«Голландық синдромнан» арылатын кез келді Избранное

Среда, 20 Октябрь 2021 04:31 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 386 раз

Шымкенттік ғалым, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Марат Сейдахметов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында соңғы он жылда өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түскен деген сөзіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл ақшалай табыстың асып түскенін білдірмейді. Мұнда мәселе даму қарқыны жайлы болып тұр. Мәселен, тау-кен өндірісінде 10 млрд доллар пайда алынса, өңдеу өнеркәсібінде бұл сома анағұрлым аздау болуы мүмкін. Бірақ, табысты еселеуге ұмтылыс жағынан өңдеу өнеркәсібінде өсім жоғары. Дегенмен, маманның пікірінше, бүгінгі экономикалық жағдайда дайын тауарлар өндірісі шикізат табысынан асып түседі деу әлі тым ерте.

108

 

М.Сейдахметов Президенттің «...Инфляцияның бақылаусыз өсу проблемасымен бетпе-бет келдік. Үкімет пен Ұлттық банк бәрін әлемдік үрдіске жауып,
инфляцияның алдында қауқарсыздық танытып отыр» деген сөзін баяндап берді.
– Мемлекет басшысы елде инфляцияның жоғары екенін көрсетіп отыр. Шынымен де ақша құнсызданып барады. Негізі, мұнай бағасы өссе, бензин арзандау керек. Бірақ, бізде ол төмендемейді. Азық-түліктің бағасы да шарықтап кетті. Инфляцияның дәлізі болу керек. Үкімет сол дәлізден асырмауға күш салуы қажет. Әлбетте бағаны нарық реттейді. Нарықтағы қымбатшылыққа көп жайттар әсер етеді. Мәселен, оған су тапшылығын, жердің құнарсыздануын жатқызуға болады. Бұрын мұнайды 30-40 метрден шығарса, қазір 5-10 шақырымнан бұрғылап алады. Дегенмен бағаны қолдан өсірген мысалдар да жетерлік.
Айталық, бүгінде дизельді отынның бағасы литріне 300 теңгеге дейін көтерілді. Бұл жағармайды мұнай өңдеу зауыты 90 теңгеден шығарамыз десе, ортадағы делдалдар үстіне көп қосып жіберіп жатыр. Ал оның кесірін қарапайым жұрт тартып отыр. Мемлекет бірінші кезекте осы мәселеге назар аударуы қажет. Қазақстанның экономикалық күші — орта тап. Оған айлық жалақыға күн көретін, бірақ соған қарамай қор жинайтын адамдар кіреді. Ол да қоғамның бір сатысы. Шағын және орта бизнес өкілдері де орта тапқа жатады. Бірақ, өкінішке қарай, бізде орта таптың тұтыну кәрзеңкесі негізінен азық-түлікке кетіп жатыр. Оның бірден-бір себебі – адамдардың көпшілігінің бас-басында бірнеше несиесі бар. Сондықтан артық ашқа жинауға ешқандай мүмкіндік болмай жатыр. Негізінде қоғамда орта тап халықтың 70-80 пайызын құрауы тиіс. Тым кедей және тым бай адамдар саны аз болуы керек, – дейді М.Сейдахметов.
Маманның сөзінше, Қазақстандағы экономиканың әлсіз болуына мұнайдан түскен табысқа көбірек арқа сүйеп кету себеп көрінеді. Кезінде Голландияда жұрт тек қызғалдақ өсіріп, табыс тапқан. Ол, керек болса, мемлекеттің ең негізгі күнкөріс көзіне айналды. Бірақ күндердің күнінде ешкім қызғалдақтарын алмай қойып, жағдайлары күрт төмендеді. Содан голландықтар бір табысқа сүйенуге болмайтынын түсініп, экономиканы әртараптандыруға көшкен. Экономика тілінде мұндай жағдай «Голландық синдром» деп аталады. Сондықтан М.Сейдахметов шикізат пайдасына сеніп отыра беруден тезірек арылу керегін айтады. Оның пікірінше, қиындықты көп көрген халықтың экономикасы мықты болады. Мәселен, уақытында жеуге тамақ таппайтын қара қытайлар қазір алпауыт елге айналды.
Сол секілді АҚШ кассеталық бомбалармен атқылап, елін жермен жексен еткен вьетнамдықтар Ресейге инвестиция құйып отыр. Маман баяндағандай, қазақтар да көп қиналған халықтың бірі. Бірақ төтеннен келіп, науадай құйылған мұнай табысы өндіріс саласын дамытуға қолбайлаушылық жасады. Сонымен бірге маман ұлттық экономикада протекционизм саясатын күшейтуге тиіспіз дейді. Бұл отандық және шетелдік бірдей тауардың ішінде отандық өнімнің нарықта көбірек сатылуына жағдай жасау деген сөз. Ол салықтық реттеулер арқылы жүзеге асады екен. Сол үшін мемлекетте әрдайым отандық өнім шетелдік баламасына қарағанда арзан болуы қажет.