Версия для печати

Карл Исаев, «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент филиалының төрағасы: «ЖЕЛТОҚСАН ҚОЗҒАЛЫСЫ ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ӨСІРДІ» Избранное

Пятница, 17 Сентябрь 2021 04:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2006 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Желтоқсан оқиғасы — қазақ жастарының тәуелсіздікке ұмтылған күресі.
Желтоқсан оқиғасы — тәуелсіздік таңын жақындатқан қозғалыс.
Желтоқсан оқиғасы... Айта берсек, теңеу көп. Алматы қаласының қақ ортасындағы Брежнев алаңында (қазіргі Республика алаңы) мұз үстіндегі алаудай жалындаған жастардың өмірін қиып, аман қалғандарын қудалап, тағдыр тәлкегіне ұшыратқан оқиғаға биыл 35 жыл толып отыр. Арада қанша уақыт өтсе де ел намысы үшін көзсіз ерлікке барған батырларымыздың қаһармандығы ұмытылмақ емес. Желтоқсаншылардың бүгінгі жай-күйін білмек ниетте республикалық «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Карл Өміртайұлы ИСАЕВПЕН тілдескен едік.

759

 

— Желтоқсан көтерілісіне қатысқан әр азаматтың өмірінде бұл күндер өзіндік ізін қалдырғаны анық. Сіз 1986 жылы қанша жаста едіңіз? Көтеріліс болған күнді баяндап берсеңіз.
— Қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы, ол кезде Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының 5 курс студенті едім. Мен «Желтоқсан оқиғасы» деп қабылдай алмаймын. Себебі, бұл – ұлт-азаттық көтеріліс. Небәрі 16 минуттық пленумда Д.Қонаевты орнынан алып тастап, Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облысы партия комитетінің 1-хатшысы Г.В.Колбинді ҚКОК-нің 1-хатшысы етіп тағайындауы көтеріліске түрткі болды. 16 желтоқсан күні кешкісін жатақханаға келсем, жүрегі қазақ деп соққан жастар өзара бөлмелеріне жиылып, наразылығын білдіріп жатыр екен. Қазақ жастарына ел билігіне бейтаныс адамның, әсіресе бұл өлкенің тыныс-тіршілігінен хабарсыз өзге ұлт өкілінің келуі қатты әсер етті. Алайда, ол бір күнде туған наразылық емес еді. Сол күнге дейін тоталитарлық жүйе біздің тілімізді, дінімізді шектеп, салт-дәстүрімізді кемсітіп, ұлттық мүддемізді аяқасты етіп келді. Мәселен, оқу орындарында қазақ топтары өте сирек болатын. Мен Созақ ауданы, Жартытөбе кеңшарында оқыдым. Орыс тілін мектепте оқығанымен, тұрмысымызға жат тіл. Еркін сөйлей алмадық. Десек те, жоғары оқу орнында орысша оқуға мәжбүр болдық. Осындай жағдайлардың бәрін қазақ жастары көріп-біліп, намысқа булығып жүрген еді. Компартияның мына әділетсіз шешімі іштегі бүкіл ашу-ызаның ақтарылып сыртқа шығуына түрткі болды.
Келесі күні, 1986 жылдың 17 желтоқсанында таңертең алаңнан өтіп бара жатсам, 50-60 кісі топтанып тұр екен. «Қазақстанға қазақ басшы!», «Әр халыққа – өз көсемі!» деген ұранмен, «Менің Қазақстаным» әнін айтып алаңға шықты. Мен де қосылдым. Сөйтіп, таңғы 11-ден түнгі 11-ге дейін алаңда болдым. Бізді күштік құрылымдардың көмегімен қуудың амалдарын жасап бақты. Бірақ біз қайсарлықпен қайта жиналып, наразылығымызды білдіріп жатырмыз. Сол күні түнгі 23.00-шамасында қолға түстім. Мені Калинин аудандық милиция бөліміне апарып тастады. Тергеді. Маған «балабақшадағы балаларды қорқыттың» деген жала жабылды.
18 желтоқсан күні Ташкент тас жолы маңындағы тергеу бөлімшесіне ауыстырды. Ауыр соққыға жықты. Алаңға шыққанда жанымда Сәбитжан деген бөлем бар еді. Ол да ұсталып, бір-бірімізден көз жазып қалдық. Сырттан келген солдаттар күшке салды. Сарбаздар басымыздан дубинкамен ұрады.

758


2-3 соққыдан соң қолыңмен басыңды қорғай бастасаң, бүйрек тұсыңнан тебеді. Әлсіреп, есіңді жия алмай жатсаң, сүйреп камераға апарып тастайды. Бет-аузымыз көгеріп, нәр татпаған күйі 4 күн жаттық. Содан кейін 20 шақты жігітті қала прокуроры қолымызға ескерту қағазын беріп босатты. Бізден алаңға шықпайтынымыз туралы қолхат алды.

