Версия для печати

#16 Білім сапасы бірегей жетістікке жетті Избранное

Среда, 01 Сентябрь 2021 04:19 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1783 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Пандемия басталғалы еліміздегі білім жүйесіне айтарлықтар өзгерістер енгізілді. Мектептер онлайн форматта білім беруге бейімделіп, оқушылар жаңаша тәртіпке үйренді. Бұл да тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде білім саласында жүргізілген тиімді реформалардың арқасы деп білеміз. Осы жылдар аралығында ұстаздар қауымы салада үлкен табыстарға қол жеткізді. Үшінші мегаполистегі білім беру ұйымдарының егемендік алғалы жеткен жетістіктері аз емес.

702

 

Білімді де білікті ұрпақ елдің болашағы десек, еліміз тәуелсіздік ала салысымен осы салаға үлкен назар аударылды. Иә, алғашқы жылдары қиын болды. Балабақшалар жабылып, білікті ұстаздар базар жағалап, білім саласы қатты тоқырады. Жалпы білім беру саласы 90-жылдардағы тоқыраудан ес жиған соң тың серпінмен дамыды. Алдымен «100 мектеп» бағдарламасы аясында үш ауысымды және тозығы жеткен мектептерден арылу жұмыстары жүйелі жүрді. Сосын, білім ордаларын заманауи құрылғылармен жабдықтау, мұғалімдердің білім-білігін көтеру ісі де қарқынды қолға алынды. Осының арқасында, оқытушылардың сапалық құрамы бірнеше есеге артты.
2000 жылдан бастап білім беру саласындағы мемлекеттік саясат білім беру жүйесін сапалық жағынан жақсарту мақсатына ден қойды. Осы аралықта білім беруді басқару мен қаржыландырудың құқықтық-заңнамалық базасы қалыптасып, білім беру мекемелерінің құзіреті кеңейді. Ал орта білім беру бағытында 2003-2004 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілді. Яғни, мектеп бітіруші түлек ҰБТ нәтижесі бойынша мектеп аттестатын алады және ЖОО-ға түседі. Жалпы орта білім мен мемлекеттік оқу орындарында кәсіби білімді тегін оқытуға мемлекет кепілдігі беріліп, үш тілде оқыту жүйесі енгізілді. Және кредиттік жүйе мен тегін оқу гранттары жыл сайын көптеп бөлінуде.
Соңғы үш онжылдықта білім саласындағы жағдай толық өзгерді. Жүздеген балабақша салынып, замануаи мектептер тұрғызылды, халықаралық дәрежедегі университеттер мен акадамиялар ашылып жатыр. Нәтижесінде, бәсекеге қабілетті мыңдаған білікті маман даярланды. Қазір олардың алдыңғы легі ел дамуына өз үлестерін қосып жүр.
Шаһардың бас ұстазы Жанат Тәжиева салада жыл сайын қаржыландырудың оң динамикасы Шымкенттің білім беру жүйесін дамытудың негізгі көрсеткіштерінің жақсаруына мүмкіндік бергенін айтады. Қалада инновациялық, экспериментальды 12 жылдық білім беру, жаңартылған білім беруге көшу, электронды оқыту, жан басына шаққанда қаржыландыру, үш тілде білім беру жобалары табысты жүзеге асырыла бастады. Осы жылдары дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің желісі құрылып, оқушылар түрлі әлемдік, халықаралық зерттеулерге қатысып, білімдерін жетілдірді.

