Тәлкекке түскен тағдырлар Избранное

Пятница, 08 Октябрь 2021 04:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 362 раз

Бүгінгі бейбіт күніміз бен тыныш түніміздің кепілі — Тәуелсіздік. Бұл тақырып қозғалғанда, әуелі, сонау 1986 жылдың 17 желтоқсанындағы ызғарлы күні алаңға шығып, ұлт үшін бас көтерген жастардың ерлігі еске түседі.
Деректерге сүйенсек, Желтоқсан көтерілісіне 30 мыңнан аса қазақ жастары қатысқан. Құқық қорғау органдары барлығы 8515 адамды ұстап, 2400 адамды қамауға алған. Алматының түрмесі мен абақтыларында орын қалмаған соң, 5 мыңнан астам жасты қала сыртына апарып тастаса, 1722 адам түрлі дене жарақаттарын алыпты. Кейін 99 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бүгінгі мақаламызда оңтүстік тумалары, желтоқсан оқиғасының қаһармандары — Сәбит Исабеков, Ғалимат Шомаева туралы баяндамақпыз.

937

 

«Тегімді құрбан болғандар тізімінен көрдім»

— Түрмеде өткен 4 жыл емес, мені желтоқсаншылардың мәртебесі ойландырады, - деп бастады Сәбит Исабеков әңгімесін. — Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін оқуға түсу үшін Алматыға бардым. Алайда, сол жылы Чернобыль оқиғасы орын алып, әскерден кеш оралдық. Салдарына оқуға құжат тапсыру уақыты өтіп кетіп, құрылыста еңбек еттім. Сол кездегі көптеген қазақтың қыз-жігіттері сияқты жатақханада тұрдым. Орыс тілінде еркін сөйлей алғаным үшін жатақханада коменданттың көмекшісі, әрі комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлады. 16 желтоқсан күні құрылыста жүргенімізде жұмысшылар арасында «Қонаевты қызметінен босатып, орнына Колбинді әкеліпті» деген әңгіме тарады. Жатақханаға келгенімде бұл жаңалық жастар арасында қызу талқыланып жатыр екен. 17 желтоқсан күні кешкісін «Орталық комитеттің шешіміне қазақ жастары наразылық білдіріп, алаңға шығыпты» деген хабар келді. Автобуста да елдің аузында осы әңгіме. Жатақханада мені комсомол ұйымының хатшысы деп бөлмемнің алдына жастар жиналып қалыпты. Осыдан кейін жігіттер өзара ақылдаса келе, біз де алаңға барайық деп шештік. Таңертең жатақхананы құқық қорғау органының қызметкерлері қоршап алған екен. Екінші есіктен қашып шығып, алаңға қарай бет алдық...
Алаңға жақындаған кезде С.Исабеков үнпарақ ұстаған жастар легінің кері қашып жатқанын байқайды. Солдаттар ешбір аяушылық танытпай, қолдарындағы қаруларымен ұрып, соққыға жығады. Осы тұста жарақаттанып қалған бейтаныс қазақ қызын қорғап, сол таяқтың астына өзі де түседі. Қорғану үшін қолына шарбақтың бір тақтайын алып, қарсы шығады. Осы тұста басына арқа тұсынан тиген қатты соққыдан есін жоғалтып, құлап түсіпті.
— Көзімді ашсам, екі курсант сүйреп барады екен. Бір әскери адам орнымнан тұрғызды да, тағы екі соққы берді. Қандай милиция бөліміне апарғанын білмеймін. Тергеу басталды. Жанымдағылардың бірінің қолы сынған, бірінің басы жарылған. Халім мүшкіл болған соң, қалалық №2 ауруханаға алып кетті. Оянсам, басымдағы жарақатты тігіп жатыр екен. Алаңда жарақат алғандарды палаталарға он-оннан топтастырып, есігіне қарауыл қойып тастаған. Бетім бері қараған соң, жұмыс орнына денсаулығым жөнінде анықтама алып, 25-іне жұмысқа шығамын деп дайындалдым. Таңертең есіктің алдынан күтіп алған құқық қорғау органының адамдары қайта қамауға алды, - дейді Сәбит Исабеков өткен күндерді еске алып.

