Жаңа құбырлар апатты жағдайды азайтады Избранное

Пятница, 08 Октябрь 2021 04:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 521 раз

Шымкентте құрылыс жұмыстары ауқымды. Үлкен ғимараттар, әлеуметтік нысандармен қоса инфрақұрылым желілері де тартылып, коммуналдық шаруашылық пысықталуда. Жуырда қала маңындағы магистральді су құбыры құрылысына пресс-тур ұйымдастырылып, БАҚ өкілдері желі тарту жұмысымен танысты.

942

 

Мұндағы мақсат – ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті және «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналды мекемесі жүзеге асырып жатқан инвестициялық бағдарламаның нәтижелерін тұтынушыларға таныстыру.
Жауапты мамандардың айтуынша, инвестициялық бағдарламаның тиімділігі көп. Соның нәтижесінде тозған су құбырлары ауыстырылып, су шығыны мен апатты жағдайлар азайған.
– 2016-2020 жылдар аралығындағы инвестициялық бағдарламаның қаражаты 1 млрд 138 млн теңгені құрап отыр. Бүгінге дейін жалпы ұзындығы 250 шақырымға жуық су құбыры мен кәріз жүйесі жаңартылды. Бес жыл мерзімде су құбыры жүйесінің негізгі құралдарының тозуы 14 пайыздан 11 пайызға, судың нормативтік-техникалық шығыны 12 пайыздан 9 пайызға кеміді. Су жүйелеріндегі апатты жағдай 500-ден 300-ге дейін төмендеді. Енді 2021-2025 жылдар аралығында жаңадан бес жылдық инвестициялық бағдарлама бекітіліп отыр. Оған 750 млн теңге қаралды. Биылға 309 млн теңге тиесілі, – дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айсұлу Әлібекова.

943


Бүгінде қаланың солтүстік бөлігіндегі магистральді суаққының құрылысын үш мердігер атқаруда. Жұмыстар аяқталып, құбырлар пайдалануға тапсырылғанда ондаған елді мекенге су жіберіледі. Атап айтқанда Ынтымақ – 2, Солтүстік саяжай, Батыс, Асар – 2, Достық, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Тәуелсіздікке – 20 жыл және Көкбұлақ елді мекендерінің тұрғындары сапалы тіршілік нәріне қол жеткізбек.
– Инвестициялық бағдарлама аясында елеулі жұмыстар атқарылуда. Мысалы, бүгінге дейін Достық шағынауданында 48 шақырымның құбыры жаңасына ауыстырылды. Азат, Ақжайық елді мекендерінде де құбырлар жаңартылуда. Үш мердігер жұмысын 90 пайызға аяқтап қалды. Соның нәтижесінде судың қысымы жоғарылып, апатты жағдайлар азаяды, – дейді «Су құбыры және канализация басқармасы» мекемесінің директоры
Нұрғали Қосмұратов.
Бүгінде кәсіпорын балансында жалпы ұзындығы 3 135 шақырым су құбыры және 398,5 шақырым кәріз желісі бар. Қала аумағы өсіп, халық саны артқан сайын сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің де көлемі өсіп келеді.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.