ЖӘРМЕҢКЕДЕ 1000 ЖАС ЖҰМЫС ТАПТЫ Избранное

Среда, 22 Сентябрь 2021 03:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 313 раз

Азаматтардың әл-ауқатын арттыру – мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Отандастарымыздың, әсіресе, жастардың тұрмысының жақсаруында жұмыссызды жоюдың маңызды рөл атқаратыны даусыз. Шымкентте бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бір дәлелі ретінде жуырда үшінші мегаполисте жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

804

 

Бұл іс-шара басқа жәрмеңкелерден ұсынылған жұмыс орындарының көптігімен және психологтардың болуымен ерекшеленді. Жеткіншектер жұмыс іздеп, ересектерден сұрауға қысылған жағдайда сол жерде отырған психологтар оларға қолдау көрсетіп, кеңес беріп жатты. Бұған қоса жұмыс іздеушілерге түйіндеме жазуда да көмек көрсетілді.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы Жастар ресурстық орталығымен бірге ұйымдастырған жәрмеңкеде жалпы саны 9 мыңға жуық бос жұмыс орындары ұсынылды. «AZALA Textile», «Сити Строй», «Реголат», «Қазнұр», «Альфа-Юг», «Аsia Trafo» мекемелері, «Магнум, «Фиркан» секілді ірі сауда желілері және т.б қаладағы арнаулы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар, мектеп, балабақшалар – жалпы, 50-ге жуық жұмыс беруше мекемеге медицина, техника және педагогика саласының мамандары қажет. Жұмыс беруші мен іздеуші арасында дәнекер болуды көздеген жәрмеңкенің көздегені де сол – «Мүмкіндіктер алаңы».
Жәрмеңкені ашқан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова осындай шаралар жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізетінін сөз етті.
– Жәрмеңкеге 14 пен 29 аралығындағы жастар, квота шеңберінде басқа да жерлестеріміз, оқу орындарының түлектері қатысты. Ұсынылған 9 мыңға жуық орынның ішінде 3500-і – тұрақты жұмыс орны. Бұл – жастарға үлкен мүмкіндік. Қазіргі таңда Шымкентте 3200 жас жұмыссыз ретінде тіркелген, – дейді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова.
Мемлекеттік бағдарламаның нәтижесінде жұмысшы тапқан мекеменің бірі – қуыршақ және жастар театры. Мәдениет ошағы директорының айтуынша, «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында жолдама алған 7 жас театрға келіп, жұмыс істеуде.
– Осы акцияны ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Басқарма жұмыс берушілер мен жұмыссыздардың арасында «алтын көпір» салып берді. Соның нәтижесінде жұмыссыз жастарды өзімізге жұмылдырдық. Жастар практикасымен істеп жүрген 7 жастың төртеуі көңілімізден шығып, алдағы уақытта оларды театрымызда алып қалуды ұйғарып отырмыз. Ал бұл жәрмеңкеде 7 бос жұмыс орнын ұсындық, – деді Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының директоры Самат Алтай.
Кешке дейін созылған жәрмеңке нәтижесінде мыңға жуық жас жұмысқа жолдама алды. Тұрақты жұмыспен – 790, ал «Жастар практикасымен» 121 жас жұмыс істемек. Солардың бірі – Айсұлу Қорабаева. Халықтар достығы университетін «Бастауыш білім беру мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген жас маман осы жәрмеңкеде мамандығы бойынша жұмыс тапты.
– Жәрмеңке туралы әлеуметтік желіден көрдім. Бос жұмыс орындары тізімін толық қарап, өз мамандығыма лайық келетіндеріне жекелей бардым. Осылайша қаладағы №120 мектепке бастауыш пәні мұғалімі бойынша жолдама алдым, – деді қала тұрғыны.
Жәрмеңкеде, сонымен қатар, еліміздің солтүстік өңіріне қоныс аудару бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылып, нәтижесінде 100-ден аса шымкенттік солтүстік өңірлерге көшуге қызығушылық танытты.
Басқарма басшылары жәрмеңкемен шектеліп қалмақ емес. Алдағы уақытта қаланың шеткі аймақтарына арнайы керуен ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Балмаржан Полатқызының айтуынша, мұндағы мақсат – шалғай елдімекендердің жастарына мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндіру. Жастар орталығымен бірге ұйымдастырылатын іс-шара аясында бос жұмыс орындары, гранттар, мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен таныстырылмақ.
Айта кету керек, жыл басынан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 18 мыңнан астам шымкенттік жұмыспен қамту шараларына қатысты. Оның ішінде 2384 жас – «Жастар практикасымен», ал 102-і «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен жұмысқа жолданған.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.