналды. Статистикаға сүйенсек, тәуелсіздік алған жылдардан бері шаһарға 2,5 трлн. теңге инвестиция тартылса, шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы сомасы 2,3 млрд АҚШ долларын құрайтын 17 жоба жүзеге асқан.

600

 

2,5 трлн. теңге инвестиция тартылды

Иә, 30 жылда қала келбеті түбейлі өзгерді. Инвестицияның арқасында көптеген кәсіпорындар құрылды. Бұрынғы зауыт-фабрикалар жаңғыртылып, қайта іске қосылды. Соның нәтижесінде бюджетке түсетін салықтық түсімдердің көлемі артып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына септігін тигізді. Инвестиция ең көп тартылған саланың бірі – құрылыс. Шаһарда отыз жылдың ішінде 98 мектеп, 470 балабақша ашылды. 6 мемлекеттік, 21 жекеменшік аурухана іске қосылды. 6 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Инвестицияны көптеп тартудың арқасында дамуға қол жеткізген тағы бір сала – ауыл шаруашылығы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шаруалар 442 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндірсе, бүгінде агроөнеркәсіп кешенінің өндіріс көлемі 36 млрд. теңгеден артты.
Шымкент – республикада сауда-саттық саласы жоғары дамыған, базары көп, халқы ең белсенді қала. Заманның жаңа ағымына сәйкес сауда орындары да түрленіп, жаңаша кейіпке енді. Оған Мega, Мetro, Фиркан, Shymkent Plaza тағы басқа заманауи сауда, ойын-сауық кешендеріне қарап көз жеткізуге болады. Осындай игілікті істің барлығы мегаполиске тартылған инвестициялық әлеуеттің арқасында жүзеге асты.

601


«Егемендік алған жылдар ішінде Шымкент – еліміздің кәсіпкерлік және индустриалды орталығына айналып үлгерді. Қазір үшінші мегаполисті сәулетті, қарқынды дамып келе жатқан мегаполис ретінде таниды. Оған бірден-бір дәлел, экономиканың көрсеткіштерінің бірі – негізгі капиталға бағытталған инвестициялардың нақты көлем индексінің 2020 жылдың қорытындысымен 141 пайызға жетуі», деп атап өтті Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев.
Қала аумағында 2020-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 1,4 трлн. теңгені құрайтын инвестициялық 157 жобаның базасы жасақталды. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 12,6 млрд. теңгені құрайтын, 300 жаңа жұмыс орнымен 5 жоба жүзеге асырылды. Олар – «Рахат-Шымкент» ЖШС (Корея) – қантты печенье өндірісі, «СП «Lux Shoes» ЖШС (Түркия) – аяқ киім табанының өндірісі, «DALSAN» ЖШС (Түркия) – ылғалды майлықтар өндірісі, «Авелар Солар Технолоджи» ЖШС (Ресей), «Химфарм» (Польша) - дәрілік препараттар өндірісін жаңғырту жобасы.
Кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасымен қажетті қызметтер көрсететін «Бизнеске арналған үкімет - Shymkent Invest» фронт-кеңсесі де жұмыс атқаруда.

Айбек СӘТТІБАЕВ,
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

602

–Қала аумағында ауданы 718 гектарды құрайтын 4 өнеркәсіптік аймақ тұрақты жұмыс істеуде. Олар «Оңтүстік», «Тассай» индустриалды, «Оңтүстік» көліклогистикалық және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтары. Аталған аймақтарда 11 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жоба бойынша мұнда 254,2 млрд. теңге сомасында 174 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.
Соның ішінде, бүгінгі таңда 137,5 млрд. теңгеге 112 жоба нақты жүзеге асып, 7,5 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты.
Бұл аймақтардың инженерлік инфрақұрылымына бюджеттен 17,8 млрд. теңге бөлінді. Яғни, 1 теңге бюджет қаражатына 14 теңге жеке инвестиция тартылды. Нәтижесінде 2010-2020 жылдары кәсіпорындар есебінен бюджетке 28,3 млрд. теңге салық аударымдары жасалынды. Қазіргі таңда индустриалды аймақтардың толымдылығы 90 пайызды құрайды. Осыған байланысты 2021-2022 жылдары жаңадан өнеркәсіптік аймақтарды құру жоспарланып отыр. Атап айтқанда 306 гектар болатын «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Онда құрылыс, металлургия, фармацевтика және жиһаз өнеркәсібі саласындағы жобалар қолға алынады. Бүгінгі таңда инфрақұрылымдық жүйелерді тарту жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, Қайнарбұлақ тұрғын алабы маңында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін жалпы алаңы 132 гектарды құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы ашылады. Мұнда биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндіріледі және сүт зауыты салынады. Сонымен қатар, шетел инвесторларымен бірлесе сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, сүрлейтін кәсіпорындар құрылады.
Қаладағы ауқымды жобалардың бірі – мегаполистің солтүстік бөлігіндегі 427 гектарды алып жатқан «Шымкент Сити» жаңа шағынауданының құрылысы. Оған инженерлік инфрақұрылым толық жүргізіліп қойды. Жоба аясында 2026 жылға дейін қалаға 432 млрд. теңге көлемінде жеке инвестициялар тартылады. Осы аралықта 300-ге жуық көпқабатты тұрғын үй немесе жалпы ауданы 1,6 млн. шаршы метр болатын 27 500 пәтер пайдалануға беріледі. Мұнымен қоса 3600 орындық жеке меншік 3 жалпы білім беретін мектеп, дарынды балаларға арналған физика-математика мектебі, балабақшалар, емхана, саябақ және көптеген халыққа қызмет көрсету орындары ашылады.

