«ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА ҚҰТ» Избранное

Пятница, 17 Сентябрь 2021 04:22 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1324 раз

санаққа 130 мыңға жуық тұрғын

онлайн тіркелді

Ел Тәуелсіздігінің үшінші онжылдығында жалпыұлттық санақ үшінші мәрте өтіп жатыр. Ұлттық санақ – тек халық санын ғана емес, ұлттық құрамын, жас мөлшерін, халықтың әлеуметтік жағдайын, ауыл, қала халқының санын анықтауда басты рөл атқаратын шара. Бұл өз кезегінде елдің экономикалық, әлеуметтік даму жоспарына негіз болатын нәтиже. Бір мемлекеттің ішкі тыныс-тіршілігін таразылап, болмысын байқайтын кезең.

753

 

Дайындық кезеңі нәтижелі өтті

Биылғы Ұлттық халық санағы шартты түрде екі кезеңнен тұрады. Дайындық кезеңі 2021 жылы маусым айының 1-30 аралығында өтті. Интервьюерлер планшетті қолдану арқылы елді мекендерді аралап, тұрғын үйлердің, адам тұруы мүмкін ғимараттар мен тұрғын емес үй-жайлардың тізімін жасады. Дайындық кезеңі қала аудандарының аумағын санақтың негізгі кезеңінен өткізу үшін есептік учаскелерге бөлуге мүмкіндік берді.
Негізгі кезең 1 қыркүйек күні басталды. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында, яғни халық санағының алғашқы 45 күнінде қаланың тұрғындары мен қонақтары, респонденттер онлайн режимде sanaq.gov.kz сайтында өз бетінше санақтың барлық сұрақтарына жауап бере алады. Сайтта санаққа қатысты барлық қажетті материалдар, онлайн тіркелу үшін арнайы бейненұсқаулықтар
орналастырылған.
Биылғы санақтың тағы бір ерекшелігі әр респондент санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы, кез келген уақытты таңдайды, сондай-ақ сайтта бланкты толтыруды уақытша тоқтатуға және өзіне қолайлы уақытта қайта жалғастыруға болады. Тұрғындар санаққа egov.kz электронды үкімет порталы және Аitu мобильді қосымшасы арқылы да қатыса алады.
Бұдан бөлек, Департамент ғимаратында, ірі сауда орталықтарында, ірі өнеркәсіп орындарында, халыққа қызмет көрсету, жұмыспен қамту орталықтарында санақтан онлайн өту бұрыштары ашылды. Бұл бұрыштарда кез келген тұрғын өзін және отбасы мүшелерін санақтан өткізу мүмкіндігіне ие.
Дәстүрлі санақ 1-30 қазан аралығында оффлайн режимде жүргізілетін болады. Интервьюерлер онлайн санақтан өтпеген респонденттерге сауалнама жүргізеді.
Дәстүрлі кезеңнің жаңашылдығы – интервьюерлердің үй аралау кезінде дайындық кезеңіндегідей электронды планшеттерді пайдаланады. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ін енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Санақ кезінде мәліметтер жинау үшін сәйкестендіргіш ақпарат ретінде сауалнамаға қатысушының ЖСН-і қолданылады. Бұл ақпарат қайталануын болдырмайды.

Сall-орталыққа қоңырау шалыңыз

Ұлттық санақ кезінде «1446» бірыңғай call-орталығы жұмыс жасайды. Бұл — елдің барлық аумағындағы мобильді және стационар телефондарға арналған бірыңғай нөмір. Сall-орталыққа қоңырау шалу тегін.
Сонымен қатар, респонденттер кез келген арыз-сауалмен немесе кеңес алу үшін Бюроның stat.gov.kz интернет-ресурсына, Бюро басшысының блогына, сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы (YouTube, Facebook, Instagram, Telegram) жүгіне алады.
Шымкент қаласы бойынша 21-30-83, 21-30-71, 21-30-81, 39-50-75, 8-700-639-50-10 нөмірлері жұмыс істейді.

91 сұраққа жауап бересіз

754

Санақ парақтарына көрсеткіштерді енгізу үшін халық санағы мен тұрғын үй қорын жүргізу жөніндегі Еуропалық статистердің конференциясының ұсыныстары ескерілді. Сондай-ақ, ТМД және ЕАЭО кеңістіктерінде 2020 жылғы раундтағы халықтың ұлттық санақтарын өткізу кезінде санақ парақтарына қосу үшін көрсеткіштерді айқындау тәсілдерін салыстыру мақсатында ТМД мемлекетаралық статистикалық комитетінің әдістемелік материалдары пайдаланылды.
Өткен санаққа қарағанда биыл тілдерді меңгеру, неке жағдайы, бала туу және жұмыспен қамту сұрақтары кеңейтілді. Сондай-ақ, Вашингтондағы БҰҰ-ның мүгедектік статистикасы бойынша жаңа сұрақтар енгізілді. Санақ сауалнамасында жалпы 91 сұрақ бар.

