#28 Спорттық нысандар – Тәуелсіздіктің толағай табысы Избранное

Пятница, 22 Октябрь 2021 04:10 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1708 раз

Егемендігімізді алып еңселі ел болғалы бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамыту жолында бүгінге дейін толағай табыстарға ие болдық. Спорттың материалдық-техникалық базасын нығайту, спортшыларды дайындау саласын арттыру алдымыздағы басты міндетке айналды. Осы орайда үшінші мегаполисте түрлі спорт кешендері бой көтеріп, ұлт денсаулығының келешегі үшін түрлі жарыстар ұйымдастырылып, бұқаралық спорттың мәртебесі күн санап өсіп келеді.

125

 

Шымкент халқы салауатты өмір салтын берік ұстанады. Қаланың тәуелсіздік тарихында ашылған ең алғашқы спорт нысаны – орталық су спорты кешені. Жаңа технологиялармен жабдықталған кешен халықаралық стандартқа сай. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне сүйенсек, бассейн 2012 жылы жаздың алғашқы күнінен бастап суда жүзуге ниет білдірген жандарға есік ашты. Содан бері бассейннен адам қарасы үзілген емес. Жүзу спорты да негізгі олимпиада ойындарының бағдарламасында медальдар санының көптігі жөнінен спорт түрінің қатарына жатады. Мегаполисте ауа райының жайлылығына байланысты жүзу спортын дамытуға толық мүмкіндік бар. Бірақ 90-шы жылдары бәсеңдеп қалған спорт түрінің мүшкіл жағдайын ескере келе әкімдік заманауи кешен салу керектігін шешті. Жаңа бассейн 50 метрлік стандартқа сай спорт кешені болып саналады. Орталық су спорты кешенін салуға 800 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бүгінгі таңда жастардың су спортымен айналысуға құлшынысы өте үлкен. Осылайша, тәуелсіздік жылдарында бұрын соңды болмаған спорт нысандары бой көтерді. Ал су спорт кешеніне 2014 жылдың өзінде 85 мыңнан астам адам бас сұғыпты. 8 жолақты бассейн бір мезетте 120 адамға дейін қабылдай алады. Қарапайым жандармен бірге кәсіби спортшылар да жаттығуларын осы бассейнде өткізеді. Өз кезегінде суды тазарту қондырғылары Германиядан алынған. Ол дегеніміз 12 құмды тазалау қондырғысы. Яғни су құм арқылы өтіп тазаланады. Қондырғы 24 сағат бойы жұмыс істеп тұрады. Сонымен бірге кешенде арнайы зертхана бар. Зертханашы мамандар судың тұнықтығын, исін, жылылығын тексеріп отырады. Ал хлор қоспасының мөлшері әр екі-үш сағат сайын бақыланып тұрады.