Инвестиция – жұмыс көзі

«КСРО тарап, қиындықта қалған елді экономикалық тығырықтан алып шыққан инвестиция», - дейді экономика саласының маманы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы Марат Сейдахметов.
Маманның пікірінше, мемлекеттің инвестициялық саясатының мәні мен мазмұнын зерттеу әрқашан экономикалық қана емес, тарих ғылымының да басты назарында болған. Инвестиция жалпы елдің экономикалық өсу процесін анықтай отырып, әлеуметтік-экономикалық салаларға, сайып келгенде халықтың әл-ауқатының артуына оңды әсер етеді. Инвестицияның арқасында Шымкентте құрылыс, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, тамақ индустриясы, туризм және басқа да салалар қарқынды дамып келеді.
Шетелдік инвестициялардың көмегімен мемлекет экономиканың құрылымын жақсартады, негізгі қорларды жаңартады және кәсіпорындарды техникалық жағынан қайта жарақтандырады. Мамандар мен жұмысшыларды даярлайды, инновациялар енгізеді. Сондықтан тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан ел экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар ағынын ынталандыруға бағытталған ашық және ырықтандырылған инвестициялық саясат жүргізіп келеді.

604


Шымкент – республикалық маңызға ие мегаполис. Қазіргі таңда үшінші қала аумағында 2,3 млрд. АҚШ долларын құрайтын 17 шетелдік инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл негізінен Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Польша, Германия, Өзбекстан елдерінен келген шетелдік инвесторлар. Айта кетелік, шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асқан ірі жобаларға «Петро Казахстан Ойл Продактс» ЖШС-інің –Шымкент мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту жобасы, құрылыс материалдарын өндіру саласында –«Шымкентцемент» АҚ, «Gold Aluminum» ЖШС, фармацевтика саласында – «Химфарм» АҚ, кондитерлік өнім өндіруде – «Рахат-Шымкент» ЖШС, жеңіл өнеркәсіп саласында – «Бал текстиль», «СП «Lux Shoes» ЖШС, «Умалп» ЖШС, «Кирал Достық» ЖШС, металлургия саласында – «Shymkent Smelting» ЖШС, баламалы күн электр станциясы саласында «Авелар Солар Технолоджи» ЖШС және тағы басқа кәсіпорындар жемісті жұмыс жасауда.

Марат СЕЙДАХМЕТОВ,
экономика ғылымдарының кандидаты:

603

–Инвесторлар үшін ең маңызды мәселенің бірі – қауіпсіздік пен саяси тұрақтылық. Бейбітшілік, тыныштық пен тұрақтылық жоқ елдің экономикасына ешкім тәуекел етіп миллиардтаған қаржысын құймасы анық. Бұл жағынан алғанда Қазақстан үлкен артықшылққа ие. Елімізде ұлтаралық бірлік пен конфессияаралық келісім сақталған. Инвесторларды қолдауға арналған ашық саясат пен олардың құқықтарын қорғайтын мықты заңнамалық база бар. Соның арқасында ұлттық экономиканы көтеруге шетелден миллиардтаған доллар инвестиция тартылды. Айталық 1991 жылдан бүгінгі кезге дейін Орта Азияға жалпы сомасы 480 млрд. доллар инвестиция құйылса, соның 380 миллиарды Қазақстанға тиесілі. Қазіргі таңда мұнай саласында Батыстың қаншама алпауыт компаниялары отандық мұнай өндіруші ұйымдармен бірлесіп жұмыс атқаруда. Сол секілді құрылыс саласында Оңтүстік Корея, Түркия сияқты елдердің компаниялары өз инвестициясын әкеліп жатыр.
Жалпы, Шымкент қаласы – қазіргі таңда республиканың ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Бүгінде өнеркәсіп саласында 689 кәсіпорын белсенді жұмыс жасауда, оның 24-і ірі, 49-ы орта кәсіпорын. Кәсiпорын қызметінің тұрақтылығы, көпсалалы өндiрiске бағытталуы, өндіріс көлемінің өсуі, сондай-ақ, шығарылатын өнім сапасының жоғарылауы және оның бәсекеге қабілеттілігінің жақсаруы, бүгiнгi күндегі талаптарға жауап бере алуы, қала экономикасының өсуiне кепiл боп отыр. Инвестицияның нәтижесінде 30 жылда жеткен табыстар жөнінде тағы айтар болсақ, егемендіктің алғашқы жылдары қала бюджетінің көлемі 1 млрд. теңгемен толса, бүгінде 450 млрд. теңгеден асып отыр. Өнеркәсіп өнімі 10 млрд. теңге көлемінде өндірілсе, қазіргі таңда 654 млрд теңгенің өнімі шығарылуда. Республика бойынша мақта майының - 96,1 пайызы, дайын шыныдан жасалған бұйымдардың – 67 пайызы, бензиннің – 49 пайызы, дизель отынының – 30,2 пайызы, цемент клинкерлерінің – 30,9 пайызы, портландцементтің - 29,5 пайызы, дәрілік препараттардың – 41,4 пайызы, қайта өңделген шай және кофенің – 22 пайызы, макарон өнімдерінің – 19,6 пайызы және көміртегі диоксидінің 66,5 пайызы
Шымкентте өндіріледі.