Кәсіп ашуға ниет болса, мүмкіндік көп Избранное

Пятница, 10 Сентябрь 2021 04:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 189 раз

Шымкент қаласының тұрғыны Зарина Кеншінбаева – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде биыл 3 айлық кәсіптік оқу курсына жолданған қатысушылардың бірі. Ол қазір «Мөлдір» оқу орталығында «тігінші» мамандығы бойынша білім алуда.

705

 

– Бала күтімімен біраз жыл жұмыссыз үйде отыруыма тура келді. Әлеуметтік желіден қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курсының басталатынын естіп, мамыр айында жұмыспен қамту орталығына құжат тапсырдым. Қазіргі таңда тігінші мамандығы бойынша білім алып, мұндағы тәжірибелі шеберлердің арқасында көп нәрсе үйрендім. Қолымнан балаларға арналған киім-кешек, қазақи нақыштағы қыз жасауы, перде тағы да басқа түрлі дүниелерді жасау келеді. Алдағы уақытта өзімнің жеке кәсібімді ашсам деген ниетім бар, – дейді көп балалы ана.
Биыл жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиясының шешімімен 600 адам жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес, 8 мамандық бойынша 11 білім беру ұйымына және 1 900 адам 24 мамандық бойынша 18 білім беру ұйымына оқуға жолданды. Ал, еңбек нарығының сұранысына сәйкес 30-дан астам қажетті мамандықтар бойынша 2500 азамат 3 ай мерзімге оқуға жолдама алды. Қатысушыларға ай сайын 17 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Оқу аяқталған соң арнайы сертификат беріледі. Сонымен қатар, оқуын аяқтаған азаматтарды еңбек нарығының сұранысына сәйкес бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасуына ықпал етілетін болады. Былтыр 2000-ға жуық адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды бітіріп, нәтижесінде 1590 адам жұмыспен қамтылған.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жұмыссыз азаматтардың санын азайту, тұрғындардың білім-біліктілігін көтеру, еңбекке ынталандыруды мақсат еткен. Қазіргі таңда азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында қолдау шаралары жеткілікті. Тұрғындар атаулы әлеуметтік көмектің аяққа тұрып кету үшін берілетін уақытша жәрдем екенін ұғынуы тиіс. Сол себепті азаматтардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, өз білімін жетілдіріп, кәсіп ашуға ұмтылудың маңызы зор.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.