Версия для печати

Жылудың қарызын төледіңіз бе?

Пятница, 20 Август 2021 07:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2039 раз
Оцените материал
(0 голосов)

jylu

Үшінші мегаполисте жылу маусымына дайындық жұмыстары  жүріп жатыр. «Қуатжылуорталық-3» МКК басшылығы жылу қазандықтары қысқа дайын екенін жеткізді. Алайда өткен жылы құбылған ауа райының жайын ескерсек, жан-жақты әзірліктің сапалы болуы маңызды. Алдағы суыққа жылу қазандықтары мен желілері төтеп бере ала ма? Дайындық жұмыстарымен танысып қайттық.

Қаладағы 1945 көпқабатты тұрғын үйдің 1448-і,  ал 482 бюджеттік нысанның 92 пайызы жылу маусымына  дайын. «Қуатжылуорталық-3» МКК-нің бас инженері Еділ Бүркітбаев биылғы әзірлік жоғары деңгейде, мекеме тарапынан жыл сайын ескірген құбырларды жөндеу мен жаңалау жұмыстары жүйелі жүргізіліп тұрады, - дейді.

– Жылу нормаға сай таратылады. Ал жаз бойы тозығы жеткен жылу құбырлары ауыстырылып, жаңартылды. Бірақ қысқа дайындықты тұрғындар өз үйінен бастауы керек.  Себебі үй іргесіне келіп тұрған жылу пәтер ішіне жетпеуі мүмкін, –  дейді ол.

Бұдан бөлек Е. Бүркітбаев ПМК-49, «Сайрам», «Спорт», «Қатынкөпір» шағынаудандарындағы қазандықтардың әлі күнге ескі екенін айтады. Жылдар бойы тозған жабдықтарды жаңарту алдағы күннің еншісінде дегенді алға тартты.

Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбековтің мәлімдеуінше, шаһардағы жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы 419,3 шақырым. Жылу маусымынан кейін қысыммен тексеру жұмыстары жүргізіліп, орын алған ақаулар ретке келтірілген. Атап айтқанда, мердігер «Тұран» ГГ-2007» серіктестігі 4 ауданда жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Жылу беретін 12 қазандықтың 10-ы күрделі жөндеуден өткен. Қалған екеуінің жұмыстары күз басталғанша толық аяқталмақ.

– Қазандыққа қажетті көмір көлемі – 1,1 мың тонна. Қоймада 200 тонна көмір бар, қалғаны қазанға дейін толық тасымалданады.  Қала аумағында орналасқан жылу жүйесіндегі 17 сорғы стансаларының қысқы маусымға 14-і дайын, қалғанында жұмыс жалғасуда, - дейді Б. Болатбеков.

2021 жылы жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында 29,5  шақырым жылу жүйесі ағымдағы жөндеуден өткен. Бүгінде жоспарлы жұмыстың 77 пайызы  орындалып, қалғаны кестеге сәйкес қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталады. Нәтижесінде жылу жүйелерінің тозу деңгейі  38 пайыздан 37-ге төмендеген.

Осы жолы шымкенттіктерге 77,6 мың тонна көмір керек болса, тасымалдаушы мекемелердің қоймасында оның 50 мың тоннадан астамы бар. Қалғаны қажеттілікке қарай тасымалданады. 

Түйіні шешілмеген түйткілдің бірі – кейбір тұрғындардың тұтынған қызмет ақысын төлемеуі. «Қуатжылуорталығы-3» МКК-нің бөлім басшысы Асқар Булешовтың сөзінше, борышкерлер қатары пандемия кезінде көбейген. Осылайша қордаланған қарыз 258 миллион теңгеге жетіп отыр. Әсіресе, Еңбекші, Әл-Фараби, Қаратау аудандарының тұрғындары  берешегін қайтаруға асығар емес. Қазір борышкерлерден  86 миллион  теңге қарыз сот арқылы өндіріліп жатыр. 

 Қалай болғанда да жылу маусымында  айтылған істің қаншалықты атқарылғаны алдағы маусымда айқындалмақ. Әзірге жеткізілген отын, жөнделген ЖЭС, ауыстырылған жылу желілері бойынша бәрі жоспарға сай атқарылған.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.