Версия для печати

«Міндеттерді өз деңгейінде атқаруға мүмкіндіктер бар» Избранное

Пятница, 03 Сентябрь 2021 03:49 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1460 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Кеше Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы негізгі қағидаларды жүзеге асыру жөнінде қала активінің жиыны өтті.

724

 

Жиынға қаланың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қалалық мәслихат депутаттары, партиялар мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Қала әкімі Жолдауда айтылған жеті бағыт пен бес бастаманы қолға алу үшін нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.
— Президент Жолдауына орай еліміздің стратегиялық бас құжатын талқылау еліміздің түкпір-түкпірінде басталып кетті. Мемлекет басшысы биыл 30 жыл толатын ел Тәуелсіздігінің нығаюына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи үлесі барын ерекше атап өтті. Және Жолдауда пандемиядан кейін өрісі тарылған экономиканы қайта жандандырып, Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшы рөлін сақтап қалуға күш салу керегіне бас назар аударды. Мұнымен қоса Президент «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Биыл «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша қаламызда былтырғымен салыстырғанда 6 есе көп қаржы қаралып, көлемі 4,8 млрд теңгені құрады. Жеті айдың қорытындысымен 3 млрд теңгеге жуық қаржыға 970 жоба қаржыландырылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша биыл 80 жобаның несиесін субсидиялау және 20 жобаны кепілдендіру жоспарлануда. Бұл мақсатқа орай 83,4 млрд теңге қаралды. Бағдарламаға қатысуға 84 кәсіпорын өтінім білдірсе, соның 61-і нақты қаражатқа қол жеткізді, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімі Президенттің 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемін 1,5 есеге, яғни 24 млрд долларға дейін, ал еңбек өнімділігін 30 пайызға көтеру жөніндегі тапсырмасын атап өтті. Бұл ретте Мұрат Дүйсенбекұлы қаланың шикізаттық емес секторында 2025 жылға қарай сыртқа өнім шығаруға бағдарланған 62 жобаның іріктелгенін және экспорт табысын 608 млрд теңгеге жеткізу жөнінде жоспар түзілгенін баяндады. Биыл жеті айда 10 жобаның экспорттық көлемі 54,5 млрд теңгені құрағаны жөнінде дерек келтірді.
Жолдауда айтылған бюджет тақырыбы бойынша шаһар басшысы мемлекеттік қазына қаржысын тиімді пайдалану мен шығындарын қысқарту жөнінде жауапты басқармаға тапсырма жүктеді.
Қала әкімі Президент Жолдауында мал шаруашылығы мен аграрлық салада маңызды міндеттер белгіленгеніп, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету екеніне тоқталды. Ауыл шаруашылығы бойынша Жолдауда көрсетілген міндеттерді Шымкенттегі құрылысы жүріп жатқан 2 агроиндустриалды аймақтың есебінен орындауға болатынын жеткізді.
Әкім баяндамасында осы мақсатқа сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылатыны және онда құны 23 млрд теңгеге 1 810 адамды жұмыспен қамтитын 21 жоба іске асатыны айтылды. 136 гектарды алып жатқан екінші агро индустриалды аймақта заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендері салынып, 30 млрд теңгеге 2 000 жұмыс орны құрылатыны және 20 жоба жүзеге асатыны мәлім болды.
— Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент заманауи цифрлық технологиялар трансфертінің маңыздылығына тоқталды. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара тиімді кіріктірілуі тезірек шешімін табуы керек деген басымдық айқындалды. Бұл бағытта қаламызда геопортал жүйесін әзірлеуді қолға алдық. Жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы, инженерлік желілер салалары бойынша жүйелі ақпараттық деректер қалыптастырылуда. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер толық автоматтандырылатын болады. Мемлекет басшысы, сонымен бірге, инфляция деңгейін 4-6 пайыз аралығында ұстап отыру қажеттігін, баға саясатын ұстануды тапсырды. Осы ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімін делдалсыз саудалайтын желілердің маңызы зор. Қаламызда әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарын ірі сауда дүкендерінде белгіленген бағада сату жөнінде арнайы келісім жасалған. Ірі сауда желілерімен келісім-шарт орнату, тиісті қаражатпен қамтамасыз ету жалғасады. Сонымен қатар, жайылымдық жерлер қайта талданып, ветеринария саласы автоматтандырылуы тиіс, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Шаһар басшысы Президенттің отандық дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтың үлесін 17 пайыздан 50 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын атап өтті. Осы орайда қалада фармацевтикалық кластер жақсы дамығанын, соның ішінде медицина жабдықтарының өндірісі жолға қойылғанын айтты. Сондай-ақ Жолдаудағы вакцина алу мәселесіне қатысты Шымкентте екпе салдыру тұрақты жүргізілетінін мәлімдеді. Қала әкімінің сөзінше, тұрғындардың денсаулығын сақтау – басты міндет. Сондықтан скрининг талдаулары, стандартты екпелер өз мерзімінде атқарылатын болады. Профилактикалық іс-шараларға басымдық беріледі. Мұрат Дүйсенбекұлы медицинадағы вакцина салу, халық денсаулығын жақсарту жұмыстарын үйлестіруді қалалық денсаулық сақтау басқармасына, ал медициналық препараттар мен құрал-жабдықтар өндіретін кәсіпорындарды тиісті қолдау тетіктерімен қамтамасыз етуді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына жүктеді. Және Жолдауда белгіленген бағытқа сәйкес жергілікті атқарушы орган басшыларының қызметін әлеуметтік сауалнама арқылы бағалап отыруды тапсырды.
—Бұқаралық спортты дамыту бойынша мегаполисте биылдан бастап шалғай елдімекендерде 115 спорт алаңшасын ашу бастамасы іске асырылуда. Спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Мемлекет басшысы Жолдауда елді қоғамдық бірлік пен ұлтаралық татулықты сақтауға шақырды. Сонымен бірге, Президент айтқандай, қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі ғана емес, ғылым мен білімнің тіліне айналады. Сондықтан әр азамат мемлекеттік тілді білуі тиіс. Бірақ Конституция бойынша орыс тілі ресми тіл болып қала береді, – деді қала әкімі.
Актив жиналысында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Төрайым Сұлтанова, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов, «Шымқала» тарихи-мәдени кешені директорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы Саттар
Мәжитов жарыссөзге шығып, Жолдауға байланысты пікірлерін ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Президент Жолдауын жан-жақты насихаттау қажеттігін мәлімдеді. Бұл орайда мегаполисте арнайы насихат топтары құрылғанын, олар кестеге сәйкес әр сала бойынша еліміздің бас құжатын тұрғындарға жеке-жеке түсіндіретінін баяндады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы тапсырған міндеттерді өз деңгейінде атқаруға барлық мүмкіндіктер бар екенін, сондықтан оларды жүзеге асыру үшін бірлесе жұмыс істеу керегін баса айтты.