ТУРИЗМ ӘЛЕУЕТІН ДАМЫТУДА АЛҒАШҚЫ БЕСТІКТЕ Избранное

Пятница, 22 Октябрь 2021 04:17 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 298 раз

Шымкентке 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 158 224 турист келген. Ресми мәліметтерге сүйенсек, оның ішінде 152 801 турист Қазақстан азаматы болса, 5 423-і шетелдік саяхатшылар. Бұл көрсеткіш 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге өскен. Олардың басым көпшілігі Ресей, Өзбекстан, Түркия және Қырғызстан елінің азаматтары. Туризм саласы мықты дамыған елдер үшін бұл көрсеткіш өте  аз болуы мүмкін. Десек те, туризм әлеуеті бойынша Шымкент қаласы республикада алғашқы бестікте.

123

 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың креативті секторын дамытуға айрықша назар аудару туралы тапсырма берген-ді. Осыған орай, Шымкентте бұл сектордың дамуын үйлестіру функциясы қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасына жүктелген. Өйткені, креативті индустрияның ішіндегі ең маңызды әрі елеулі сектор туризм екені талассыз. Тіптен, Дүниежүзілік туризм ұйымының (ДТҰ) деректеріне сүйенсек, туризмнен түскен табыс мұнай өнімдері және автомобиль экспорты табысынан кейін тұрақты 3-ші орында келеді. Ал, әлемдік өндірістің әрбір 9-шы жұмыс орнын туризм қамтамасыз етеді.

Бастамашы бағыттар

Туризм саласын дамыту үшін ең әуелі, транспорт пен сервистік қызметтерді күшейту маңызды. Бүгінде
Шымкентте республика ішілік 8, халықаралық 4 бағытта әуе қатынасы жолға қойылған. Олардың қатарында Стамбул, Мәскеу, Кутаиси, Шарджа және Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Семей қалалары бар.
— Мегаполис қонақтары 17 туристік маршрут бойынша 100-ге жуық туристік нысанды тамашалай алады. Саябақтар, мұражайлар, тарихи орындар, демалыс базалары, барлығы дерлік қала қонақтарына қызмет көрсетуде.
Шымкентте туристерді қабылдайтын 125 бизнес нысан тіркелген. Оның екеуі бес жұлдызды қонақ үй. Сондай-ақ, қалада 1 904 қоғамдық тамақтану орны бар. Оның ішінде 185 бар, 313 кофехананың болуы саяхатшылар үшін өте қолайлы, - дейді Шымкент қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Е.Қыдыров.
Мамандардың айтуынша, қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы 4 бағытта жұмыс жүргізуде. Бірінші бағыт — бұл маркетингтік ілгерілету. Саяхатшыларды Шымкенттің көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында қаңтар айында «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы құрылған. Онда «бір терезе» қағидасы бойынша қала тұрғындары мен қонақтарына ақпараттық-консультациялық көмек көрсетіліп келеді. Сонымен қатар, орталық базасына қарасты 7 ақпараттық дүңгіршек Арбат, темір жол вокзалы, әуежай және Абай, Наурыз, Тәуелсіздік, Орталық саябақ сынды қаланың халық көп шоғырланатын нүктелеріне орналастырылған.

124


Биыл елімізде туристік саланы дамыту бағдарламасына сәйкес, шетелдік туристерді тіркеу, есепке алу, туристік ағынды талдау және көші-қон бақылауын жүзеге асыруға бағытталған «E-Qonaq» электронды жүйесі іске қосылған болатын. Бұл жүйе миграциялық полиция қызметін онлайн түрде ұсынатын платформа болып табылады. Екінші бағыт – туристік инфрақұрылымды жетілдіру бойынша бүгінде қаладағы бірқатар туристік индустрия нысандарына талдау жүргізілген. Бүгінде Шымкент қаласындағы 65 қонақ үйде «E-Qonaq» электронды жүйесі орнатылған.
Мемлекет басшысы тарапынан ел экономикасындағы жаңа бағыт – «креативті индустрияны» дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Тіптен, аталған саланы мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылып, Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан арнайы концепция әзірленген.
— Туризм және сыртқы байланыстар басқармасына тамыз айынан бастап креативті индустрияны дамыту функциясы беріліп отыр. Осыған орай, қыркүйек айында «Шымкент қаласында креативті индустрияны дамыту бойынша кеңес» бекітілді. Кеңес құрамына мемлекеттік мекемелер, депутаттар, бизнес-қоғамдастық пен жоғарғы оқу орындары, барлығы 25 адам кірді. Қараша айында аталған кеңес мүшелерінің алғашқы отырысын өткізіп, 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту көзделіп отыр, - дейді Ерлан Ермекұлы үшінші бағыт бойынша атқарылған жұмыс легімен таныстырып.
Төртінші, сыртқы байланыстар бағыты бойынша да атқарылған жұмыс жетерлік. Аталмыш басқарма жыл басынан бері республиканың өңірлерімен 20 меморандумға қол қойса, 9 қаламен бауырластық қарым-қатынас орнатқан. Сондай-ақ, Ұлыбританияның Стивенэйдж қаласымен бауырластық қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай қала көшелерінің біріне «Қазақстан» атауын беру бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Ескі қала – жаңа бренд

