ШЫМКЕНТТЕГІ КӨНЕ ҚАЛАШЫҚ Избранное

Среда, 27 Октябрь 2021 04:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2375 раз

ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енуі мүмкін

Шымкент туристерді тамылжыған табиғаты және қонақжайлығымен ғана емес, өңірдің терең тарихымен қызықтыруы тиіс.
Бұл туралы Шымкентте өткен «Ұлы Жібек жолы тарихындағы Шымкенттің ЮНЕСКО-ның мәдени мұра жүйесіндегі орны мен рөлі» халықаралық кездесу барысында қала әкімі
Мұрат Әйтенов айтты.

163

 

Екі күнге жоспарланған халықаралық кездесу қонақтары ескі қалашықтағы мұражайға барып, қаланың тарихымен танысты. Сонымен қатар, кездесуге келген ғалымдар мен халықаралық сарапшылар «Шым қала» этноауылында болып, «Бес қару» этнофестивалі аясында ұйымдастырылған қару-жарақ экспозициясын тамашалап, жыршылардың орындауындағы батырлар жырын тыңдады.
Халықаралық кездесу Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапхана базасында жалғасты.

157


— Шымкент — мәдениет пен өркениетті үндестіріп тұрған тарихи қала. Бүгінгі жиын Шымкенттің Ұлы Жібек жолы тарихындағы орны мен ЮНЕСКО-ның мәдени мұра жүйесіндегі рөлін айқындай түспек. Біз елімізге келген туристерді табиғатымызбен, қонақжайлығымызбен ғана қызықтырмай, өңірдің терең тарихымен таныстырып, қызықтыра түсуіміз керек. Ал, осы мақсатта атқарылатын жұмыс барысында кездесуге қатысушылардан тың идеялар күтеміз, — деді Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов.
Жиында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешов еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау және оны әлемге таныту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп отырғанын қадап айтты.

— Шымкент өткен дәуірде Ұлы Жібек жолының бойындағы қала ретінде танылса, бүгінде «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күре жолында орналасуымен құнды.

156


2200 жылдық терең тарихы бар Шымкент қаласы, ондағы тарихи-мәдени ескерткіштер ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізімін толықтырып, оның мазмұнын байыта түседі деп санаймыз, – деді Н.Дәуешов.
Сондай-ақ, халықаралық кездесу барысында ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат та сөз алды.
— Бүгінде Қазақстан өз аумағындағы тарихи-мәдени маңызға ие ескерткіштер мен рухани мұраны сақтау мен насихаттау бойынша ауқымды жұмыс атқаруда. Қазақ-
стан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Шымкент қаласының 2200 жылдығы аясында қолға алынып отырған бұл жобаның маңызы зор деп есептеймін. Себебі, ол келешекте Қазақстанның бай әрі саналуан мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға және оны әлемге танытуға зор септігін тигізеді, - деді ол.
Еліміздің ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының бас хатшысы Әлия Байсабаева мен халықаралық ICCROM орталығының бас директорының арнайы кеңесшісі Франческо Бандарин, сондай-ақ, «Жібек жолы» жобасының үйлестірушісі Фенг Джинг те кездесу қонақтарымен бейне байланысқа шығып, ғалымдардың жұмысына сәттілік тіледі.
— 2200 жылдық тарихы бар қаланы қайта қалпына келтіріп, көнені жаңғырту, оны әлемге таныту — үлкен еңбек. Бұл өткенге құрметтің, болашаққа деген нық сенімнің көрінісі деп айта аламын. Сіздерге осынау игі бастамаларыңызда сәттілік тілеймін, – деді Фенг Джинг.
Халықаралық конференцияның алғашқы пленарлық отырысын Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жүргізді. Онда ғалымдар «Шымкент қаласының тарихи ретроспективасы және болашағы» тақырыбында пікір алмасты. Өзбекстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, өнертану докторы Камола Акилова онлайн режимде байланысқа шығып, Шымкенттің Орталық Азия кеңістігіндегі рөліне тоқталды.

