Денсаулық сақшыларына – денсаулық себеті Избранное

Пятница, 06 Август 2021 03:49 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 972 раз

Індеттің өршуіне байланысты Шымкент әлі де қызыл аймақта тұр. Коронавируспен күресте ақ халатты абзал жандардың еңбектері ескерусіз қалмақ емес. Қалада бастау алған «30 қайырымды іс» жобасы жалғасын тауып келеді. Бұл жолы халық қалаулылары, кәсіпкерлер мен еріктілер жұмыла дәрігерлерге ризашылықтарын білдірді.

650

 

Қалалық Жастар мәслихатының депутаты Жасмин Әшімова бастаған еріктілер шаһардағы 36 екпе егу пунктіндегі дәрігерлерге ыстық тамақ пен жеміс үлестірді. Игі іске қалалық мәслихаттың депутаты, фракция мүшесі Қайрат Сүлейменов қолдау көрсетіп, «Пища жизни» дәмхана желісі және қалалық Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері ұйытқы болды. Олар алдымен «Медикер» медицина орталығында орналасқан вакцинация бекетінде болды. Еріктілер орталықта таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін екпе егетін дәрігерлерге алғысын жеткізіп, талмай еңбек етіп жатқандары үшін ризашылық білдірді.
– Елдегі карантинге байланысты медицина қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Олар ауысымнан-ауысымға жанталасып, отбасына, туған-туыстарына уақыт бөле алмай, талай жанның өміріне араша түсіп, ерлікке пара-пар қызмет атқарып жүр. Сондықтан елдегі қиын-қыстау кезеңде олардың жанынан табылып, барынша қолдау көрсету – қоғамның басты міндеті, - дейді Ж.Әшімова.
Айта кетейік, қайырымдылық шарасы аясында еріктілер 100-ден астам денсаулық себетін медицина қызметкеріне үлестірді. Себетке ыстық тамақ пен иммунитетті нығайтуға арналған жемістер салынған. Игі шара мұнымен тоқтамайды, алдағы уақытта да дәрігерлерге алғыс айтуды жалғастырамыз, - дейді ұйымдастырушылар.