703


Ал 2016 жылдан бастап білім беру жүйесі жаңартылған білім беру мазмұнына көшті. Салада реформалардың негізгі мақсаты – білім беру жүйесін жаңа экономикалық ортаға бейімдеу. Бұл тұрғыда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы
Н.Ә.Назарбаев еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосу туралы міндет қойды. Білім беру жүйесін жетілдіру осы мақсатқа қол жеткізуде маңызды рөл атқарды.
– Елімізде сапалы білім беруге және оған қол жеткізуге барлық алғышарттар бар. Тәуелсіздік алғалы қалада білім саласында ауқымды жұмыстар атқарылып, инфрақұрылымдар тартылды. 2000 жылдары мектеп саны 72-ні (69 мың бала) құраса, бүгінгі таңда жаңа оқу жылынан бастап 203 мектепте 233 879 оқушы білім алғалы отыр. Ал жалпы шаһарда 785 білім беру мекемесінде 350 мыңнан астам балалар тәрбиеленуде. Салаға бөлінген қаржы көлемі 2000 жылға дейін 300 млн.теңге болса, ол қаражат кейінгі үш он жылдықта бірнеше еселеніп 135 млрд. теңгеге жетті. Педагогтердің орташа айлық жалақысының көлемі соңғы 5 жылда 3 есе өсіп отыр. Бұл айына орташа есеппен 185 000 теңгені құрайды. Білімнің сапасын арттырумен қатар, педагогтеріміздің мәртебесі ұлғайып отыр. Ұстаздардың әлеуметтік және материалдық жағдайына көңіл бөлінуде, - дейді Жанат Арысбекқызы.
Санға емес, сапаға жұмыс жасау – уақыт талабы. «Алты алаштың басы қосылса төр – мұғалімдікі» деген алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың қанатты сөзі бүгінгі күнде де өз құндылығын жойған жоқ. Өйткені соңғы жылдары елімізде мұғалімнің мәртебесін көтеру бағытында біраз жұмыстар жасалды. Нәтижесінде ұстаздан шәкірттері оза шабуда. Ғылыми-танымдық өресі биік, білім көкжиегі кең оқушылар олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарды иеленіп, қаламыздың абыройын асқақтатуға үлес қосып келеді.
Бір ғана 2020-2021 оқу жылында өрендер республикалық білім бәйгесінде 70 жүлделі орынды иеленсе, мектеп оқушылары арасында спорттың 10 түрінен өткен республикалық ұлттық мектеп лигасында Шымкент қаласы спорт түрлері бойынша 10 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде алып, жарыстың жалпы қорытындысы бойынша командалық 2-орыннан көрінген. Сонымен қатар, республикалық олимпиаданың нәтижелері бойынша Шымкенттің бес мектебі Қазақстанның 100 үздік мектебіне енді. Жанат Тәжиева өткен оқу жылы білім жүйесі үшін ерекше жыл болғанын жеткізді.
– Пандемия жағдайы бүкіл әлемдегі білім беру жүйелері үшін өзекті сын-қатерге айналып, алғаш рет осындай жаһандық проблемаға тап болды. Аз уақыт ішінде цифрлық технологияларды қолдана отырып, шұғыл түрде қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша жүйелі қадамдар жасалынды. ҚР БҒМ тарапынан «нұсқаулық-әдістемелік хаттар» әзірленіп, пандемия жағдайында оқу процесін регламенттейтін бірқатар бұйрықтар негізінде жұмыстар жүргізілді. Қашықтан оқыту жағдайында білім сапасын қамтамасыз ету мақсатында мұғалімдер мен оқушылар «Bilim Iand» платформасында жұмыс істеді. Аталған платформаны мұғалімдер 6 млн. 812 мың рет, ал оқушылар 16 млн. 217 мың рет сабақ барысында пайдаланып, жыл қорытындысымен Шымкент қаласы республика көлемінде І, ІІ, ІІІ және ІV тоқсанда 1-ші орынды иеленді. BilimLand платформасындағы OnlineMektep модулін қолдану, кіру статистикасы мен сабақ орындау, тексеру функциялары бойынша «ЕҢ ҮЗДІК ЦИТ» конкурсында 25 мұғалім жеңімпаз атанып, арнайы дипломмен және қаржылай сыйақыға ие болды. Сонымен қатар, «ONLINEMEKTEP» цифрлық білім беру платформасында республика бойынша онлайн сабақта Шымқала ең белсенді өңір атанып, І орын алды. ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан енгізілген Күнделік.кz электрондық журналын пайдалану барысында 2020-2021 жылдың І және ІІ жартыжылдығы қорытындысымен Шымкент қаласы республика бойынша «Алтын белгі» иегері атанды. «Caravan of Knowledge» ұжымдық қоры STEAM SARVARLAR cтелласын табыстады. Шымкент білім басқармасына қарасты мектептерінде де STEАM-білім беру бағытына ден қойылып, біршама мектептерде оқушылардың жобалау, зерттеу, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау мақсатында орталықтар, кабинеттер жасақталған, - деді ол.
Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаев: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» - деген болатын. Әлемдік өркениет шоғырында ат төбеліндей ең дамыған отыз елдің қатарына ұмтылған Тәуелсіз Қазақстанның бағдарға алған шоқ жұлдызы – «білім – ғылым – инновация» болды. Елбасының бастамасымен еліміздің бүкіл мектеп жасына дейінгі тәрбие мекемелерін қамтыған «Балапан» бағдарламасы, интеллектуалды ұлт қалыптастырудың негізі болып табылатын 20 Назарбаев зияткерлік мектептерін ашу бастамасы білім саласындағы бірегей жетістіктер екендігі даусыз.
Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ дарынды, ерекше қабілеті бар балаларға көңіл бөле бастағанының куәсіміз. 1996 жылғы 24 мамырда «Дарынды балаларға арналған мектептерді дамыту және мемлекеттік қолдау көрсету туралы» Қаулысы қабылданып, артынша дарынды балалармен кездесуін өткізді. Ал 1998 жылы 24 наурыздағы Үкіметтің №256 қаулысымен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы құрылды. Назарбаев мектептерінде білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды жүйелі атқару, қазіргі заманғы басқару нысандарын енгізу, академиялық еркіндік пен дербестік дамыту үшін 2011 жылы «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы» ҚР Заңы қабылданды. Атап айтқанда, білім беретін бағдарламаларды дербес бекітуге, емтихан талаптарын белгілеуге, үлгерімділікті бағалауға, аралық және қорытынды аттестациялауға жол ашылды. Қазір Қазақстанда 22 «Назарбаев зияткерлік мектептері» дарынды балаларды білім нәрімен сусындап отыр. Мектепке конкурстық жүйемен 7 сыныпқа қабылдайды. Соның ішінде Шымкентте химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2013 жылы 25 ақпанында өз жұмысын бастаған болатын.
– 2014 жылдың 1 ақпанында – 594 оқушыны қабылдадық. Қазіргі таңда 761 оқушы мектебімізде білім алуда. 2015 жылы 129 түлек бітіріп, еліміздегі жоғарғы оқу орындарына 128 оқушы, оның ішінде 40 оқушы Назарбаев Университетінің студенті атанды. Ал 1 түлек Қытайдың Гонконг политехникалық университетінің грантын жеңіп алды. 2016 жылы 122 түлек тәмамдады. Түлектердің 115-і қазақстандық жоғарғы оқу орындарында, оның ішінде 36-сы Назарбаев университетінде оқу мүмкіндігіне ие болды. Ал 23 түлек әлемнің 11 елінен шақыртулар алып, жоғарғы оқу орындарының гранттарын жеңіп алды. Осы жылдары мектептен қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиада мен ғылыми жоба сайысының, түрлі шығармашылық байқауының 1000-ға жуық жеңімпазы шыққан. Мектеп түлектері әлемнің әр түкпіріндегі, еліміздің әр қаласындағы ең беделді оқу орындарында білім алып жүр. Соңғы статистикаға тоқталып өтетін болсам, биыл 92 оқушы зияткер түлек атанды. Оның ішінде 32 оқушы Назарбаев университетіне шақырту алды, 16 оқушы шет елдердің білім ордаларында білім алуға 25 пайыздық грантын жеңіп алса, 9 оқушы Қытай, АҚШ, Жапония, Түркия, Катар, Литва, Венгрия, Италия, Сингапур мемлекеттерінің оқу орындарына түсті. Бұл біздің ғана емес, қаламыздың жетістігі, - дейді Шымкентте химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін алғаш басқарған Балқан Қасымов.
Спикердің айтуынша, Зияткерлік мектептерде білім берудің екі моделі іске асырылады. Біріншісі – жаратылыстану-математика бағытындағы эксперименттік кіріктірілген бағдарлама. Екінші моделі халықаралық бакалавриат ұйымдарының қағидаттарына сәйкес жасалған. 2014 жылдан бері аталған мектептер сапалы білім беріліп жатқанын растайтын халықаралық аккредитациядан өтіп жатыр.
– Зияткерлік мектепте ең алдымен ұлттық тәрбиеге мән берілген. Айталық Қазақ хандығының 500 жылдығына байланысты «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы ұйымдастырылған. Экспедиция барысында оқушылар тарихи, географиялық, индустриялық, мәдени нысандармен танысып, тақырыптық зерттеулер жүргізді, - дейді Б. Қасымов.

ТҮЙІН.

Ғалымдардың пікірінше, ХІХ ғасырға дейін мемлекет негізі қара күшке тәуелді болса, ХХ ғасырда ақша үстемдік құрған, ал ХХІ ғасыр білім мен интеллект ғасыры болмақ. Яғни, біз өмір сүріп отырған ғасырда мемлекетіміздің экономикасын, әлеуметтік әлеуетін және саясатын, бір сөзбен айтқанда, болашақ дамуын интеллектуалды адам капиталы айқындайды. Жаппай жаһандану дәуірі қоғам дамуының жаңа талаптары мен міндеттерін алға тартуда. Ғылыми-техникалық жетістіктердің жылдам қарқынмен дамуы қоғамдық сананы өзгертті, жаңа құндылықтар пайда болып жатыр. Білім мен ғылымның қоғаммен байланысы мүлде жаңа арнаға ауысты. Міне, сондықтан ақпарат тасқынына шайылып кетпей, бәсекелестік бәйгесіне ілесу үшін интеллектуалды әлеуетті арттырудың маңызы зор.