Версия для печати

#20 Экономика өсімі қала инфрақұрылымына қарқын берді Избранное

Пятница, 17 Сентябрь 2021 04:35 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1286 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Шымкент қаласының инфрақұрылымы қарқынды дамыды. Он жылға жоспараланатын жұмыстар үш жыл ішінде атқарылып, жол, ауыз су, көгілдір отын ел игілігіне берілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде халықты ауыз сумен қамту деңгейі – 98 пайызға, газбен қамтамасыз ету – 93 пайызға, ал сапалы электрмен қамту көрсеткіші 97 пайызға жететін болады. Жалпы, 2023 жылға дейін шаһар тұрғындары 100 пайыз сапалы ауыз суға, 100 пайыз табиғи газға, 2025 жылға дейін 100 пайыз сапалы электр қуатына қосылады.

755

 

Кез келген шаһардың шым-шытырық шаруасы бар. Тұтас тыныстайтын мегаполистің тіршілігі түрлі саланың сәтті қабысуына да байланысты болады. Қала мен оның тұрғындары үшін әлеуметтік сала да, экономика мен мәдениет те маңызы. Дегенмен, күнделікті тұрмыста ойып тұрып орын алатын қажеттіліктің бірі инфрақұрылым екені даусыз.
Шымкент – Қазақстан бойынша аумағы ең үлкен қала. Үшінші мегаполис территориясы 1 170 шаршы шақырымды алып жатыр. Қаладағы шағынаудан, елдімекен, тұрғын алаптардың инфрақұрылым жүйесін үйлестіріп, тұрмыстық қажеттіліктерді жеткізу жауапкершілігі үлкен жұмыс екені анық.
Әсіресе, 2014 жылы Шымкентке көрші аудандардан 42 елдімекен қала аумағына өткен соң инфрақұрылым мәселесінің өзектілігі арта түсті. Бір мезетте қалалық атанған жүздеген мың тұрғынды сол қала өмірінің игілігі саналатын газ, сапалы электр жарығы мен таза ауыз су, қала берді кәріз жүйесімен қамтамасыз ету міндеті тұрды. Алға оза айтар болсақ, жергілікті билік бұл міндетті тиісті дәрежеде атқаруда. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің шілде айында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімделді.
– Осыдан үш жыл бұрын, 19 маусым күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Шымкентке республикалық қала мәртебесі берілген болатын. Бұл тарихи шешім Шымкенттің тынысын ашты десем, артық айтқаным емес. Экономика өсімі қала инфрақұрылымына да қарқын берді. 2019-2021 жылдары шаһарда жалпы ұзындығы 853,5 шақырым жол төселеді. Бұрын мұнша жол 10 жылда салынатын. Биылды қоса есептегенде, соңғы үш жылда, 18 тұрғын алабына ауыз су қосылып, 60 мың тұрғын таза су тұтынып отыр. Үш жылда 7 тұрғын алабы табиғи газға қосылып, 29 500 адам қызығын көріп отыр. Нәтижесінде, биыл жыл соңында ауыз сумен қамту деңгейі – 98 пайызға, газбен қамтамасыз ету – 93 пайызға, ал сапалы электрмен қамту көрсеткіші
97 пайызға жететін болады. Жалпы, 2023 жылға дейін халық 100 пайыз сапалы ауыз суға, 100 пайыз табиғи газға, 2025 жылға дейін 100 пайыз сапалы электр қуатына қосылады, – деген еді Мұрат Әйтенов.
Шаһар басшысының мәлімдеуінше, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 3 магистралды су құбыры, 10 елдімекенге ауыз су құбыры, 3 магистралды кәріз құбыры және 16 ішкі орамдық нысан, табиғи газ бойынша №3 АГРС және 2 магистралды, 11 елдімекенге газ құбыры, 3 қосалқы электр станциясы мен 15 елдімекенде ішкі жүйенің құрылысы жүруде.
Елдімекен инфрақұрылымы дегенде, көз алдымызға, ең алдымен, электр жарығы келетіні бар. Расында да самаладай жарқыраған көшелер мен ғимараттар қала көркін аша түсері сөзсіз. Бұл тұста жалпы айта кететін жайт – Шымкентте электр қуатымен қамтамасыз ету жолға қойылған. Алдағы уақытта жағдай бұдан да жақсарып, қалалықтар сапалы электр қуатына қол жеткізе алады. Олай дейтініміз, тамыз айында Шымкент үшін маңызды энергетикалық нысан – Бозарық қосалқы станциясы іске қосылды. Нәтижесінде
250 мыңға жуық тұрғын сапалы электр жарығына қол жеткізе
алады.
Салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Мұрат Әйтенов те қатысқан осынау стратегиялық нысанның құрылысы 2015 жылы басталған еді.
– Құрылыс толық аяқталып, бірнеше тәулік бойы станциядағы трансформаторлар мен агрегаттарға жоғары кернеулі электр қуаты берілді, сынақ жұмыстары сәтті өтті. Шаһар инфрақұрылымы үшін аса маңызды бұл нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Бозарық қосалқы станциясы қаланың базалық энергетика кешені саналады. Енді алдағы уақытта бұл электр станциясына 5 қосалқы станция қосылып, электр энергиясын алады, – деді Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков.
Қазіргі таңда «Нұрсәт», «Астана-1» және «Астана-2» қосалқы станцияларындағы жұмыс аяқталып қалды. Ал «1-М-1» станциясындағы құрылыс жалғасып, «Ынтымақ» қосылқы станциясының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Нәтижесінде, қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан Асар-2, Тұран, Ынтымақ-2, Солтүстік саяжай, Батыс, Бозарық, Қайнарбұлақ, Шымкент сити, Достық және Нұрсәт – барлығы 10 шағынауданды сапалы электр қуатымен қамту мүмкіндігі туады.

