ШЫМКЕНТТЕ ШЫҒАРЫЛҒАН... немесе биыл өнеркәсіп өнімі 710 миллиард теңгеге жетпек Избранное

Пятница, 22 Октябрь 2021 04:27 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 482 раз

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында « ...2020 жылдың қорытындысы бойынша, индустрияландыру жүзеге асырылып жатқан 10 жыл ішінде тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түсті» деп атап өтті. Бұл Қазақстан сияқты экономикасы күні кешеге дейін шикізат өндірісі мен экспортына тәуелді болып келген ел үшін үлкен жетістік. Яғни, 10 жыл бойы табанды түрде жүзеге асырылған Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының арқасында отандық экономимка шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арыла бастады деген сөз.

134

 

Қазір әлем тез өзгеріп, жылдам дамып бара жатыр. Қол жеткізген табыстарға тоқмейілсіп отыруға мүлде болмайды. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Жолдауда « ...экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру керек. Орта мерзімдегі мақсатымыз – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізу. Ал еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру» деп атап өтті.

Осы тұста еңбек өнімділігі деген өте маңызды көрсеткіш. Оны қайткенде арттыра алмақпыз? Сөз жоқ, мұның бірден бір жолы – жоғарғы технологиялық және қосылған құны жоғары өнімдерді көптеп өндіру. Жалпы, қазір кез келген елдің немесе өңірдің экономикасының бәсекеге қабілеттілігі жоғары технологиялық өнімдерді шығаратын кәсіпорындардың болуымен өлшенеді. Міне, сондай іргелі кәсіпорындардың бірі де бірегейі – «Asia Trafo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Шымкенттегі «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан трансформатор жабдықтарын шығаратын зауыты.

135

 

Бұл Орталық Азиядағы трансформаторлық жабдық өндіретін ең ірі зауыттың бірі. Компания директоры Омар Асановтың айтуынша, зауыттың негізгі өнімі – қуаты 500 МВА дейінгі 110, 220, 500 және 750 кВ кернеу санатындағы майлы трансформаторлар мен автотрансформаторлар және реакторлар. Зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 12 000 мегавольт-амперден асады.
— Жоғарғы ғылыми технологияның негізінде жасалатын бұл тауарлар еліміздің түрлі өңірлерімен қатар Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Украина және Грузияға экспортталуда. Өндірісті басқару толық компьютерлендірілген. Атап айтқанда, өндіріске прогрессивті және экологиялық таза технологиялар енгізілген. Конструкторлық құжаттаманы әзірлеуден бастап, шығарылған бұйымды тұтынушыға жөнелткенге дейінгі бүкіл процесс заманауи бағдарламалық қамтамасыз ету базасында жұмыс істейді. Машина жасау секторындағы әлемдік көшбасшылар қолданатын бұл технология құжат айналымын электронды түрде жүргізуге және өндіріс циклын толықтай визуализациялауға мүмкіндік береді. Басқаша айтар болсақ, бізге тапсырыс берген тұлға немесе компания өз тапсырысының қабылдануынан бастап, трансформатордың дайын болуына дейінгі барлық жұмысты электронды жүйе арқылы бақылап отыра алады. Бұл өз кезегінде өнім сапасының жоғары болуына оң ықпал етеді, – дейді О.Асанов.
Зауытқа мұндай басқару жүйесін енгізуге Украинаның «Soft-Team Group» компаниясы көмектескен. Ол кезінде әлемге әйгілі болған Бүкілодақтық трансформатор жасау институтының базасында құрылған іргелі компания. Зауыт алғаш ашылған кезде шетелдік серіктес компанияның мамандары келіп, жергілікті кадрлармен тәжірибе алмасып, олардың біліктілігін арттырыпты.
Айта кетейік, бүгінде мемлекет кәсіпорындардың технологиялық процестерді жетілдіруге және өндірісті ұйымдастырудың тиімділігін арттыруға бағытталған индустриялық-инновациялық жобаларына қолдау көрсетеді. Нақтырақ айтқанда, осындай жобалардың кешенді жоспарын әзірлеуге және сараптауға жұмсалған шығындардың 40 пайызын бюджет қаржысы есебінен өтеп береді. «Asia Trafo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы бағыттың аясында 2020 жылы 56 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болған.
Жалпы, Шымкент қаласында өнеркәсіп саласы жылдан жылға дамып, ол республикадағы ірі индустриалды орталықтардың біріне айналып келеді. Мәселен, Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметі бойынша, 2018 жылы шаһардағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 425 миллиард теңгені құраса, биыл жыл соңында бұл көрсеткіш 710 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде.
Өткен жылы пандемия салдарынан экспорттың шектелуі, тұтыну нарығының кең қанат жая алмауы өңдеу өнеркәсібі тауарларына деген сұранысты азайтқаны рас. Соған қарамастан, Шымкентте 2020 жылы өңдеу өнеркәсібінің бірқатар салаларында өсу динамикасы байқалған. Айталық, өткен жылы фармацевтика өнеркәсібі – 66,1 пайызға, машина жасау – 38,6 пайызға, тамақ өнеркәсібі – 18,4 пайызға, металл емес минералдық өнімдерді өндіру – 10,3 пайызға және металлургия 2,6 пайызға өсіпті.
Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасуда. Салалық басқарманың мәліметі бойынша, 2021 жылы қалада өнеркәсіп секторында 21 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді екен. Қазіргі таңда бұл кәсіпорындардың бірқатары ашылып та үлгерген. Мәселен, «SAGITEX GROUP» ЖШС-і жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіретін фабрика ашуға 337 миллион теңге қаржысын жұмсады. Нәтижесінде, жылына 400 мың дана ішкиім тігетін кәсіпорын іске қосылды. Сонымен қатар биыл ашылған кәсіпорындардың қатарында «KASPY STEEL» ЖШС-інің металл бұйымдарын құятын зауытын атап өтуге болады. Қырық адамды жұмыспен қамтып отырған шағын зауыт жылына 1 000 тонна металл өнімдерін шығарады. Сол сияқты биыл «TABA INDUSTRIAL» ЖШС-інің дөңгелек шығаратын зауыты, «СК-АЙМАҚ» ЖШС-інің жиһаз цехы да ашылды.
Өнеркәсіптің дамуына қаладағы индустриалды аймақтар да өз үлесін қосуда. Мәселен, «Оңтүстік» индустриалды аймағы – республикада алғашқылардың бірі болып ашылған аймақ. 2010 жылы бұрынғы фосфор зауытының аумағын тазартып, оған көлік және инжинерлік инфрақұрылым желілерін тартуға бюджеттен 6 миллиард 800 миллион теңге қаржы жұмсалған. Сөйтіп, 337 гектар аумақ жаңа өндіріс орындарын ашуға әзірленді. Бүгінде сол аймақ зауыт-фабрикаларға толып тұр. Нақтырақ айтар болсақ, «Оңтүстік» индустриалды аймағында 72 кәсіпорын іске қосылып, онда 4,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды. Ал, «Тассай» индустриалды аймағында 21 кәсіпорын жоба іске қосылып, онда 1 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды.

Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сүйенсек, жоғарыда аталған қос аймақ та толып қалуына байланысты жаңадан 4 бірдей индустриалды аймақ ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Оның біріншісі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Қазір мұнда инженерлік инфрақұрылым жүйелері салынуда. Бұл аймақта құны шамамен 200 млрд. теңге болатын 60 ірі заманауи кәсіпорындар ашылады деп күтілуде. Екіншісі ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы. Мұнда құны 23 млрд.теңгені құрайтын 1 810 жұмыс орнымен 21 жоба іске асады. Үшіншісі – агроиндустриалды аймақ. Бұл 136 гектарды алатын заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешені болады. Ал, төртіншісі – «Стандарт» жеке индустриалды аймағы. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырландырылады. Заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылады. Аймақта 180 млрд. теңгені құрайтын 30 жоба іске асып, 4,5 мың адам жұмыспен қамтылады.
Жалпы, мұндай индустриалды аймақтың артықшылығы кәсіпорын ашуды жоспарлаған инвестор тек жер телімін ғана тегін алып қоймайды, сонымен қатар ол өз кәсіпорнына электр қуаты, газ, су, жол мен темір жол тұйығын жеткізу мәселесіне де бас қатырмайды. Осындай инфрақұрылымының барлығы әзірленген жер телімін алып, сол жерге өз зауытын сала береді.
Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Шымкентте осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында өңірлік кәсіпкерлікті қолдаудың арнайы картасы әзірленген. Соның аясында 2025 жылға дейін жалпы құны 366,9 млрд. теңгеге 45 инвестициялық жоба іске асырылады. Бұл 4 500-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, мемлекет баса назар аударып отырған инудстриаландыру саясатының арқасында бір жағынан жұмыссыздық мәселесі шешілсе, екінші жағынан салық салу базасы кеңейіп, қала бюджеті толыға түседі. Шымкент үшін бұл өте маңызды мәселе. Өйткені, шаһар бюджетінің шығыс бөлігі 481 миллиард теңге болса, соның шамамен 150 миллиарды ғана жергілікті салық түсімдерінен құралады. Ал, жоғарыда біз сөз еткен «Asia Trafo» компаниясының өзі жылына 2 миллиард теңге салық төлейтінін ескерсек, осындай кәсіпорындардың көбеюі қаланың дамуына зор серпін берері сөзсіз.