#27 ЖАҢА АУДАНДАР ШЫМКЕНТТІҢ ЕКІНШІ ТЫНЫСЫН АШТЫ Избранное

Среда, 20 Октябрь 2021 04:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1272 раз

Шымкентке еліміздің үшінші мегаполисі мәртебесін беру туралы мәселе көтерілгенде қаланы солтүстік-батыс бөлігіне қарай дамыту жоспары қаралған еді. Шаһардағы демографиялық көрсеткіштің жылдан-жылға қарқынды өсіп жатқанын ескерсек, тағы да жаңа аудандар салу қажеттілігі осыдан туындайды. Нәтижесінде «Shymkent City»,
«Тұран» жобалары іске асып, қазір мұнда құрылыс жұмыстары қызу жүруде. Жаңа аудандар тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде дамудың жаңа деңгейіне көтерілген қаланың заманауи келбетін қалыптасыруда іске асырылған басты жобалардың бірі ретінде ел есінде қалары сөзсіз.

103

 

Иә, Шымкент – тоғыз жолдың торабында орналасқан, екі мың жылдан аса тарихы мен мәдениеті қалыптасқан, әлеуметтік-экономикалық дамуы жолға қойылған, кәсіпкерлік-іскерлік қарым-қатынастар мен келісімдер орнататын еліміздегі ең ірі орталық.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Шымкент үшін де оңай тимегені анық. Дегенмен, сол жылдары қалада мемлекеттік тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы бойынша Нұрсәт шағынауданы бой көтерді. Бүгінде бұл аумақта әкімшілік-іскерлік нысандары орналасып, шағынаудан күннен күнге өсіп келеді. Ал біздің айтпағымыз – үшінші мегаполистегі басты жобалар туралы болмақ. Соның бірі – «Shymkent City» – қала құрылысы мен сәулеті жағынан ерекшеленетін, заманауи инфрақұрылымымен, тұрмыста, бизнесті бастауда қолайлы жағдайымен көз тартатын жоба.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мегаполистер туралы «Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауынша, ғасыр ортасында қалаларда тұратын халықтың саны 7 млрд адамға жететін болады.
Бұған қоса, ірі агломерацияларға халықтың гипершоғырлануы орын алады. Мегаполистер дәуірі туады және олардың арасында бәсекелестік болады. Инвестиция, үздік ақыл-ой, технолиялар үшін күрес жүріп, оларға барлық жағдай жасалады. Экономика үшін идея мен білім маңызды. Егер бізде, бұрынырақта миллион тұрғыны бар бір ғана қала – Алматы болса, ендігі уақытта Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары қосылды. Яғни үш қала болды. Бұл процесс жалғаса беретін болады» дегені бар еді.
Рас, қазір Қазақстан агломерацияны дамыту стратегиясын жүзеге асыра бастады. Сондай ірі жобаның бірегейі Шымкентте жүріп жатыр.
Қала аумағындағы маңызды жобаның дамуы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 3 қыркүйектегі №1134 қаулысымен бекітілген бас жоспарға сәйкес жүзеге асырылды. Бас жоба бойынша Шымкент қаласының құрамына жалпы саны 108 мың адамды құрайтын 39 елдімекен енгізілді. 2025 жылға дейінгі жоба бойынша қаланың аумағы 40 мың гектардан 117 мың гектарға ұлғайып, халық санын 1 миллион 200 мыңға жеткізу қарастырылды.
Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Архабаев қаланың бас жоспарына сәйкес қала аумағында көп қабатты үйлер жоспарланған аумақтар ретінде «Shymkent City» және «Тұран» тұрғын үй алабтары таңдалғанын айтады.