940


Тақтай ұстаған фото сотта айғақ ретінде қолданылып, С.Исабеков 4 жылға бас бостандығынан айырылады. Алдымен Маңғыстаудағы түрмеде отырған. Ондағы жиырма шақты желтоқсаншының ішінара бас қосуынан секем алған түрме басшылары әрқайсысын әр тарапқа бөліп жібереді.
— Кейін Атырау түрмесіне түстім. ҚР КСР қылмыстық кодексінің 60-65 баппен сотталған азаматтарға 2-15 жылдан ату жазасына дейінгі үкім шығарылатын. Қапастағы үшінші жылы мерзімім бітпей жатып табан астында бостандыққа шығарылдым. Ақтау туралы қаулыны 1991 жылы соттан барып алдым. Сол темір тордың арғы жағында жүріп тапқан ауруларымның зардабынан өкпемнің жартысын, бір бүйрегімді алдырдым, - дейді Сәбит Қалдыкөзұлы.
Бүгінде С.Исабеков «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Бұл ұйым Кеңес одағы тарамай тұрып, 1989 жылы Қ.Әбеновтің бастамасымен құрылыпты. 1990 жылдары желтоқсаншы азаматтар бас қосып, Алматыдағы Парламент үйінің алдында аштық жариялап
Т.Тәшенов, Ж.Тайжұмаев, Қ.Күзембаев есімді азаматтарды ақтап, абақтыдан босатуын талап етеді. 1991 жылдың 12 желтоқсанындағы ҚР Президентінің Жарлығымен бірқатар желтоқсаншылар ақтала бастайды.
— Желтоқсаншылардың мәселесіне қатысты М.Шахановпен кездескен кезде «Сәбит, балам, аман екенсің ғой» деп жағдай сұрасты. Кейіннен қарасам, қолыма берген қаза болғандар тізімі жазылған құжатта Ербол Сыпатаевтан кейін менің тегім тұр. Ол құжаттар қазір Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінде сақталған. Желтоқсаншылардың ақталуы, баспаналы болып, әлеуметтік статусын қалыптастыру үшін бірнеше мәрте аштық жарияладық. Кейін 2005 жылы «Желтоқсан» республикалық халықтық отаншылдық қозғалысы құрылып, Зиядин Исабеков, Аманжол Нәлібаев, Әлібек

938


Мұзаффаров есімді ағаларымыз тең төрағалық етті. Қазір Кенже Отарбаев басқарып отыр. Осы ұйым көп шаруаларды тындырды. Аштық жариялап жүріп, сотталған жігіттерді ақтап, түрмеден шығарып алуға қол жеткізді.

«Ата-анам менің күйігімнен дүние салды»

Тағдыр тәлкегіне түсіп, желтоқсанның ызғарына тоңған жанның бірі — Ғалимат Шомаева. Қазақ КСР Жоғарғы сотының қаулысымен 2 жылға бас бостандығынан айырылған өрімдей жас арудың өмірі түбегейлі өзгерді десек, қателеспейміз.
«Әр елге — өз көсемі» деген ұранмен алаңға шыққан қазақ жастарының үні Алматы бас киім фабрикасындағы тігінші қазақ қыздарының құлағына жетеді.
— 1986 жылдың 16 желтоқсаны болатын. Кешкісін фабрика басшысы Валентина Куклева ерекше көңіл-күймен «Билікке Колбин келді» деп қуана хабарлап, барлық машинканың жұмысын тоқтатты. Жұмыстан шығып, жатақханаға келсек, ғимарат толық қоршауға алынған екен. Сол кезде қазақ жастарының алаңға шығып жатқанын естіп, түннің ішінде Гүлнар Әбілқайырова, өскемендік марқұм Гүлвира
Танинова үшеуміз екінші этаждың терезесінен қашып түстік. Ол күні адам аз еді. Жұмыста да, көшеде де орыс тілін жетік білмегеніміз үшін жиі теперіш көруші едік. Қазақтар тек жұмысшы тап болатын. Осының бәрі бізді алаңға алып шыққан қозғаушы күш. Түн ортасында жатақханаға оралып, үнпарақтар дайындадық. 17 желтоқсан күні таңертең ерте алаңға бет алдық. Жол-жөнекей түнімен жазған парақшаларымызды тіс пастасымен жабыстырып кетіп отырдық. Күні бойы бірде қашып, бірде қарсы тұрып, бейбіт шеруді жалғастыра бердік. Қыздарды шашынан сүйреп, ұрып-соғып, тепкілеп жатты. Кешқұрым құлақ тұсынан тиген соққыдан басым қан болды. Түнделетіп жатақханаға жетіп, жарақатымызды таңған болдық, -дейді Ғалимат Әбенқызы көзіне жас алып.
Ауыр соққыдан құлақ пернесі жарылған Ғалимат Шомаева 18 желтоқсан күні алаңға да, жұмысқа да шыға алмай жатақханада қалады. 19 желтоқсан күні түсініктеме жазып, онда алаңда алған жарақатына орай жұмысқа келе алмағанын көрсетеді. Түсініктемені беруі мұң екен, Қауіпсіздік қызметінің өкілдері фабрикадағы қыздарды біртіндеп тұтқындай бастайды.
— Біздің жол-жөнекей жабыстырып кеткен қағаздарымызды көрсетіп, тергеуге алды. Тергеу изоляторында 3 айдай сүйреледі. Кінәмізді мойындағанға дейін ұрып-соғып қинады. Ас-суымызға психотроптық дәрілер қосқанын кейін денсаулығымызға кері әсерін тигізгенде бірақ білдік. Ата-анамызбен, бауырларымызбен мүлде кездесе алмадық. Сөйтіп, Алматы бас киім фабрикасынан Желтоқсан көтерілісіне қатысқан 5 қыз 60-65 баппен сотталып кете бардық. Үкім шыққан соң, біраз уақыт Қаскелеңдегі әйелдер колониясында болдық. Шамамен 3-4 айдан соң, «жазаны шартты түрде өтейсіңдер» деп бас киім фабрикасына күндіз жұмысқа жіберіп отырды, - дейді Ғалимат Әбенқызы.

