Версия для печати

БАТЫР БАБАЛАРДЫҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ Избранное

Среда, 27 Октябрь 2021 03:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1929 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Сайрам тұрғын алабында батыр бабалардың рухына тағзым жасалды.
1681-1684 жылдары өткен Сайрам соғысына қатысып, қол бастаған Баймұрат пен Қозышақ батырларға салынған ескерткіштің ашылу салтанатты өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, қалалық ардагерлер кеңесі бастаған бір қауым ел қатысты. Атап айтсақ, олардың ішінде К.Төлебаев, Ә.Досболов, Т.Рахманбердиев, Т.Жүнісов сынды айтулы азаматтар бар.

160

 

Еңселі ескерткіштің биіктігі – 4 метр, ұзындығы – 15 метр. Оның ортасында Баймұрат пен Қозышақ батырдың сарбаздарымен бірге тұрған бейнесі суреттелген. Одан бөлек, соғыс жайлы құнды мәліметтер де тасқа қашалған. Батырлардың келбетін белгілі мүсінші Ерғали Мұстафаев бейнелесе, батырлар жайлы деректі белгілі тарихшы Момбек Әбдәкімұлы Ташкент архивінен тапқанын айтады.
– Қазақ-қалмақ соғысы 1520 жылдардан басталып, 1771 жылғы атақты «Шануды жорық» шайқасын қосып есептегенде екі жүз жылдан аса уақытқа созылған. Қалмақ ханы Қалдан Бошықты 1680 жылдары Жетісу жерін толық басып алып, 1681-1684 жылдары сол кездегі оңтүстіктің ең ірі шаһары Сайрамға төрт жыл бойы шабуыл жасайды. Сайрам соғысына сыр өңірінен жасақталған 5 мың қолды басқарып келген қазақ батырлары қолбасшы Баймұрат батыр мен оның ағасы Қозышақ батыр жергілікті қазақ батырларымен бірге тізе қосып, төрт жыл бойы сан жағынан келіп жоңғарларға тойтарыс беріп отырған. 1684 жылы зеңбіректермен қаруланған оң мыңдық қалмақ қолы шаһар дуалын қиратып Сайрамды басып алады. Сол жылғы жойқын шайқаста Баймұрат батыр сарбаздарымен бірге ерлікпен қаза табады. Шейіт болған батырлар осы қорымда жерленген, - дейді Момбек Әбдіәкімұлы.
Тарихшылардың дерегінше, Сайрам соғысы әлі зерттеуді қажет етеді. Ал, тарихшы Момбек Әбдіәкімұлы арнайы зерттеу жұмыстарына кіріскен. Келешекте тарихи туындысын жарыққа шығару ниетте. Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін бабалар рухына құран бағышталып ас берілді. Сондай-ақ, жиында Сайрам шайқасы орын алған Баймұрат төбені абаттандыру мәселесі де айтылды.