«ІНДЕТПЕН КҮРЕС – ӘР АЗАМАТТЫҢ БОРЫШЫ» Избранное

Пятница, 22 Октябрь 2021 04:24 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 463 раз

«Елім үшін егілемін» азаматтық штабының өкілдері Шымкенттегі жұмыс сапарын қорытындылады. ҚР Премьер-Министрі орынбасарының баспасөз хатшысы, Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев және Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникация орталығында баспасөз брифингін өткізді.

138

 

Жиынға белгілі эпидемиолог маман, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқармасы төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева Нұр-Сұлтан қаласынан Zoom конференциясы арқылы онлайн қосылды.
Жиын барысында Ержан Халиұлы коронавирус пандемиясымен күресу мемлекеттің ғана емес, жекелеген әр азаматтың да борышы екеніне тоқталып, бұл тұрғыда вакцина алудың маңыздылығына тоқталды.
– Еліміз бойынша коронавирусқа қарсы вакцина алу науқаны ақпан айында басталды. Осыған орай азаматтық штаб құрылып, оның мүшелері елдің әр өңірін аралап жүр. Мұндағы мақсат – вакцинаға қатысты жекелеген азаматтардың ғана емес, жалпы байланыс платформалары арқылы көпшіліктің сауалдарына жауап беру, екпе алу туралы түсіндіру. Мысалы, өткен тәулікте еліміз бойынша вирус жұқтырған деген күдікпен тіркеуге алынған азаматтардың 98 пайызы вакцина алмаған. Ал вакцина алып, вирус жұқтырған үй карантинінде емделуде. Бұл тұста есте ұстайтын жайт – вакцина вирустан толық қорғамайды, тек вирус жұққан жағдайда жеңіл өтеді. Мұны айтып отырған себебіміз, кейбір азаматтар «Вакцина алған соң неге вирус жұғады?» деген сияқты сұрақтарын қоюда, – дейді Ержан Байтанаев.
Бұған дейін ведомствоаралық комиссия Қазақстандағы ревакцина қараша айының үшінші онкүндігінде басталатыны жоспарланып отырғаны жөнінде мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрлігі мен иммунизация жөніндегі комиссия бірігіп, ревакцинацияның алгоритмін түзуде.
– Нақты айтқанда векторлық вакцинаның екі компонентін алған азаматтар 9 айдан кейін инактивтендірілген вакцина алады, ал бұған дейін инактивтендірілген екпе алғандарға векторлы екпемен ревакцинация жасалады. Ал коронавирус індетінен емделген науқастар толық жазылған соң 3 айдан кейін ревакцинациядан өте алады, – деді Ержан Халиұлы.
Осы тұста эпидемиолог маман Айнагүл Мұқанқызы вакцинаның түрлеріне қатысты сауалға жауап берді. Оның айтуынша, Қазақстанда қолданылып жүрген векторлы вакцинаға «Спутник – V» вакцинасы, ал инактивтендірілген вакцинаға «QazVac», «Sinopharm», «CoronaVac», «Hayat-Vax» сияқты вакциналар жатады, вакцинаның екі түрі де қауіпсіз саналады.
Штаб өкілі ревакцинация кезінде екпенің 1 компоненті салынатынын айтты. Қазіргі таңда Pfizer вакцинасын өндірушілермен келіссөз жүріп жатыр. Келісім сәтті аяқталса, ол вакцина елімізге жылдың 4-тоқсанында жеткізілуі мүмкін.
Ержан Қалиұлының айтуынша, елімізде 11,4 млн азамат вакцина алуы керек. Сонда ғана ұжымдық иммунитет қалыптасты деп айтуға болады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 9 миллион еді. Ведомствоаралық комиссияның шешімімен екпе алуға жататын тұрғындар саны көбейтіліп отыр. Олар бұған дейін денсаулық көрсеткіштеріне байланысты екпе ала алмайтын болатын. Мамандар екпе алудың нәтижесі бойынша жаздағы эпидемиологиялық жағдайға қарағанда күздегі ахуалдың едәуір жақсарғанын алға тартты. Қазіргі таңда еліміз бойынша екпе алған тұрғындар саны бойынша алғашқы үштікте Шығыс
Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы келеді.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.