104


– Қазір мегаполисті солтүстік-шығыс бөлікке қарай дамыту ісі жүріп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әкімдіктің тұрақты назарында тұр. Қазір Тұранда 700 гектарды құрайтын үйлер аумағына инфрақұрылым жүйелерінің жобалары жасақталды. Инженерлік жүйелер мен көп қабатты үйлердің құрылысы салынып, игерілуде. Атап айтқанда, үйлер аумағы 3815 мың шаршы метрді, көп қабатты үйлер аумағы 910,4 мың шаршы метрді құрайды. Ал мектептердегі орын саны – 6720 және балабақшалардағы орын саны – 10 800. Жалпы, бұл аудан 140 мыңға жуық тұрғынды қамтитын болады. Мұнда 9 мектеп, 21 бала-бақша, 4 емхана, көп қабатты үйлер мен бизнес орталықтардың ғимараттарын салу жоспарланып отыр, – дейді басқарма басшысы.
Ал қаланың солтүстік-батыс бөлігіндегі «Shymkent City» тұрғын үй алабы 427 гектар аумақты алып жатыр. Яғни, бұл – шағын қалашықтың жобасы. Алып шаһардың бұл бөлігі 70 мыңға таяу тұрғынды қамтиды деп жоспарланған. Сондай-ақ, мұнда 7 мектеп, 21 балабақша, 2 емхана және көп қабатты үйлер мен бизнес орталықтардың ғимараттары салынады. Қалашықта биіктігі 18 қабатқа дейінгі үйлер бой көтереді. Заманауи үлгідегі мектептер, спорт кешені, ойын-сауық орталықтары және де әлеуметтік нысандар салынады. Баспаналар құрылысының орталығында көлемі 47 гектар саябақ орналаспақ. Ол көлемі жағынан шаһардағы дендросаябақтан кейінгі екінші үлкен парк болмақ.
Заманауи үлгіде салынатын «Shymkent City» аумағында жанға жайлы қажеттіліктің бәрі қарастырылады. Ең басты мақсат – шаһар тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау. Жобаның ішінде ауданы 24 га болатын бизнес-орталықтың құрылысын салу да көзделген.
Қазіргі таңда «Shymkent City» тұрғын үй алабының 74 га аумағында 10 жеке мердігер (инвестор) тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстарын атқаруда. Олар: «High Vill Kazakhstan» ЖШС (8,8 га), «Отау строй» ЖШС (8,8), «ABD EDUC» ЖШС (2,9), «QAZAQ stroy» ЖШС (2,26 га), «Оңтүстік құрылыссервис» ЖШС (2,13), «Orda Invest» ЖШС (1,76 га), PRIME PARK (22,1 га), «Отау строй» ЖШС (13,5 га), ASTER AVTO (6,6 га) және «Capital Constraction» (5 га). Бүгінгі таңда аумаққа инфрақұрылым жүргізіліп, құрылыс нысандары игерілуде. Мердігер компаниялардың бірі – «Отау Строй» ЖШС жобасы бойынша бүгінде жаңа қалашықта француз сәулеті стилінде 16 қабатты үйлер бой көтеруде. Баспана кешені аумағында заманауи спорт алаңдары, автотұрақ бар. «Отау Строй» компаниясының бас инженері Абжат Акимовтың айтуынша, қалашықта 360 пәтерлі үйдің негізгі бөліктерінің құрылысы аяқталған.
427 гектар аумақтағы «Shymkent City» шағынауданы 12 орамға бөлінген. Соның ішінде мемлекет қаржысы есебінен 24,5 га құрайтын 1-орамда жалпы құны 27 млрд теңгеге 43 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 39-ы – көп қабатты үйлер. Бүгінгі таңда қалашықта 25 нысан пайдалануға берілген, көп қабатты 23 үйдегі 1290 пәтерге тұрғындар қоныстанды.
Егер болашақта халық саны еселеп артатынын ескерсек, қалада көлікпен жүріп тұру айтарлықтай мәселеге айналары сөзсіз. Сондықтан жаңа қалашықта автотұрақтар жеткілікті болуы тиіс. Жергілікті билік жобаны қолға аларда бұл мәселені назардан тыс қалдырған жоқ. Шаһарда көлік кептелісін болдырмаудың жолдары қарастырылды. Жоспар бойынша «Shymkent City» кешенінде 6 762 орынға шақталған автұрақ салынады. Сондай-ақ, қалашықта 4,3 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 13,8 шақырымды құрайтын 7 көшенің құрылысы аяқталмақ.

Р.ҚОНАРБЕКҚЫЗЫ

P.S.

Расында, елдегі үшінші мегаполис саналатын Шымкент – 2200 жылдан астам тарихы бар Қазақстанның ең көне қаласы. Бұл фактіні археологтардың өзі растаған. Қысы жылы, жазы ыстық және ұзақ болатын Қазақстанның ең шырайлы өңірі. Бір ерекшелігі, мұнда жылына 300 күнге дейін күншуақты ауа райы сақталады. Елде көшелерінің ұзындығы бойынша абсолюттік рекорд орнатқан Шымкент екен. Мегаполистегі көшелердің жалпы ұзындығы 2100 шақырымды құрайды. Олардың көпшілігі қазақ батырлары мен мәдениет қайраткерлерінің және ғалымдардың есімімен аталған. Жалпы, жаңа жобалар мегаполистің екінші бір тынысын ашуда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.