Ел назары – ескі қалашықта Избранное

Среда, 29 Сентябрь 2021 05:49 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1146 раз

Шымшаһардағы ескі қалашық тарихи кешенінде еліміздің 8 өңірінен келген және шет елдің туристік сала өкілдері бас қосты. 27 қыркүйек – дүниежүзілік туризм күніне орайластырылған «Shymkent 2200: Туристік креативті қала бейнесі» форум-көрмесінің бірінші бөлімі «Қазақ ауылынан» басталды.

863

 

Шымкент – тарихы бай, келешегі жарқын қала, сондықтан мұнда әрқашан да баруға және көруге тұрарлық орындар жетерлік. Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов алдымен келген делагаттарға Ескі қалашық тарихи кешенін таныстырды. Іс-шарада сөз алған Мақсұт Пернебайұлы мегаполистің туристік әлеуеті мен оның перспективалық дамуына тоқталып, «Цитадель» қалашығы болашақта туристер мен қала тұрғындарының қызықты орындарының біріне айналатынын айтты.
– Шымкент – туристік әлеуеті жоғары еліміздегі өзінің тарихи өзегін сақтап қалған бірегей қала. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы
Н.Назарбаев өз Жолдауында атап өткендей, әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған туризм саласы кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады. «Шымкент 2200: туристік креативті қала бейнесі» іс-шарасы туристік индустрияны дамытудың бәсекеге қабілетті және табысты жобаларын анықтауға және өзара табысты ынтымақтастық орнатуға таптырмас алаң болады деп сенемін», - деді Мақсұт Пернебайұлы.

861


Қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен және мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен өткен форум-көрмеге қатысушыларды мұнан соң «Қазақ ауылы» кешенінде театрландырылған қойылымдарымен қарсы алды. Мұнда келген әрбір жан тіршілігі қайнаған ауылға тап келгендей әсер қалдырды. Қауын-қарбыз сатқан ағайын мен құмырашылардың жарнамасынан құлақ тұнады. Бабалар тарихынан сыр шертетін ұлттық бұйымдар көздің жауын алады. Сауық-сайран құрған қыз-жігіттер де осы маңнан табылады. Қолөнершілер мен суретшілердің туындыларымен танысып, жергілікті ас үй тағамдарынан дәм татты. Ал аспаздар қонақтарға самсаның пісіру жолын көрсетті. Шетелдік турист Рохан Рисюзан саяхаттан алған әсерімен бөлісті.
– Шырайлы Шымшаһарға бірінші сапарым.
Қазақстанға қаңтар айында қоныс аудардым. Осындай тамаша мүмкіндіктің арқасында қаланы көру бұйырыпты. Қала халқы қонақжай екен. Тамақтары, саябақтары ұнады. Ал Ескі қалашық осы шаһардың тарихынан сыр шертіп тұрғандай. Әрине, бәрі керемет ұйымдастырылған. Осындай форумдар арқылы қалаға келетін туристер саны артады деген ойдамын. Расында, көпшілік мұндай елдің барын білгенімен, Шымкент қаласының барынан бейхабар. Ерекше жобалармен қаланың иммиджін қалыптастыру керек деп есептеймін. Туристерді қаланың тарихымен қатар, ондағы ерекше жерлер қызықтырады, - дейді аустралиялық қонақ.

862


Бұдан бөлек, іс-шараға қатысушылар Сайрам тұрғын алабындағы Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелері, Бәйдібек би ескерткіші, «Қазына» этно-кешені, Жайлаукөл саябағы, А.Асқаров атындағы дендросаябаққа және Арбат алаңындағы «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ақпараттық дүңгіршегі сынды біршама нысандарын аралады.