#25 ШЫМКЕНТ – ЖАСТАРДЫҢ ҚАЛАСЫ Избранное

Пятница, 08 Октябрь 2021 03:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 352 раз

Қай кезді алып қарасақ та қоғамның қозғаушы күші – жастар. Ал жастар саясаты тәуелсіз Қазақ елінің басты басымдықтарының бірі. Рас, еліміз егемендіктің елең-алаң шағынан бастап жастар саясатын мемлекеттің басым бағыты ретінде белгілеген. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты саясатының арқасында жастардың дамуы мен әлеуетін жүзеге асыруына берік негіз қаланды. Тәуелсіздік алған отыз жылда барлық санаттағы жастардың мүддесін қорғайтын қандай шаруалар атқарылды?!

933

 

Елбасының бастамасымен тәуелсіздік жылдарында жастар мәселесі жүйелі түрде шешіліп келді, оның жалғасы ретінде 2019 жыл «Жастар жылы» деп аталып өтті. Таяуда Қасым-Жомарт Тоқаев жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеуді тапсырды. Былтыр Волонтер жылын абыроймен атқарып шықтық. Президенттің кадрлық резерві жасақталды. Биыл жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Осының өзі кейінгі кезде жастарды қолдауға ерекше назар аударыла бастағанын аңғартса керек.
Жас тәуелсіз мемлекет үшін жастар саясатын қалыптастыру маңызды мәселелердің бірі еді. Жас мамандарды даярлау, оларды оқытатын ұлттық мектептер мен ЖОО ашу, жастарға әлеуметтік жағынан көмек көрсету, олардың рухани-мәдени құндылықтарын байыту мемлекеттің маңызды саясатының біріне айналды.
Қазақстанда жастар саясатын басқару саласында әр түрлі тәсілдер қолданылды. 1991 жылы Жастар істері, дене шынықтыру және спорт жөніндегі комитет құрылды. Кейіннен сол Комитет Қазақстан Республикасының Жастар істері жөніндегі мемлекеттік комитеті болып қайта құрылды. Жергілікті жерлерде, барлық облыстарда, көптеген қалалар мен аудандарда Жастар істері жөніндегі комитеттер құрылды. Бірқатары басқа мемлекеттік құрылымдармен біріктірілді немесе әкімшіліктердің құрамына кірді. 1991 жылдың маусымында алғашқылардың бірі болып «Қазақ ССР-індегі мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң қабылданды. 1993 жылы Жастар істері жөніндегі мемлекеттік комитет пен туризм, дене шынықтыру және спорт министрлігі таратылып, олардың орнына бірыңғай орган құрылды. Бұл жаңа құрылған Қазақстан Республикасының Жастар істері, туризм және спорт министрлігі еді.
Еліміз тәуелсіздік алған тұстан бастап, «Жастар саясаты» туралы Заң бірнеше мәрте қабылданды. 1991, 1996, 2002, 2004 жылдар ішінде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жаңартылып отырды. 2015 жылдың ақпан айында «мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң қабылданды. Осының нәтижесінде жастарды өз ұйымдарының, консультативтік-кеңесші органдардың және олардың өзін-өзі басқару органдарының қызметіне білім беру жүйесі мен еңбек ұжымдарына тарту заң жүзінде бекітілді.
Жастардың санасындағы «құндылықтар» ұғымын дұрыс қалыптастыру елдің болашағын айқындайтын факторлардың қатарына жатады. Адамзат өркениетінің бүгіні мен болашағы көп жағдайда жастардың әлеуметтік белсенділігіне қатысты болатыны даусыз. Сондықтан жастардың жетілуінің сапалық деңгейі де, оларға деген жаңа көзқарастың қалыптасуы да үш бірдей фактордың – жастар белсенділігі қалыптасуының әлеуметтік-мәдени алғышарттары мен жастар саясаты, оның мәдени бетбұрыстарының жиынтығынан және қазіргі кездегі жастардың белсенділігінің әлеуметтік-мәдени болмысына тәуелді болуымен байланыстырылады.
Елімізде жастарға мемлекет тарапынан ұдайы жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Сондықтан болар, Елбасының үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамытуды көздейтіні бекер емес. Жыл сайынғы дәстүрлі жолдауларында жастар саясатын жетілдіруге бағытталған жүйелі тапсырмалар беріп отыратыны белгілі, өйткені жастар қашан да қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Мәселен, жас мамандарды ауылға тарту мақсатындағы «Дипломмен ауылға», экономикалық және жұмыспен қаму бағытындағы «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», білім беру саласындағы қосымша гранттар және шетелде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» халықаралық стипендиясы, «Жас отбасы», «7-20-25» бағдарламасы аясында баспаналы болудың мүмкіндіктері, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бағытындағы бағдарламалардың барлығы еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, бұл қатарға 2014 жылы іске қосылған «Серпін» бағдарламасын айтып өту де орынды болмақ. Бағдарламаның мақсаты – еліміздің оңтүстігіндегі жастарды мамандар тапшылығын көріп отырған солтүстік, шығыс, орталық өңірлерде оқытып, жұмысқа орналастыру. Бұл, бір жағынан, жастар арасындағы жұмыссыздықтың азаюына септігін тигізсе, екінші жағында – орыстанған аймақтарға қазақ жастарын жіберу арқылы өңірлерді қазақыландыру саясаты жатыр.