126


Ресми дерекке көз жүгіртсек, 1991 жылы Шымкент қаласында 337 спорт нысаны болса, 2021 жылы олардың саны 882-ге жетті. Оның ішінде
Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион, Локомотив, Биік стадиондары бар. Бұған қосымша «Мұз сарайы» деп аталатын бір спорт сарайын, «Базарқақпа» құрама командалардың оқу-жаттығу орталығын, 6 спорттық құрылғылар кешенін, 12 спорт нысанын, 32 спорттық манежді, 1 ескек есу базасын, 5 тир, 1 ату алаңын, 1 хоккей кортын, 1 ипподром, 9 бассейн мен 258 спорт залды атап өтуге болады. 1991 жылы 4 спорт мекемесі жұмыс істесе, қазіргі таңда олар 31 мекемеге толысты. Тоқсаныншы жылдары бұқаралық спортпен шұғылданушылар 20 мың адамнан әрең асатын. Бүгінгі таңда олардың саны 300 мыңнан асып жығылады. 2018 жылы бұл көрсеткіш 265 мың адам болған екен. Қарап отырсақ 3 жыл ішінде бұқаралық спортпен айныласатындар саны 100 мыңға жуық адамға өскен. Бұл елімізде спорт саласын дамытуға Үкімет тарапынан жеткілікті деңгейде көңіл бөлініп жатқандығын және жергілікті атқарушы биліктің бұқаралық спортты өркендетуге көп күш салғандығын көруге болады. Әлбетте спорт даму үшін оған қажетті көлемде инфрақұрылымдық жүйелердің болуы шарт. Осы талапқа сай мегаполисте соңғы он жыл ішінде көптеген спорттық нысандар бой көтерді. Қазіргі таңда көпқабатты үйлердің аулаларында жастар жаттығатын ашық алаңдар көптеп салынып жатыр. Әрбір тұрғын алабы мен шағынаудандарда жабық спорт кешендері жұмыс істейді. Олардың есігі келушілерге әрдайым ашық. Онда қала жастары, тіпті үлкендер де жұмыстан кейін немесе демалыс күндері қол бос уақытта барып, топ-топқа бөлініп футбол, волейбол және спорттық басқа да түрлері бойынша ойындар ойнап, жаттыға алады. Мұндай шағын спорт кешендерінде барлық жағдай қарастырылған. Төбесі жабық спорт нысанында жуынатын, киім ауыстыратын, демалатын бөлмелер бар. Қысқасы келіп доп ойнап, достармен көңіл көтеріп, денсаулықты жақсартып қайтуға барлық жағдай жасалған. Осының барлығы да тәуелсіздіктің бізге берген жемісінің арқасы. Себебі экономикалық өрлеудің нәтижесінде елімізде белгілі бір дәрежеде ауқатты кісілер, қалталы азаматтар пайда болды. Олар қоғамда отандық бизнес саласының белді өкілдері саналады. Сондай кәсіпкерлердің арасында спортқа жаны ашып, мемлекеттік қолдаудың арқасында түрлі спорт нысандарын ашқан азаматтар жетерлік.
Сондықтан мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті тиімді пайдалану нәтижесінде тәуелсіздік жылдарында мегаполисте спорттық нысандар саны артты. Бұдан бөлек бүгінгі таңда жан басына қаржыландыру бағдарламасы аясында жергілікті әкімдік кәсіпкерлерге спорт кешендерін салуға ұсыныс тастап отыр. Егемендік тұсында бой көтерген маңызды спорт нысандарының қатарына көркем гимнастика спорт кешенін жатқызуға болады. Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт және инфрақұрылым бөлімінің басшысы Мақсат Орымбаевтың айтуынша, 2011-2015 жылдары №9 көркем гимнастика спорт мектебінің оқу-жаттығу базасы ғимаратты жалдап келген. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті —
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Нұрлы жол» және Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» бағдарламаларының аясында 2015 жылдың желтоқсан айында қаламызда Көркем гимнастика спорт кешені ашылды. Екі гектар аумақты алып жатқан кешенде 1 жарыс залы, 4 жаттығу залы, сонымен бірге, хореографиялық зал мен келген қонақтарды күтіп алатын орынжайлар бар. Мұнда көркем гимнастикадан халықаралық жарыстардың жүлдегері, олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған жалғыз қазақ Әлия
Жүсіпованың кішкентай ізбасарлары тәрбиеленеді. Көркем гимнастика шеберлікті, ептілікті, икемділікті талап ететін күрделі спорт түрінің бірі.
— Тоқсаныншы жылдары Шымкент қысқы спорт түрі бойынша республикадағы орталықтың біріне айналады деген ой ешкімнің санасына кірмесе керек. Алайда, биік мақсат пен қажырлы еңбек кез-келген арманды жүзеге асыруға болатынына көз жеткізді. Оған қаладағы қысқы спорт мектебі түлектерінің қол жеткізген жетістіктері куә. Ал, жас спортшылардың алаңсыз жаттығуына бүгінде мегаполистегі «Мұз сарайы» қызмет көрсетуде. Қазығы екі мыңыншы жылдардың басында қағылған спорт сарайын Елбасы Н.Назарбаев Шымкентке келген іс-сапары барысында ашқан. Мұнда кәсіби спортшылар мәнерлеп сырғанау, хоккей, шорт-трек басқа да қысқы спорт түрлері бойынша жаттығып қоймайды, сонымен қатар, барлық жастағы қала тұрғындары да осында келіп сейіл құрып, конькимен сырғанақ тебе алады. Бұл да болса бұқаралық спорттың мегаполисте серпін алуына үлкен көмегін тигізіп отыр. Өз кезегінде Мұз сарайы толықтай заманауи технологиялармен жабдықталған. Осы спорт кешенінде жаттығып, мұзда сырғанаған талай өрен халықаралық деңгейдегі спорттық бәсекелерде жүлделі орындардан көрініп, ел байрағын көкте желбіретті, - дейді Мақсат Мұсаханұлы.
Шымкентте тәуелсіздік жылдарында спорттық инфрақұрылым жақсы дамыды. Соның есебінен қаншама жаңа ғимараттар пайда болды. Бұл нысандарда спорттың көптеген түрі бойынша балалар жаттықтырылады. Мәселен, қаладағы жеңіл атлетика спорт кешенінде спортшылар жүгіруден, секіруден және президенттік көпсайыс бойынша жаттығып, шынығады. Оған қоса мұнда спорттың жекпе-жек түрлерінен ҚР чемпионаттары мен халықаралық турнирлер жиі өткізіліп тұрады.
Мұнан өзге жастар ұлттық спортқа қызықса, садақ ату кешеніне барып спорттың осы түрімен кәсіби тұрғыда айналыса алады. Аталған нысан 2015 жылы пайдалануға берілген. Халықаралық спорт аренасында беделі биік бәсі жоғары спорт саналатын теннис бойынша да халықаралық талапқа сай салынған заманауи орталығымызбен мақтана аламыз. Бұдан бөлек қаланың біраз жастары байдарка мен каноэға арналған су жаттығу базасында спорттық тәжірибесін шыңдап жүр. Бұған қосымша соңғы 30 жылда мегаполисте «Тұмар», «Қасиет», «Сұңқар», «Марс», «Жастар», «Шамсат», «Ақарыс» секілді спорт кешендері мен 30-дан астам футбол манеждері пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, өткен жылы пайдалануға берілген «Shooting plaza» оқ ату кешені спорт құрылысындағы маңызды нысандар қатарына жатқызуға болады. Тіпті, биыл осы спорт түрі бойынша аталмыш орталықта алғаш рет оқ атудан Азия біріншілігі ұйымдастырылды.
Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздіктің бізге берген жемісінің бірі ретінде заманауи әрі халықаралық талаптарға сай үлгіде салынған бүгінгі спорт нысандарын атауға болады. Осы спорт кешендерінде әлі талай бала тәрбиеленіп, үлкен жарыстарда қазақ елін әлемге паш етері хақ. Республикалық мәртебе алған Шымкент қаласы жылдан-жылға дамып, көркейіп келеді. Жаңа шағынаудандар пайда болып, мегаполис аумағына қосылған жаңа елді мекендерді көркейту мақсатында бүгінде инфрақұрылымдық құрылыс жұмыстары қарқын алған. Соның ішінде әлеуметтік нысандардың арасында заманауи үлгідегі спорттық кешендердің әлі талайы бой көтеретіні анық. Жалпы спорт нысандары өскелең ұрпақтың болашағы үшін салынған инвестиция. Әсіресе оның жастардың шынығуына, денсаулығының нығаюына еңбек етері айқын. Ал балаға салынған инвестицияның міндетті түрде қайтарымы болады.