Версия для печати

Мегаполисті цифрландыру – даму мен жаңашылдыққа ұмтылу Избранное

Пятница, 22 Октябрь 2021 04:14 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1378 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Цифрлық технологиялар жаһандық дамудың ажырамас бөлшегіне айналғаны әмбеге аян. Бұл процесс елімізді де айналып өткен жоқ. Бүгінде инфрақұрылымды дамытуға, адам капиталын жақсартуға, экономика саласын цифрландыруға және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ал Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті жолдауында цифрландыру үрдісіне қолдаудың жалғасатынын айтқан болатын. Осы ретте қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдірахановтан салада қандай өзгерістер барын сұраған едік.

127

 

Бүгінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шымшаһарда «Ақылды қала» жобасы 5 негізгі бағыт бойынша іске асырылып келеді. Оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, көлік, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және қауіпсіздік салалары қамтылған. Әсет Маратұлының айтуынша, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Басқарма басшысы биыл қала әкімдігімен барлығы 165 мемлекеттік қызметтер ұсынылғанын атап өтті.
– Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыруда «IоT» технологиясын қолдайтын есептеу құрылғыларын орнату жұмыстары қарқын алды. Қала аумағында орналасқан 70 көп қабатты тұрғын үйде және 127 әлеуметтік объектіде деректерді қашықтықтан беретін суды, жылуды және электр энергиясын есептейтін есептеуіш құралдары орнатылды. Нәтижесінде көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік объектілерде коммуналдық қызметтерді тиімді пайдалануға, коммуналдық желілердегі авариялық жағдайларға жылдам ден қоюға және қалпына келтіруге, авария орнын нақты анықтауға, адамның қатысуынсыз тұтынылған қызметтер үшін көрсеткіштерді қашықтан алуға, тиісінше онлайн режимінде бақылауға қол жеткізілді, - дейді Ә.Әбдіраханов.
Бұдан басқа, Әсет
Маратұлы атап өткендей, «ақылды» қаланың инфрақұрылымын қалыптастыру мақсатында көше шамдарын жарық диодты энергия тиімді жарықтандыру шамдарына кезең-кезеңмен ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Шымкент әкімдігі жоспарлаған тағы бір жоба – «Ақылды жарықтандыру». Ол қалалық жарықтандыруды басқару мен мониторингілеу арқылы электр энергиясын тұтынуды және қызмет көрсету шығындарын қысқартуды көздейді. Мысалы, датчиктерден келіп түсетін деректер әкімдіктің ахуалдық орталығының электрондық картасында көрсетіледі. Аталған жоба аясында қаладағы 136 көшеге жарықтандыру жүйесін автоматтандыру және ақылды технологияларды енгізу көзделіп отыр. Бұл күнде жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде іске асырылуда.
– Бүгінгі таңда қаладағы 43 көше ақылды көше жарығымен қамтылған. Қамту көрсеткіші 5,8%. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында 2021-2023 жылдары мемлекеттік-жекешелік әріптестік (ГЧП) бағдарламасы аясында жарықтандыру жүйелерін толықтай автоматтандыру көзделуде. Яғни, диспетчерлік орталық құрылып, жарықтандыру жүйелері орталық арқылы толықтай басқарылады. Биыл бағдарлама аясында, қосымша 136 көше ақылды көше жарығымен қамтылып, жыл соңына дейін жалпы саны 179 көшеге жететін болады, - дейді басқарма басшысы.
