Версия для печати

«Барша жанды бауыр тартқым келеді» Избранное

Пятница, 10 Сентябрь 2021 04:22 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1517 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттіктер ертеректе Алматы кіші айналма жолы атап кеткен, қаланың солтүстік-батысындағы А-2 жолынан бастау алып, Бәйдібек би даңғылымен түйісетін күре жол бүгінде Қуаныш Төлеметов атына берілген. Осы көшеден өткен сайын қазақтың біртуар азаматы, қоғам қайраткері Қуаныш Төлеметовтей азаматтың есімі берілген көшенің бойында Шымкенттің жаңа бір бөлігі дамып, түрлі кешендер мен тұрғын үйлер бой көтеріп жатқаны қуантады.

702

 

Қуаныш Төлеметұлын етене жақын білетіндіктен ол туралы жазу алғашында оңай көрінген. Алайда қолыма қалам алғанда көкейімде «оның адами келбетін аша аламын ба, жоқ па?» деген сұрақ тұрды. Қуантарлығы сол, қолыма 2005 жылы Алматыдағы «Комплекс» баспасынан шыққан «Біздің Қуаныш» атты Қ.Төлеметұлы туралы естеліктер кітабы түсті. Осы кітапта көзкөрген 126 кісінің Қалекең туралы пікірлері бар екен. Мен соның ішіндегі замандас, қызметтес болған бес азаматтың пікірін ұсынуды жөн көрдім. Осы пікірлерден-ақ Қалекеңнің қандай азамат болғаны оқырманға жетері анық.
Қ.Төлеметұлының қандай жан екенін «Барша жанды бауыр тартқым келді» деген өлеңінен-ақ аңғаруға болатындай:

703


Адамдарға тазалық қой керегі
Ар-ожданның – әділдіктің қорегі.
Әлеуметті ала-құла бөлмеймін,
Барша жанды бауыр тартқым келеді.

Бірге шықтым өмірде көп белеске,
Жарқылдаған жақсы шақтар әлі есте,
Ел-жұртымның толғандырған тағдыры,
Айтшы, маған үлкен міндет емес пе?!

Елім үшін құшағымды ашсам да,
Жүрегімнен жұлдыз шашу шашам да.
Барша жанды бауыр тартқым келеді,
Адамдарды асқақ тұтып қашан да.

***
« ...«Партийная номенклатураға» кіргізілетін азаматтар тек партия мүшесі болуы керек және ұлты қадағаланатын еді. Осы 1960-1970 жылдары кадр іріктеу мәселесін партия органдары өте мұқият ұстайтын. Мысалға 1960-70 жылдары Шымкент қаласындағы білім беру саласының өзінде, мектеп, кәсіби техникалық училищелерде тек екі-үш басшысы ғана қазақ болатын. Дәл осы жағдай біздің халықтың сана-сезімін оятты ғой деп есептеймін. Өйткені талаптанып өзінің білімін, іскерлік қабілетін, саясатқа деген көзқарасын қазақ жастары талпынып көрсете бастады.
Сол топтан жұлдыздай жарқырап шыққан Қуаныш еді. Ірі кәсіпорнын басқарып кейінгі қызмет жолдары талабына қарай өсіп өркендей берді. Еңбекші ауданының совет атқару Кеңесінің, Шымкент қалалық совет атқару Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды, содан кейін облыстық экономика саласын басқарды. Менің байқағаным, Қуаныш барлық қызмет орындарында тек бастық болып танылған жоқ, ол халықтың баласы болды, өз заманындағы Үкімет саясатын, дұрыс ұғып, өз елінің, жерінің игілігіне, бойына біткен іскерлігін жұмсады. Шымкент қаласында қандай бір шаралар өтсе, ортасында өзі жүретін. Басында табиғатпен біткен қасиеттері мол еді. Кеше ғана кәсіпорынның табалдырығын аттап, өз тағдырын қалыптастыруға кіріскен жас жігіт, Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Қуаныш көп ойланып, толғанып жүретін еді. Жаны нәзік, ойы өте терең. Әсіресе, қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне мол ой жүгіртетін еді. Сондықтан болар, артына өмір бақи ескерткіш болған бірнеше шығармалары қалды. Жазушылар одағынан өзіне лайықты орын алды.

Дүйсенкүл БОПЫҚЫЗЫ,
Шымкент қаласы, Арыс ауданы және ОҚО Құрметті азаматы
2005 жыл

***

...Жалпы осынау өмірімде жоғары шенділерден болсын, үлкен қызметтегі ағаларымның арасынан болсын, маған көмек қолын созып, өмірінің ақырына дейін қамқорлығын аямаған жалғыз адам осы Қуаныш көкем болатын. Қуаныш көкем мен секілді көптеген інілеріне, ағаларына, айналасындағы көкірегінде оты бар жігіттер мен қыздарға да қамқор болды. Осы себепті де ол кісі елдің Қуанышына айналды. Елдің ағасына, елдің ұлына айналды. Халықта «Құдай бергенге береді» деген тамаша сөз бар. Өз басым осының мағынасын тым кейін түсіндім. Бұл сөз мүмкіндігің болып айналаңа жәрдемің тиіп, елге берсең ғана, Құдай саған береді дегенді білдіреді екен. Қуаныш аға айналасынан ештеңе аямаған адам. Сол үшін Құдай Қуанышқа дәулет берген шығар, ал Қуаныш көкемдегі дәулет елдікі болатын. Қуаныш көкемнің таусылмас дәулеті – туған елі, туған елі үшін жасаған қызметі, басты дәулеті – өнері, мәңгі жасайтын өлең-жырлары еді. Міне, маған Қуаныштай аға берген де осы өнер.