Қала қонақтарының сұранысына ие болып отырған «Shymqala» тарихи-мәдени кешені ескі қалашықтың жаңа бейнесіне айналды. Кешен 2018 жылы ҚР туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік деңгейдегі ТОП-50 туристік картасы нысандарының тізбесіне енгізілген. Әуелі, Шымкент қаласындағы туристік қызметтер нарығын зерттеу және талдау жұмыстары жүргізіліп, ескі қалашық аумағының маркетингтік стратегиясы әзірленіпті. Сондай-ақ, жоспардың талаптарға сай жүзеге асуын бақылау мақсатында 15 адамнан тұратын сарапшы топ құрылған. Сарапшы топтың құрамында туризм саласының эксперттері, гидтер, өлкетанушылар, архитекторлар, қонақ үй басшылары, «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен мұражай өкілдері бар.
Сала мамандарының айтуынша, он жылда көне қала мегаполистің жаңа брендіне айналмақ. Яғни, «Shymqala» тарихи-мәдени кешеніне келетін туристер ағыны шамамен он есеге артады деп күтілуде. Ішкі туристер саны 50%-ға ұлғайып, жергілікті келушілер жылына жарты миллионға жуық адамды құрамақ. Яғни, 2030 жылға қарай нысанға келушілер саны жылына 1 млн. турист келеді деген болжам бар.
— «Shymqala» тарихи-мәдени кешеніне арналған жоспар бойынша инвесторлар тартылуда. Ескі қалашық аумағында туристік-коммерциялық нысандар салатын инвесторлар тарту үшін «BI Group», «Otau», «Bazis-A» және т.б. ірі құрылыс компанияларымен бірнеше кездесу ұйымдастырылды, -дейді Е.Қыдыров.

«Visit Shymkent»— мегаполис «визиткасы»

«Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы бүгінде мегаполистің «визиткасы» іспетті. Орталық қаладағы бөлімшелерінен өзге, оның туристерді ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған «Visit-Shymkent.kz» туристік порталы мен мобильдік қосымшасы аз ғана уақыт ішінде қала қонақтарының компосына айналып үлгерді. Портал арқылы қала аумағында болып жатқан мерекелік іс-шараларға, тарихи-мәдени нысандарға, театр қойылымдарына билет ала аласыз.
— Портал қолөнершілердің бұйымдарына тапсырыс беруге, қалаға ұшып келетін рейстер таблосын көруге, ұшақ және темір жол билеттерін сатып алуға, гид-экскурсоводтардың қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді. Онлайн платформалардың пандемия кезінде қоғамдағы маңызы арта түсті. Шымкентте 87 туристік ұйым, 10 саябақ, 7 музей, 25 әлеуметтік-мәдени нысан, 5 театр, 12 сакралды нысан, 11 сауда, ойын-сауық орталығы, 5 діни нысан, 18 аквапарк және 4 табиғи су көзі орналасқан. Аталған нысандардың барлығы дерлік қалаға келетін туристерге қызмет көрсетеді, - дейді «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы баспасөз бөлімінің қызметкері Жұлдыз Жасұзақ.
Портал арқылы түрлі мәдени нысандарға 38 414 билет сатып алынған. Ал, сайттың іздеу жүйесін 72 мыңға жуық адам пайдаланған. Қолданушылар қатарын ҚР азаматтары ғана емес, ТМД елдері және шетел азаматтары да құрайды. Жалпы бүгінгі күнде бағдарламаны жүктеп алушылар саны 1000-ға жуықтаса, қызмет көрсету саны 130 мыңнан асқан. Сондай-ақ, орталық тәулігіне 200-250 туристке үш тілде қызмет көрсете алады. Call-орталық қызметі де тәулік бойы қолжетімді. Тіптен, мұнда мобильді байланыс қызметін оңтайландыру үшін SIM-картаны жүйелеу жұмысы да қолға алынған.

P.S.

Мемлекет басшысы туризм индустриясы экономикалық өсімнің маңызды драйвері болуы тиіс екенін айтты. Әлемде АҚШ, Қытай сынды елдер туризмді дамытуға ең көп қаржы жұмсап, одан бірнеше есе артығымен пайда тапқан мемлекеттер қатарында. Яғни, туризмді дамытуға бағытталған қаржы мен еңбекті жүйелесек, одан келер пайданың да көл-көсір болатынына сенім мол.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.