Әсет Әбдіраханов қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесі мен диспетчерлеу жобасы өз деңгейінде атқарылып жатқанын жеткізді. Көлік саласын цифрландыруда электронды төлем жүйесін іске асыра отырып, тұрақ орындарының қолжетімділік деңгейін арттыруға, кептелістерді болдырмауға және көлік құралдарының өтімділігін молайтуға, экологиялық жағдайды жақсартуға сонымен қатар жүргізушілердің мәдениеттілік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
– «Төлем» карталарын сату бойынша 350 сату орыны ұйымдастырылып, қазіргі таңда 210 мың стандартты, мектеп оқушыларына арналған 100 мың карта және 25 мың студенттік карта таратылған. Қазіргі уақытта қоғамдық көліктерге төлем картасымен тұрақты түрде 260-270 мың транзакция жасалуда, ол жалпы төлемақының 97% құрайды. Қоғамдық көлік қозғалысының уақытын хабарлайтын арнайы «i-Kolik» қосымшасы әзірленді. Бүгінгі таңда қаламыздағы 90% қоғамдық көлік қосымшаға енгізіліп, 100 мыңнан астам тұрғын қосымшаны жүктеді. Одан бөлек тұрғындардың қала ішіндегі қозғалысын жеңілдету мақсатында инвестор тарапынан электрондық скутерлер орнатылып жатыр. Қазіргі уақытта қала аумағында скутерге арналған «Ozim» және «Jet» атты 2 қосымша жұмыс жасауда, - дейді ол.
Цифрландыру басқармасының басшысы қоғамдық көліктегі жолаушыларға арналған дыбыстық хабарламалар орнатылып жатқанын да атап өтті. Әсет Маратұлының айтуынша, пилотты режимде 35 маршрутқа қоғамдық көліктегі жолаушыларға арналған дыбыстық хабарлама орнатылып, тестілеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, аялдамаларға динамикалық ақпараты бар 5 таблоны пилоттық жоба ретінде орнату жоспарлануда.
Пандемия кезінде электронды үкімет жүйесінің жұмысы барынша халықтың игілігіне қарай дами түсті. Қашықтан ЭЦҚ алу, биометрия бойынша тұлғаны тану жүйесі, мобильді электронды үкімет жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ коронавирусқа байланысты адамдардың статусын анықтайтын «Ашық» қосымшасы дәл уағында жасалған ұтымды жоба болды. Басқарма басшысы денсаулық сақтау, білім беру және қауіпсіздік салаларын да цифрландыру бойынша оң өзгерістер барын айтты.
– Бүгінде білім саласы аясында цифрландыру жеті бағытта жүргізілуде. Оның үшеуі материалдық базаны нығайтуға негізделген. Барлық балабақшаға электронды кезек және жолдама беру, білім ошақтарында 1-ші сыныпқа қабылдау, цифрлы оқыту ресурстары, электронды журнал жүйелері енгізілді. Мұғалімдерді қабылдаудың электронды жүйесі қолға алынды. Атап айтсақ, балаларды балабақшаларға кезекке қою, балабақшаға құжаттарды және балаларды қабылдау қызметтері «indigo24.kz» жүйесі арқылы жүзеге асырылса, «school.shymkent.edu.kz» жүйесі мектеп жасындағы балаларды 1-сыныпқа қабылдауға мүмкіндік береді. Ал техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы 8 мемлекеттік қызмет «college.snation.kz» жүйесінде іске асады. «Mindal» жүйесі арқылы қосымша білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау және оқуға қабылдау қызметтері, «HR-Process» порталымен педагогтарды жұмысқа қабылдау қызметі автоматтандырылды. Сонымен қатар, заманауи тәсілдер мен технологияларды енгізу мақсатында жоғары оқу орындары жанынан интеллектуалды жүйелер, компьютерлік модельдеу, робототехника лабораторияларын қамтитын 6 IT сынып ашылды, - дейді Әсет
Әбдіраханов.