Әбділда АЙМАҚ,
ақын, Физули атындағы халыаралық сыйлықтың лауреаты
2005 жыл

***

Бір жақсы адам көрсем Қуаныш аға есіме түседі, бір ақынды көрсем көз алдыма ағаның келбеті тұрады, бір мәрт адамды көрсем Қалекеңе ұқсатам, бір бауырмал адамды кездестірсем Қуаныш Төлеметовтің бейнесі көзіме елестейді. Бірақ осыншама қасиетті бір бойына жинаған адамды кездестіру өте сирек, ондайлар санаулы да болады. Сол санаулылардың, аз кездесетін асылдардың бірі Қуаныш Төлеметов ағамыз еді.
Жай ғана сөзімен, жұмсақ мінезімен, көзінде мөлдіреп тұратын мейірімімен, ағалық назымен, кейде сыпайы өкпесімен адамды баурап алатын, ол кісімен жолыққан адам айналшықтап қасынан шыға алмай қалатын. Көп сөйлемейтін, бірақ әр сөзінде терең мағына жататын, әңгімесінде басы артық ештеңе болмайтын, арасында өзінің шығарған өлеңдерін қосқанда жүрегіңе жететіндей әсер қалдыратын.
Қаншама той-жиындарда, көргенінің көптігіне, көңілінде қаншама ойлардың жатқанына қарамай, көсемсіп көп сөйлемейтін, нақты бір-екі ауыз сөзбен және бір шумақ өзі шығарған өлеңмен аяқтайтын.
Көп сөйлемейтін, сондықтан да аз қателесетін. Асықпайтын, бірақ көп іс тындыратын, аз уәде беретін, ал қыруар жақсылық жасайтын.
Ағамен жақын араласқан кезім –
1994 жылдан бері он жыл. Мен облыстық жастар ісі, спорт және туризм басқармасына келгенде, бұл сала үшін ғана емес жалпы әлеуметтік салада қаржы жетпей жатқан уақыт болатын. Сол уақытта Қуаныш Төлеметов мәдениет, спорт саласындағы талай майталмандарға ұдайы жәрдем беріп отыратын нағыз меценат еді. Атланта Олимпиадасына баратын Әбдісалан Нұрмаханов бастаған бүкіл Қазақстан боксшыларына жәрдем етті, дайындалуына, емделуіне, дем алуына, күш жинауына жағдай жасады, арттарынан өзі барып жанкүйер болды, жанын беріп жанашырлық етті. Болат Жұмаділов олимпиаданың ақтық сайысында Куба боксшысынан жеңіліп қалған сәтте кәдімгідей көзіне жас алды, «Бір қазақтың баласы чемпион болмады-ау», - деп қатты қынжылды. Аға – ұлтжанды азамат еді, өзінің жеке басының емес, көптеген қазақ жігіттерінің қамын ойлап, бір қазақты бір қазаққа таныстырып, жақындастырып жүретін. Сол үшін өзі дастархан жаятын, талай ауыртпашылықты көтеретін, бар жауапкершілікті өз мойнына алатын...

Әли БЕКТАЕВ,
ҚР Сенатының депутаты

***

Қуаныш Төлеметұлы жайында белгілі журналист, сазгер Ілияс Байлар «Жақсының жақсылығы жадымнан шықпайды» десе, КСРО спорт шебері Қайрат Ағабаев «Қайырымды еді, қайран аға...» деп еске алады. Ал, Қалекеңмен жастайынан бір ауылда бірге өскен сырлас досы, ақын Сатыбалды Дулати «Құрдасым Қуаныш Төлеметұлына» атты арнауында:
«Кісі десе кісісің ісі мықты,
Кіші десе кішісің түсінікті.
Парасатқа пайымын телігендер,
Саған қарап түзеп жүр кісілікті.
Сусап келген көңілдің емшісіндей,
Елгезекті жүрген жоқ ел түсінбей.
Шығарып сап, қарсы алып тыншымайсың,
Емен-жарқын еліңнің елшісіндей.
Таразылап әр істің ақ, қарасын,
Ар алдында, азамат, мақталасың.
Бір түйіннің шешуін аяқтап ап,
Екінші бір түйінге тап боласың.
Ақын жаным таппастан дамыл айлап,
Мен жүремін өлеңге тәлім ойлап.
Сен жүресің алқалы жиындарда,
Қара тер боп халықтың қамын ойлап,» -деп сипаттаған.
Шымкенттегі «Құрметті азаматтар аллеясында» 113 адамның аты-жөні жазылған. Осы аллеяға әр келген сайын екі басшының есімі ерекше көзге түседі. Өйткені, ол екеуі де Шымқаланың өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосқан жандар. Бірі – Шымкент облыстық партия комитетінің 1-хатшысы (марқұм) Асанбай Асқаров болса, екіншісі – Шымкент қалалық атқару комитеті мен Шымкент қалалық халық депутаттары Кеңесінің төрағасы болған (марқұм) Қуанышбек Төлеметов!
Өткен күннен сыр шертіп, тарихты тарқатқандағы мақсат – өскелең ұрпақ қазақтың осындай арда азаматтарының есімін ардақтап, олардың өмір жолынан үлгі алса деген тілек.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.