Қарағашты зиянкестерден залалсыздандыруда Избранное

Среда, 04 Август 2021 04:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1133 раз

Шымкентте саябақтар мен көше бойларындағы қарағаштардың жапырағы қурап жатыр. Тіпті, кейбір ағаштар жапырағынан түгел айрылған. Күзге дейін өңін бермейтін өсімдік жапырағының жаздың ортасында сарғаюына биылғы аптап ыстық әсер етті ме әлде қауіп зиянкестерден келді ме? Себебін сала мамандарынан сұрап білдік.

620

 

Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының Шымкент қаласы бойынша филиалының мамандары қауіптің зиянкес қоңыздардан келгенін айтады.
Агроинспекция мамандарының айтуынша, қарағаш жер таңдамайтынымен, климаттың қолайсыздығына төзімділігімен ерекшеленеді. Алай-дүлей желге иілмейтін жасыл желектің соңғы жылдары «ерте қартаюы» экологиялық мәселеге айналып бара жатқандай. Агроном Талғат Жанбаев ағаш зиянкестері Шымкентте 2004 жылы анықталды дейді. Ол кезде дернәсілдер көп болмаған. Жапырақ жемірі былтырдан бері күрт көбейген. Атап айтқанда, биыл «Абай», «Металлург» саябақтары және Мангелдин, Рысқұлов, Арғынбеков, Өтегенов, Түркістан, Тоқаев, Әйтеке би, Ерімбетов, Бәйдібек би, Назарбеков, Шаяхметов, Бәйтереков көшелерінің бойындағы ағаштардың ауырғаны анықталған. Оның алдын алу үшін саябақтардың күтіміне жауапты «Шымкент Жасыл қала» ЖШС-не сәуірде алғашқы хабарлама жолданған. Кейін мемлекеттік сатып алу бойынша жеңімпаз болып танылған «BUILD STROI» ЖШС-не екінші рет дезинсекциялық дәрілеу шараларын жүргізу қажеттігі ескертіледі. Алайда жауапты сала өкілдері жұмысты уақытында орындамаған.
Қатты қанатты қоңыздар жайқалған ағашты бір айда қуратып тастауға қауқарлы болып шықты. Қарағаш жемірі жылына 3 ұрпаққа дейін дамиды екен. Демек, бір қоңыздың 400-700 жұмыртқа салатынын ескерсек, олармен күрестің қаншалықты күрделі екені айтпаса да түсінікті.
Ал қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы Дархан Тұрғанбай 26 шілдеден бастап Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарында қарағаш жемірін жою жұмыстарын «BUILD STROI» ЖШС мен «ЛТД Тұрмыс» ЖШС қолға алғанын жеткізді. Қазір қала аумағында 64,2 гектар жерге химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған.
–Қауіпті аумақ көлемі дер кезінде анықталды. Қазір қауіп ошағы белгіленген аумақтарға дезинсекция жүргізілуде. Санаулы күнде жоспарлы жұмыс аяқталады. Тамыз айында тағы да қосымша атқарылады. Осы аралықта қатты қанатты зиянкестердің көзі жойылады, – дейді Дархан Тұрғанбайұлы.
Сондай-ақ «BUILD STROI» ЖШС-нің агрономы Нұрмахан Жұмағұлов зиянкестердің шектен тыс көбеюі жасыл желектер үшін қауіпті екенін атап өтті. Алайда бұл жылдар бойы көтеріліп келе жатқан мәселе көрінеді.
– Жапырақ жемірі Шымкентте биыл ғана пайда болған жоқ. Оның көбеюіне жаздағы құрғақшылық пен қатты ыстық әсер етті. Әсіресе Абай мен Әл-Фараби аудандарында кеңінен тараған. Мұнда өсімдіктердің 50-60 пайызы қатты зақымдалған. Бірінші кезеңде жапырағы сарғайған қарағаштар имидор, энжио препаратымен өңделіп, қалпына келуде, – дейді ол.
Мамандардың айтуынша, зиянкестердің ұрпағы жаздың соңғы айында қыстауға дайындалады. Жапырақ жемірінің қураған ағаш астында қыстайтынын ескерсек, бұған жауапты басқармалардың бей-жай қарамағаны дұрыс. Егер қатты қанаттыларға жататын дернәсілдерден дер кезінде құтылмаса, келесі көктемде ағаштардың қаншасы бүршік атып, көктейтіні белгісіз. Өйткені қаладағы тал-дарақтың 80 пайызын қарағаштар құрайды екен...

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.