1500 интервюьер жұмылдырылады

Санақ персоналы «Мемлекеттік статистикалық қызмет және сауда қызметін реттеу салаларындағы ұйымдардың басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» ҚР ҰЭМ министрінің 2018 жылғы 3 наурыздағы № 92 бұйрығына сәйкес тартылады.
Халық санағының дәстүрлі кезеңінде Шымкент қаласы бойынша уақытша жұмысқа 1500-ге жуық адам жұмысқа тартылады. Оған жасы 18-ден жоғары, бастамашыл, жауапты, тез тіл табысатын, КВИ-ге қарсы вакцина салдырған, планшетті қолдана алатын Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Олардың жұмыс өтіліне және кәсіби біліміне талаптар қойылмайды.
Тұрғын үйлерге барған кезде интервьюерлерде халық санағының логотипі бар куәлік, сөмке, мойын орағыш болуы міндетті.
Бір интервьюердің орташа жүктемесі — 833 адам. Интервьюер жүктемені толық орындаған жағдайда
104 мың теңге төленеді. Бұл сомадан міндетті зейнетақы жарнасы, жеке табыс салығы, әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы алынады. Ал, нұсқаушы-бақылаушыға 24 қыркүйектен 7 қарашаға дейін, яғни 1,5 айға толық көлемде көрсетілген қызмет үшін 45 күнге жоғарыда көрсетілген жарналармен қоса 125 мың теңге төлеу қарастырылған.

Үгіт-насихат жұмысы – басты назарда

Халық арасында жаппай түсіндіру жұмыстарына тоқталатын болсақ. жалпыұлттық санақ туралы 56 билборд, LED экрандар орнатылған. Сондай-ақ, 2000-ға жуық ақпараттық парақша адам көп шоғырланатын орындарға, қоғамдық көліктерге ілінді.
16 тамыздан бастап халық санағының маңызы жөнінде жергілікті және республикалық теле-радиоарналарда бейне және аудиороликтер таратылуда. Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан 4 бейнеролик әзірленіп, әлеуметтік желілерге жүктелді. Жергілікті телеарналардың ұлттық халық санағына арналған арнайы бағдарламаларына сала мамандары қатысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, департамент қызметкерлері ЖОО, колледж студенттері мен оқытушыларына, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда, медицина, мәдениет, спорт ұйымдарында онлайн санақтан өту бойынша консультациялық көмек беру жұмыстарын жүргізді.
Халық санағы бойынша оқыту жоспарына сәйкес, 3700-ден аса түрлі саланың мамандарына семинар-тренинг өткізілді. Олардың қатарында Шымкент қаласының білім басқармасына, ішкі істер департаментіне, денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелердің қызметкерлері мен әскерилер бар.

15 күнде – 129 207 адам

15 қыркүйектегі мәлімет бойынша, Шымкент қаласында 129 207 респондент онлайн санақтан өтті. Олардың 110 662-сі sanaq.gov.kz сайтында, 13 538 адам Egov порталында,
5007 адам Аitu қосымшасы арқылы қатысты. Яғни, санақтан өткен қала тұрғындарының үлесі 11,7% құрады. Санақтың алғашқы кезеңінде, 1 тамыздағы жағдай бойынша мегаполисте 1 099 867 адам тіркелген.
Осы тұста қала тұрғындарына мына жәйтті айтқым келеді. Ұлттық статистика бюросы Android құрылғыларына арналған платформасының PlayMarket сервисінде «Онлайн перепись населения-2021» мобильді қосымшасы ресми емес екенін мәлімдейді. Осыған байланысты аталған платформаны қолданбауға кеңес береміз.
Еске сала кетейік, онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады.
Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті қала тұрғындарының белсенділігі үшін алғыс айта отырып, sanaq.gov.kz сайты арқылы және төменде көрсетілген мекенжайларда ұйымдастырылған онлайн бұрыштарға барып, санақтан өтуге шақырады. Сайт 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді.

Ерназар ҚҰЛТАЕВ,
Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша
департаментінің басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.