936


Әр өңірде жастардың маслихатына қабылданып, тіпті облыстық басқармаларды тізгіндеп келе жатқан жастар қатары да көбейе түсті. Оған басты себепкер болған – Елбасымыздың жастар саясаты бағытындағы бағдарламалары. Екінші бір мүмкіндік жастар ұйымдарының жұмыстары. Алдымен, бұл қатарға Елбасы төрағасы болып табылатын «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Жас Отан» жастар қанатын айтуға болады. 2013 жылы құрылған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, «Қазақстан жастары» қоғамдық ұйымы, ел бойынша мыңдаған студенттің басын біріктіретін «Қазақстан студенттері альянсы» РСҚ, «Жасыл ел» еңбек жасақ ұйымы, «Жастар» мәслихаты қоғамдық қорлары тағы басқаларын айтуға болады.
Жалпы, жастар дегеніміз кімдер? Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Олар – жоғары сынып оқушылары, студенттер, жұмысшылар, сонымен қатар NEET санатындағы азаматтар. Қазір
Қазақстанда 14 пен 29 жас аралығындағы 3,7 млн адам өмір сүреді. Бұл халықтың 20 пайызына пара-пар. Ал 35 жасқа дейінгі азаматтар саны 6,1 млн немесе 32,5 пайыз шығады. Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жете алады. Еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бастап, жастар мәселесін мемлекеттің басым бағыты ретінде белгілеп, жұмыс атқарып келеді. Қай уақытта да оның құндылығы жойылған емес.

934


– Азаттықтың ақ таңы атқан 30 жылда еліміздің барлық саласында даму қарқыны байқалады. Оң өсім жастардың саны мен жастар саясатын жүргізудегі көрсеткіштерден де айқын көрініс тауып жатыр. Биыл қаладағы үш ауданда жастар орталығының бөлімшелері ашылды. Биыл 900-дей жасқа жалдамалы баспана беру жоспарланған. Жұмыспен қамту мәселесі назардан тыс қалған емес. 2021 жылғы тамыз айының қорытындысы бойынша жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларына қамтылған жастар саны 7 269-ды құрады. Жастар ресурстық орталығы тарапынан қаладағы мекемелер мен кәсіпорындарда 100-ден астам бос жұмыс орынды анықтап, 84 пробация есебінде тұрған жас жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, «Жасыл ел» еңбек және студенттік құрылыс жасақтарының маусымдық жобасы аясында 1 200 жас шілде-қазан айлары аралығында уақытша жұмыспен қамтылды. Олар қаламыздың орталық көшелерінде абаттандыру, тазалау, қопару, жұмыстарын ұйымдастырып, сыртқы айналма жолдардың жағалауларын тазалау шараларын жүргізді. Жастар ұйымының көмегімен 2 325 жастың тізімі жасақталып, жұмыспен қамту шаралары, құқықтық кеңес беру, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, кәсіппен айналысып жүрген 12 жас арасында бизнес-жоба жасау барысында сүйемелдеу шаралары ұйымдастырылып, кәсіпкерлерге арналған 26 кездесу, 5 семинар-тренинг, 9 практикалық оқыту ұйымдастырылды. Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап «Жастардан жастарға ақпараттық керуен» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл қаламыздағы 15 шалғай аудан жастарын қамтып үлгерді. Жобаны ұйымдастыру барысында 6500 жас арасында мемлекеттік бағдарламаларды ақпараттандыру шаралары жүзеге асты. Кәсіпкерлікпен айналысып жүрген 11 жастың құжаттарын рәсімдеуге сүйемелдеу шаралары атқарылып, 65 жастың құжаттарын тұрғын үйге кезекке тіркеуге көмек көрсетілді және 48 жасқа бос жұмыс орындарына жолдама берілді. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда жұмыссыздықтың алдын алу бағытында ең ұтымды атқарылған шаралардың жемісі. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады, - дейді қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ерлан Айтбаев.
Ал қалалық «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Мағжан Исахов жуырда «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы Саяси кеңесі Бюросының кезекті отырысында «Жастар – Отанға!» бағдарламасы аясында жол картасы бекітілгенін жеткізді.