129


Қазіргі уақытта денсаулықты сақтауды цифрландыру – басым міндеттердің бірі. Ал сапалы медициналық қызмет көрсету кез келген қазақстандықтың ажырамас құқығы болып табылады. Осыған байланысты қаладағы цифрландыру процесіне денсаулық шаралары да қарастырылыпты. Әсет Маратұлы сала бойынша бес бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
– Барлық 36 медициналық мекемесі кешенді ақпараттық жүйемен қамтамасыз етілген. Ең көп сұранысқа ие дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру және медициналық ұйымға тіркелу сынды қызмет түрлері автоматтандырылған. Мобильді қосымша арқылы тұрғындарға арналған кезекті скринингтен өту туралы хабарлама жолдау мүмкіндігі іске қосылды. Денсаулық паспорттары медициналық ақпараттық жүйе «ДамуМед» арқылы жүзеге асырылуда. 97,4 пайыз қала тұрғынының электрондық денсаулық төлқұжаттары қалыптастырылды. Барлық 36 медициналық ұйымдар «қағазсыз аурухана» жүйесіне көшті. Нәтижесінде, медициналық көмек көрсетуде қағазбастылықтан арылу, ауруханаға келу және кезекте тұру екі есеге қысқарып отыр. Эпиджағдайға байланысты, денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе «Телемедицина» жобасы іске асырылуда. Өнім беруші компаниямен меморандум жасалынды. Қазіргі таңда пилоттық жобамен №2 қалалық ауруханасында жүзеге асырылуда. Меморандум шеңберінде үйдегі жүкті әйел мен дәрігер арасындағы қашықтық байланысты реттеуді мақсат етіп отырмыз, - дейді ол.
Иә, пандемия кезінде еліміздің цифрландыру жүйесінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының тиімділіктері мен кейбір кемшін тұстары анық білінді. Сол олқылықтарды, әсіресе елдімекендерді интернетпен қамту мәселесін барынша шешуге тырысты. Ә.Әбдіраханов қала аумағын мобильді байланыс және талшықты оптика желісімен қамтамасыз ету жұмыстарының барысын айтып өтті.
– Қала аумағын және қаладан шалғай орналасқан елдімекендер мен тұрғын алаптарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары 3 кезеңге бөлінген болатын. Биыл интернетпен қамтамасыз етудің 2-кезеңіне сәйкес, 14 жер анықталып, 8 аумаққа жеке инвестор есебінен орнату келісілген болатын. Бүгінде жеке инвестор есебінен 6 аумаққа (Ынтымақ-2,Тассай, Қайнарбұлақ, Құрсай, Аэропорт маңы, № 87 мектеп маңы) антенналық құрылғы орнатылып, электр энергиясын тарту жұмыстары жүргізілуде. Қалған 2 жерге (А-2 тас жолы, Р-32 тас жолы) антенна құрылғы орнату үшін жерді қазу және бетон құю жұмыстары жүріп жатыр, - дейді Ә.Маратұлы.
Ал коммерциялық нысанға орнатылуы қажет 6 аумақта (Асар, Забадам, Абдулабад, Самал-3, Нұртас, Құрсай) базалық станцияның барлығы іске қосылды. Жыл соңына дейін қалған 8 базалық станция іске қосылатын болса, шалғай елдімекендердегі 147 мың тұрғын сапалы интернетпен қамтылып, жалпы көрсеткішті 91 %-ға жеткізуді жоспарлап отыр.
– Болашақта бүкіл қала аумағын 100 % сапалы интернетпен қамту жоспарлануда. Биыл қаладағы 110 шағынаудан мен тұрғын алаптардың тізімі жинақталып, оларға басқарма мамандары өңіраралық байланыс инспекциясымен бірлесе интернет сапасына толық талдау жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде интернет сапасы төмен 22 елдімекен анықталып, оларды сапалы интернетпен қамту үшін жол картасы әзірленді. Бүгінде мобильді байланыс операторларымен бірлесе 22 елді мекенге базалық станция орнату үшін орталықпен келісімдеу жұмыстары жүргізілуде. 22 базалық станцияны 2022-2023 жылдары орнату жоспарлануда. Тиісті жұмыстар атқарылса, қала аумағы 100 пайыз сапалы интернетпен, аталған елдімекендердегі 168 мың қала тұрғыны мобильді интернетпен қамтылатын болады, - дейді басқарма басшысы.

128


Сұхбат барысында қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдірахановтан мегаполисті цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарға қанық болдық. Шымкенттің «ақылды қала» атанып, цифрлану бойынша жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізуі сөзсіз маңызды. Миллион тұрғыны бар Шымкент халыққа қолжетімді, оңтайланған орта құру міндетін орындайды. Осылайша, барлық салада «Цифрлы Қазақстан» жобасы негізінде даму мен жаңашылдыққа ұмтылу оң қадам, маңызды шара болып қала бермек.