— Оқуыңызға, ауылдағы ата-анаңызға зияны тимеді ме?
— Елдегі ахуалға байланысты оқу орындарында семинар сабақтарын қысқартып, лекциялар ғана өткізе бастады.
3-4 топ лекцияда отырғанда, әр сағат сайын сырттан келіп кез-келгеніміздің аты-жөнімізді атайды да, тергеуге алып кетеді. Ешкім ешкімнен не болып жатқанын сұрай да алмайды. Қорқып қалған. 23 желтоқсан күні «Исаев» деп менің фамилиям аталды. Мені сотқа апарып, іс қаралып болғанша
15 күнге әкімшілік жауапкершілікке тартып, қамап тастады. Бұл кезде Челябі, Новосибирскі, Свердловскіден, Тбилисиден Алматы милициясына көмекке келген күш кері қайтарылған екен. Алғашқы қамаудағыдай соққы болған жоқ.
Сәттілік серік болған шығар. Оқудан шығармады. Бірақ, 1987 жылы қаңтарда комсомол жастар ұйымынан шығарып тастады. Сосын университетте әскери дайындық оқып,
4-курста лейтенант шенін алған едім. Көтеріліске қатысқанымыз үшін курстағы
3 жігіттің әскери билетін кері қайтарып алды. Диплом қолға тигенше қауіпсіздік қызметі жиі-жиі алып кетіп, тергеп отырды. Оқуды аяқтаған соң, бір жарым жыл әскери борышымды өтеуге кеттім.

— Өзіңіз төрағалық етіп отырған ұйым жайында айтып өтсеңіз. Бірлестікте қанша желтоқсаншы бар?
— Бұл қоғамдық бірлестік әуелі 2006 жылы Құрымбаев Болат есімді азаматтың бастамасымен республика деңгейінде құрылды. Кейін аймақтарда филиалдары ашыла бастады. 2017 жылдың ақпан айынан 2020 жылдың маусым айына дейін Батырхан
Сағынтаев деген азамат филиалға төрағалық етті. Бәріміз бір кісідей жұмылып, желтоқсаншылардың атынан түрлі шаралар ұйымдастырып жүретінбіз. Өткен жылы пандемия кезінде Б.Сағынтаев бауырымыздан айырылып қалдық. Кейін бірлестік мүшелерінің шешімімен төрағалық қызмет маған өтті. Бүгінде бірлестік құрамында 29 желтоқсаншы бар. Облыстың әкімшілік аумаққа бөлінуіне байланысты бірлестік құжаттарын «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент филиалы деп қайта
заңдастырдық.

— Қоғамдық бірлестік бүгінде немен айналысып жатыр?
— Желтоқсаншылар — тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары. Олардың арасында Отаны, елі үшін жанын қиғандар да бар. Отаны үшін тағдыр тәлкегіне түсті. Қаншасының денсаулығына зиян келді. Десек те, бұл азаматтарға ешбір әлеуметтік статус берілмеген. Ешбір жерде жеңілдік қарастырылмаған. Жалпы, әлеуметтік проблема бәрінде бар. Дегенмен, желтоқсаншылар үшін емделуге, қоғамдық көлікте жүруге жеңілдіктер қарастырылса деген ұсыныс бар. Сондай-ақ, Шымкентте түрлі аллея, саябақтар жетерлік. Алайда, желтоқсаншыларды еске алатын орын жоқтың қасы. Ұсынысымыз қолдау тауып жатса, сол егемендік үшін алаңға шыққан батырларымыздың құрметіне ескерткіш орнатып, әр жыл сайын еске алып, бас қосатын саябақ қалыптастырсақ деген мақсатымыз бар.
Одан өзге қоғамдық бірлестік жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында білім ордаларында кездесулер ұйымдастырып жүр. Сондай-ақ, ел басына күн туған кезде де бірлестік мүшелері сырт қалып жатқан жоқ.
Биыл 16 маусымда «Ерлік» мұражайының ішінен желтоқсаншыларға бұрыш ашылды. Бұл бұрыш әрбір мұражай келушісіне ой салып, олардың Отанға деген сүйіспеншілігінің артуына себепкер болса, онда біздің мақсатымыздың
орындалғаны.

— Бірлестік мүшелерінің барлығы ақталған ба?
— Шымкентте осы Желтоқсан оқиғасынан кейін қылмыстық жазаға тартылған 5 кісі бар. Оның төртеуі – ер, біреуі – әйел кісі. Одан өзге бірлестік құрамындағы азаматтардың да түрлі жағдаймен ақталмай қалғандары баршылық. Биыл қоғамдық бірлестік атынан өтініш жазып, екі азаматты ақтауға құжаттарын тапсырдық. Әзірге жауабын күтіп отырмыз.

— «Шымкент келбетінің» оқырмандарына айтарыңыз...
— Әр азаматтың бір ғана Отаны болады. Өскелең ұрпақ қолда бардың қадірін біліп, еліне адал қызмет етсе деймін. Сондай-ақ, Қазақстанның тәуелсіздік алғанына
30 жыл толса да, тіл мәселесі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген екен. Ұлтымызды сақтаймыз десек, тіл тазалығына мән беруіміз керек.
Сондай-ақ, Желтоқсан қозғалысы бүкіл халықтың рухани өміріне әсер етті. Ұлттық сананы қалыптастырып, ұлттық рухты өсірді. Десек те, бүгінге дейін желтоқсаншылар жайлы мәліметтер өте аз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Желтоқсанның 35 жылдығын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар атап өту туралы айтты ғой. Ендігі жерде Желтоқсан көтерілісіне саяси баға беріліп, оны зерттеу мен ақиқатын ашып көрсетуге мемлекеттік деңгейде мән
берілсе дейміз.
— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан  Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.