158


Ал, «Қазреставрация» республикалық мемлекеттік ғылыми-зерттеу кәсіпорнының бас сәулетшісі Сәдуақас Ағытаев «Шымкент қалашығының айналасындағы қоғамдық кеңістікті дамыту тұжырымдамасы» тақырыбында баяндама жасап, ескі қалашық төңірегінде 2015 жылдан бері жүргізілген зерделеу және реставрациялық жұмыстармен таныстырды.
Отырысты қортындылаған Шымкент қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Е.Қыдыров қонақтарды мегаполистің бүгінгі туристік әлеуетімен таныстырып өтті.
Халықаралық кездесудің аясында «Шымкент Жібек жолының тарихи-мәдени кеңістігінде» тақырыбында да пленарлық отырыс өтті. Оны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті мәдени-тарихи мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиева жүргізіп отырды.
Отырыс барысында М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі Серік Жүнісбаев «Шымкент ХІХ-ХХ ғасырларда: тарихи очерктер» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым тарихи очерктердегі Шымкенттің тыныс-тіршілігін баяндайтын үзінділер арқылы көне қала бейнесін сипаттап берді.
— Очерктердің бірінде «Шымкент Орынбор мен Ташкенттің арасындағы айрықша маңызға ие екінші қала. Табиғаты жайлы, суы мол аймақ» деп сипатталған, - деді ол.
Сондай-ақ, тәжікстандық тарихшы-ғалым Набиджон Рахимов «Ферғана-Сырдария дәлізінің коммуникация жүйесіндегі өзен жолы»» туралы баяндама жасады. Ол Ұлы Жібек жолындағы сауда керуенінің тек дала жолымен емес, су жолымен де дамығанын атап өтті.
— Сырдария өзені Ферғана, Шымкент, Исфиджаб, Сайрам өлкесіне дейін керуен жолын жалғаған. Археологиялық зерттеулер Худжанд, Моншақтепе, Қосдиірмен, Шыназ, Сығанақ және Шымкент секілді қалалар Сырдария өзенінің бойындағы үлкен сауда орталықтары болғанын көрсетеді, – деді Н.Рахимов.
Қырғызстандық ғалым Бақыт Аманбаева «Ұлы Жібек жолының Ферғана-Сырдария дәлізінің әртүрлі учаскелерін және ұсынылатын объектілердің типологиялық әртүрлілігін үйлестіру» тақырыбында, ал, Түркіменстан Ғылым Академиясының тарих және археология институты директорының орынбасары Хан-Дурды Курбанов «Түркіменстан және Ұлы Жібек жолын жаңғырту: ежелгі және қазіргі заманғы даму» тақырыбында баяндама жасады.
Айта кетейік, халықаралық кездесу аясындағы тағы бір пленарлық отырыс «Шымкент қаласының археология, этнография, мұражайтану мәселелері» тақырыбында өрбіді.
«Ұлы Жібек жолы тарихындағы Шымкенттің ЮНЕСКО-ның мәдени мұра жүйесіндегі орны мен рөлі» кездесуінің екінші күнінде ғалымдар мен сарапшылар Ұлы Жібек жолының Ферғана-Сырдария бөлігіндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді трансшекаралық сериялы номинация бойынша ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізу мәселесін талқылады. Кездесуге қатысушы тараптардың барлығы өз елінде осы бағытта атқарылып жатқан мәселелерді баяндады.
Халықаралық кездесу барысында Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының бас хатшысы Әлия Байсабаева бұл сериялы номинацияға елімізден әуелде 12 тарихи ескерткіш ұсынылғанын, кейінен мамандар саралай келе оның алтауын ғана қалдырып отырғанын айтты. Олар: Отырар төбе, Сауран, Сығанақ, Күлтөбе, Жанкент және Жетіасар ескерткіштері. Болашақта бұл тізім толыға түсуі де мүмкін.
Сондай-ақ, халықаралық кездесудің аясында Шымкент қаласының аумағындағы тарихи-мәдени нысандарды ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізуге әзірлеу бойынша арнайы вебинар өтті. Онда мамандар осы бағытта атқарылуы тиіс жұмыстар жөнінде ұсыныстарын ортаға салып, іс-шаралар жоспары әзірленді.
Жиынды қорытындылаған халықаралық кездесу қонақтары көне Сайрамның төңірегіндегі тарихи-мәдени орындарды аралап қайтты.

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА,
Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.