939


Жазасын толық өтеп, бостандыққа шыққан соң, Ғалимат Әбенқызы қатты күйзеліске түскен. Екі жыл бойы туған-туыстарымен кездесе алмауы да қайсар мінезді қазақ қызын морт сындырады. Басынан алған жарақаты да денсаулығына әсер еткен. Елге оралғанда, ата-анасы мен бауырларынан басқасы сотталғаны үшін саусақ шошайтып көрсетіп, бұрыш-бұрышта әңгіме таратқан.
— Марқұм әкем Әбен мен анам Тұрсынтай менің күйігімнен дүние салды. Алыс-жақын туыстарымыз сырт айналып, олардың «өсірген перзенті бұзақы, сотталған» деген ауыр жаласын жүрекпен қабылдап, қиын күндерді басынан өткерген-ді. Мен де жан-жақты қысымнан күйзеліске түсіп, 1995 жылға дейін тұрмысқа да шықпадым. Басымнан алған соққы, тағдырымдағы ауыр сынақтың салдары тұңғышымды дүниеге әкелгенде қатты білінді. 1996 жылы күйзелістен шақалақ сәбиімнен безіп, басым ауған жаққа кетіп қалып жүрдім. Тұрлығұл көкем мен жеңгем
Бәтиха, әпкем Ләззат пен жездем Мадияр, жолдасым Қасымбек пен енемнің арқасында қайта өмірге оралдым, – деп Ғалимат Әбенқызы көзіне жас алды.
Қаршадай қазақ қызы өзін ақтау туралы құжатқа 2002 жылы қол жеткізген. Яғни, бұл құжатқа қол жеткізу үшін өмірінің тағы 16 жылын сарп етуге тура келген. Ғалимат Шомаева — бүгінде 1 ұл, 1 қыз өсіріп отырған қайсар ана.

P.S.

Әр желтоқсаншының өмірі – жеке фильмге сұранып тұрған тарих. Десек те, олар үшін танымалдылық маңызды емес. Олар – әрқашан елдің бірлігі мен ынтымағын, тұрақтылыққа негізделген тәуелсіздігін құрметтеп жүрген жандар. Елі үшін алаңға шығып, тағдырдың түрлі қиындықтарын көрген қаһармандардың тілегі «желтоқсаншыларға құқықтық мәртебе беріліп, әлеуметтік жеңілдіктер жасалса» дегенге саяды. Болашақта елі үшін ерлік көрсеткен жандардың тілегі орындалып, желтоқсаншыларға деген әрбір қазақстандықтың құрметі артарына сенім мол.