Мониторингтік топқа еріктілер көмектеседі Избранное

Пятница, 30 Июль 2021 04:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1285 раз

Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында шаһарымыздың төрт аудан әкімі мониторингтік топтардың жұмысы туралы брифинг берді.

606

 

Алғашқы сөзді бастаған Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов мониторингтік топтардың тексеру жұмыстарының нәтижелері жайлы айтып өтті.
–Жыл басынан бері аудан аумағында 519 кәсіпкерге хаттама толтырылып, 29 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Шілде айында эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты бақылау жұмыстары күшейтілді. Мониторинг барысында карантин режимін бұзған 67 нысан анықталып, оларға әкімшілік шара көрілді. Ауданда 13 ірі базар мен 12 сауда нүктесі бар. Олардың басшыларына санитарлық талапты сақтау жөнінде әкімдік тарапынан түсіндірілді. 206 нысан «Ashyq» қосымшасына тіркелген. Бұл нысандардың ішінде кафе, асхана, мемлекеттік мекемелер және тағы да басқа ұйымдар бар. Адам өмірінен қымбат ешнәрсе жоқ. Сондықтан мониторингтік топтардың жұмысы өте маңызды болып тұр, - деді Бұхарбай Рысқұлұлы.
Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаевтың мәліметінше ауданда 10 мониторингтік топ жұмыс істеуде. Аталмыш әкімшілік аумағында 14 тойхана, 13 ірі сауда орны және 3 базар бар. Қаңтар айынан бүгінге дейін нысандарға салынған айыппұлдар саны 416 болса, ал жалпы сомасы 30 млн. теңгеден асқан. Бір айда 5 мыңға жуық нысан тексерілген. «Ashyq» қосымшасымен базар, жәрмеңке, SPA орталықтар және кафе, мейрамханалар кешкі сағат беске дейін істеуге рұқсат. Ауданда 314 мейрамхана мен кафелер «Ashyq» қосымшасы бойынша қызмет көрсетуде. Өз кезегінде аудан әкімі Р.Мыңбаев тұрғындарды көпшілік орындарға бармауға, медицина мамандарының талабы мен кеңестеріне құлақ асуға шақырды.
Сөз кезегін алған Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек те эпидемиологиялық күрделі ахуалға байланысты мониторингтік топ саны 10-ға артқанын жеткізді. Ауданның мобильді тобы бір айда 3887 нысанға тексеру жұмыстарын жүргізген. Еңбекші ауданы аумағында 45 ірі сауда орны, 22 тойхана, 36 монша және 13 сауда үйі жұмыс істеуде. Санитарлық талапты өрескел бұзған 8 нысанның ісі сотқа өткізіліп, соттың шешімімен олардың қызметі бір айға тоқтатылды. «Ashyq» қосымшасына тіркелген 179 нысанның басым бөлігі қоғамдық тамақтану орындары. Өз ретінде аудан әкімі Досбол Күздікбайұлы кәсіпкерлерді халықтың денсаулығын ойлауға, ол үшін эпидемиологиялық жағдайды қолдан қиындатпау керектігі жөнінде айтып өтті.
Қаратау ауданында да қазіргі таңда 10 мониторингтік топ тойхана, кафе, мейрамхана, ойын-сауық орталықтары мен басқа да кәсіпкерлік нысандарды аралап жүр. Аудандағы 19 тойхананың бәрі жабық. Шілде айынан бері мобильді топтар 2759 нысанға рейд жасаған. Сондай-ақ 546 нысанға 30 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. 77 кәсіпкерлік объектісі «Ashyq» қосымшасы бойынша халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Бұл туралы Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов мәлімдеді. Сонымен бірге Абзал Шымкентбайұлы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарды коронавирус инфекциясына қарсы жаппай екпе салдыруға шақырды. Оның сөзінше қатерлі індеттен сақтанудың және құтылудың жалғыз жолы вакцинацияға тіреліп тұр.
Мұнан өзге брифингте мәлім болғандай рейд кезінде заң бұзғандығы анықталған тұлғаларға бірінші кезекте 84 мың теңге айыппұл салынады. Егер оны бір аптаның ішінде өтесе, айыппұл көлемі жартысына дейін қысқарады. Екінші мәрте санитарлық талапты орындалмағаны анықталған жағдайда айыппұл көлемі 700 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Үшінші ретінде де ескерту, айыппұлдарға құлақ аспаған нысан иелерінің ісі сотқа жолданып, заңға қайшы әрекет еткен объект уақытша жабылады. Сондай-ақ брифинг спикерлері тойханаларды түгелге жуық бақылауға алу мүмкін болмағандықтан әр той өтетін нысанға еріктілер бекітілгенін, сондықтан олар мерекелік іс-шара ұйымдастырылған тойханаларды дереу мониторингтік топқа хабарлап отыратынын атап өтті.