756


Басқарма мамандарының мәліметінше, тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласында бюджет есебінен 6 дана қосалқы станция, 28 электр тарату бекеті, 780 электр трансформаторы, жалпы ұзындығы 2 663,1 шақырым электр желісі тартылды. Бүгінде қала аумағындағы барлық 81 елді мекеннің 65-іне сапалы электр қуаты жетіп тұр. Электр жарығымен қамту көрсеткіші
95%-ды құрайды. Ендігі мақсат – 16 елді мекендегі электр қуатының сапасы жақсарту.
– Бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Мысалы, биыл 3 қосалқы станса салынса, біреуінде ағымдағы жөндеу жүріп, 16 елдімекенде ішкі жүйелердің құрылысы жүргізілуде. Олардың қатарында Жалын, Достық, Ақжар, Батыс, Тұран, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап, Қайнар бұлақ, Солтүстік саяжай, Ынтымақ–2, Айкөл, Игілік, Тәуелсіздікке –
20 жыл елдімекендері бар. Бұдан бөлек, 1 нысанның жобалық-сметалық құжаттары дайын, бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Жыл қорытындысымен 3 қосалқы стансаның құрылысы, 1 нысанның ағымдағы жөндеуі және 7 елдімекендегі құрылыс аяқталып, 250 мыңға жуық тұрғын сапалы электр қуатымен қамтылады. Нәтижесінде, Шымкент аумағын электр жарығымен қамту көрсеткіші 95%-дан 97%-ға дейін өседі, – деді басқарма басшысы Боранбай Нығметұлы.
Қала әкімі айтқандай, тұрғындарды коммуналды қызметтермен қамтудағы ең жоғарғы жоспарлы меже – ауыз сумен қамтамасыз ету (98 пайыз). Тіршілік нәрін тұрғындарға жеткізу бойынша Шымкент қаласында осы уақытқа дейін
14 су жинау ғимараты, 15 көтеру-сорғы стансасы салынып, жалпы ұзындығы 3365,7 шақырым су құбыры тартылған. Нәтижесінде бүгінде 81 елді мекеннің 69-ның тұрғындары таза су тұтынып отыр. Қалған
12 елді мекеннің бесеуіне – олар Сайрам, Құрсай, Қайнарбұлақ, Сәуле, Жаңаталап – тіршілік нәрі кестемен, ал 7 елдімекенге тасымалмен жеткізілуде.
Биыл бұл салаға қаралған қаржыға жоспар бойынша 14 нысан салынуда. Оның ішінде 3 магистралды су құбыры, 11 ішкі орамдық жүйе бар. Пайдалануға берілетін су құбырының жалпы ұзындығы
1 266 шақырымға жетеді.
– Жыл соңына дейін 3 магистралды су құбырының құрылысы аяқталып, 256 мың адам ауыз сумен қамтылады. Ал Құрсай шағынауданындағы құрылыс 2022 жылға өтпелі. Нәтижесінде таза сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 98%-ға өседі, – дейді Боранбай Нығметұлы.
Су келді, жарық бар. Нағыз қалалық тұрмыстың рахатын көру үшін енді не қажет? Әрине, көгілдір отын. Су мен жарық секілді болмаса да, табиғи газбен қала тұрғындарын қамтамасыз ету көрсеткіші де жаман емес. 2020 жылы Шымкентте газ саласына қатысты 2 нысанның құрылысы аяқталды. Олар – Тұран және Асар-2 магистралды газ құбырлары. Нәтижесінде табиғи газбен қамту көрсеткіші 92,2 %-ға жетті. Қазіргі таңда 81 елдімекеннің қырқының тұрғындары табиғи газбен толық,
33 елдімекен жартылай қамтылған. Ал Тұран, Көкбұлақ, Ақтас, Батыс, Қайнарбұлақ, Тәуелсіздікке – 20 жыл, Айкөл және 276-орам секілді 8 елдімекен тұрғындары әзірге көгілдір отынсыз отыр. Осы олқылықты жою үшін энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан 2021 жылы 1 бір газ станциясы салынып, 2 магистралды газ құбыры тартылуда (АГРС-3). Сондай-ақ, Алтынтөбе және Бадам тұғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатындағы құрылыс жұмыстары аяқталды.

757


Жауапты мамандар жыл соңында 1 газ станциясы, 2 магистралды құбыр іске қосылып, 5 елдімекендегі 11 мыңнан астам адам табиғи газбен қамтылады деп жоспарлап отыр.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қаламызда ғана емес, елімізде жарық, су, көгілдір отын тапшылығы болды. Сол жылдары қаланың тіршілігі солғын тартып, жұмыссыздықтан тұрғындардың берекесі кетті. Бұл – Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы көрініс еді. Қуаныш та, қиыншылық та болды. Бірақ, халық пен мемлекет бірігіп, барлығына төтеп берді. Еліміздің қуаттылығы да осында. Бүгінде Шымкент – республикадағы маңызды үшінші қала. Қала бюджеті
1994 жылғы 1 млрд теңгеден бүгінде 450 млрд теңгеге жетті. Тәуелсіздік жылдары қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 10 млрд теңгеден 654 млрд теңгеге дейін артты. Шымкент қаласының өнеркәсібі ел өндірісінің 2,5 пайызын құрап отыр. Бұл жетістіктер – тәуелсіздіктің жемісі.

Последнее изменение Пятница, 17 Сентябрь 2021 04:38
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.