935


– Бүгінгі таңда жастар мәселесін шешуде алдымызда 5 негізгі жұмыс бағыты тұр. Бұл – азаматтық белсенділік, сапалы білім, лайықты жалақысы бар жұмыс, қолжетімді баспана және бос уақытты тиімді ұйымдастыру. Оның әрқайсысының тиянақты жүзеге асырылуы еліміздің әрбір жас азаматы үшін маңызды. Осы бағыттар аясында біз алдымызға жастардың өмір сүру сапасын арттыруға, өз қабілетін іске асыру әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін нақты міндеттер қойдық. Статистикаға жүгінсек, үшінші мегаполисте 239 443 жас бар. Оның 84 771-і жұмыс істесе, өзін-өзі жұмыспен қамтығандары – 23 602. Ал олардың 3,8 пайызы жұмыссыздар қатарында. Қазіргі таңда өзектісі баспанамен қамту және жұмыссыздық мәселесі болып тұр. Бұл бойынша 2021-2022 жылдар аралығында «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» бағдарламалары бойынша 4500 жасты оқытып, кемінде 2000 жобаға 200 АЕК көлемінде грант бөлу және «Бизнестің жол картасы» шеңберінде жыл сайын кемінде 100 жас кәсіпкерге жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік жасап, 2020-2025 жылдар аралығында 15 мыңға жуық жасты «Жастар практикасына» бағыттап, өзінің қабілетін ашуға мүмкіндік жасауды көздеп отырмыз. Ал тұрғын үй мәселесі бойынша 100 ерікті жастың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдарында қолжетімді баспана тетіктерін түсіндіруде ақпараттық-насихаттау жұмыстары ұйымдастырылуда. Және де жұмысшы жастарды ынталандыру үшін жыл сайын 900 пәтерден 3 жылда 2700 пәтер берілуін ықпал ету қаралып отыр, - дейді ол.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылы қаламызға келген іс-сапарында: «Шымкент – жастардың қаласы. Мұны ұмытпау қажет. Алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін білікті мамандар керек. Шымкент сондай мамандарды даярлайтын орталық ретінде қалыптасуы тиіс. Осыған орай, оқу орындарының мәртебесін арттырып, шетелдік білім ордасымен әріптестікті кеңейту қажет. Мектептің де деңгейін көтерген жөн. Оны жүзеге асыру үшін елдегі зияткерлік мектептердің тәжірибесіне сүйену қажет» деген болатын. Қорыта айтқанда Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары арқылы қазақ халқын өзге өркениетті елдермен салыстыра отырып, тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан өркениет ретінде қарастыруымыз керек деді. Ендеше, қазақ жастары төл тарихты жетік біліп қана қоймай, өркениетті ел қатарына қосылуға күш жұмсауы маңызды. Білім мен іскерлік, ұлттық рух пен жігер ғана оларды сол биікке жеткізеді. Шымкент – дарынды һәм жалынды жандардың мекені. Мағжан ақын жырлаған «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты», тәуекелшіл жастар барда тәуелсіз елдің тасы өрге домалай бермек.