АЛТЫН ҚҰСТАЙ ТАРАНҒАН...

Среда, 03 Ноябрь 2021 04:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 907 раз

Атағы жер жарған жырау бола тұра «Жамбыл шығармашылығының тоқсан қабат қатпарларын толық ашып, жанды жерін дөп басып, таба алдық» деп әлі күнге айта алмаймыз. Бұған дейін «Жамбыл туралы кім не деген екен?» дегенді жалаулатып, мен де біраз жерді шолып өттім.

205

 

 

Екі пікір көзіме жылы ұшырады. Бірі – Ғабит Мүсіреповтің айтқаны: «Ұлы Абайдың құрдасы, көзі тірісінде Гомер атанған алып атамыз Жамбыл дүниеге екі рет туып келген адам: тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан бір туды» (Мырзатай Жолдасбеков. Асыл арналар // Жүз жыл жырлаған жүрек, Алматы, Жазушы, 1990, 190-б). Екіншісі Мұхтар Мағауиннің сөзі: «Жәкең қазақты әлемге танытып кетті. Қалыптасқан ұғымға нанбас ұғымға қарап, заманындағы шындықты бұрмаламау керек. Қазақты, қазақтың әдебиетін, қазақтың рухын бүкіл дүние жүзіне ең алдымен танытқан Жамбыл болды. Әуезов емес. Абай емес. Біздің ұлы фольклорлық мұраларымыз емес. Жамбыл. Арыстар атылған, халық қырылған, елдің еңсесі түсіп, аруағы төмендеген ең бір қиын кезеңде Жамбылдың ұлт ұранындай көтеріліп, соншама атақ-даңққа жетуі – үміт сәулесі, болашақ жақсы күндер жоралғысы сияқты көрінді. Азаматқа күш берді, кейінгі ұрпаққа тыныс қосты. Міне, сол Жәкең – алаштың ұлы перзенті, қазақтың даңқын шығарған ғажайып тұлға екендігіне ешқандай күмән тумауға тиіс.
...Жамбыл қолдан жасалған жоқ, сом болып қашалып туды, қазақтың ұлы жырауларының ең соңғы сарқыты болды, орта ғасырлық сақара дүлділін жиырмасыншы ғасырдағы империя төріне шығарды» (Жамбылдың ұлылығы //Жамбылдың 150 жылдығы құрметіне Қазақстан Жазушылар Одағы өткізген кеңейтілген мерекелік пленумда сөйлеген сөзі, «Жамбыл» журналы, 2004, №1, 10 б).
Ия, көзі тірісінде Гомермен пар келу оңай нәрсе емес. Бұл деген сөз – Жамбыл феноменін бүкіл әлем мойындады деген сөз. Жамбыл феномені – халық тағдырымен біте қайнасқан құбылыс. «Жамбыл менің жай атым, Халық – менің шын атым! Жал құйрығым, қанатым, Қазақстан – Отаным» деп ақын босқа жырлаған жоқ. Ол ауыл арасының, ру-тайпаның шайыры емес еді. Ол төбе-төбешікті емес, заңғар биікті көздеген тұлға болатын. «Ақын болдым он үште, Алтын құстай тарандым» деп қанатын босқа қомдап, копаңдамағаны анық. Оның ақыры: «Ақ басты Алатаудың Жамбылымын, Өлеңнің ұлы сүре даңғылымын» деген жыр мәресімен біткеніне сарғыш тартқан тарих парақтары куә. Өзінің поэтикалық кредосының бір қырын Жамбыл былай ашады:
Келгенде жеме-жемге, елге қалдым,
Шалшыққа шатылмадым көлге қалдым.
Шалқардың шалқып жүзген мен аққуы,
Келмеді сасық, шалшық жерде қалғым.
ХХ ғасыр жырауының әлемге әлі күнге көркемдік құпия көмбесінің ашылмай келуінің сыры неде? Оны осы күнге дейін сәл басқа атыраптан іздеп, шаршап келген сияқтымыз. Жырау жырларының алтын өзек тамыры Исламда жатыр. Ия, оған таңғалатын да ештеңе жоқ. Махмұд Қашқари, Мұхаммед Хайдар Дулати, Бұхар жырау сынды алыптардың да бас қойып, шөл қандырған алтын бастауы да осы емес пе? Ислам – қазақ болмысының түп-тамыры, ядросы, жаны десе жарайды. Енді осы мың жылғы үрдістен, дайын қалыптан шығып Жамбылға не болыпты?! «Бөлінгенді бөрі жейдіні» данышпан бізден жақсы пайымдай алса керек. Содан ғой оның шалшықтарға шатылмай, шалқар көлді таңдағаны. Әуелгіде ақын шығармашылығынан Ислам элементтері бадырайып көзге ұра қоймайды. Оған бір себеп – суреткердің риторикалық стилі һәм кеңестік қызыл цензура бопсасы. Жырау өмірінің бүкпесіз бір нұсқасы мың болғыр «da Қазақстан» (Жамбылдың мерейі, 2011, №20, 8-15 б) журналында жарияланған екен. Жариялатып жүрген – жаңаға жаны құмар, бірақ ескінің құнын құнттай білер автор Нағашыбек Қапалбекұлы. Жариялыным Жамбылдың немересі Әлімқұл ақсақалмен сұхбат түрінде өткен.
Әлқисса, Әлекең сыр шертеді: «Менің атам Жамбыл – ақтық демі таусылғанша бір Алланың хақ екеніне қапысыз сенген адам. Өзі шамасы жеткенше бес уақыт намазын қаза қылмай өтті. Мұсылман баласының имандылығына жат әдеттерді, әсіресе арақ ішіп, темекі тартқан, біреудің сыртынан ғайбат сөйлеген адамдарды жақтырмай отыратын.
Мына жаһан дүниенің шексіздігін, оны шебер ойластырып жаратқан Ұлы Алланың ақиқат екенін әрдайым тамсанып айтып, айналасындағы дінге бейімі бар жандарды әспеттеп сөйлейтін. Тіпті өзі қатты науқастанғанда, хәлін білуге келген Сәбит Мұқановқа үкіметтің ауруханасында иманын айттырып, аят оқытқаны туралы естелік жарияланды ғой».
«Титтейімнен атамның жайнамазын алып беріп, намаз оқығанда қасында бірге тұратынмын. Намаз оқыған кезде ерекше балбырап балқып, беріліп оқитын. Нұрланып, көзінде нұр ойнап, құлпырып, жайнап шыға келетін».
«Кеңес үкіметі кезінде қазіргі Алматы облысындағы Жамбыл ауданында бірде-бір мешіт қалмай жабылды. Мешіттерді қиратып, оны қойма, сиыр қорасы етіп жібергені белгілі. Сонда Жамбыл атам Сталинге хат жазып: «Мен бес уақыт намазды қаза қылмайтын мұсылманмын. Намаз оқитын мешіт жоқ, сондықтан Қарғалыдағы Сәт мешітін ашып бер» деп хат жазғанын естігенбіз».
«Жамбыл атам әр жұма сайын Қарғалыға барып, Сәт мешітінде жұма намазын оқып қайтқан».
«Жамбыл Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Мәскеуге барғанда Кремльде бәрі Сталинді күтіп тұрады. Қазақстан басшылары Сталин шыққанда Жәкең алғаш сәлем беруі керек деп шешеді. Сталин уақытынан кешіге бастайды. Бір кезде алтын есікті айқара ашып, Сталин бастаған полютбюро мүшелері түгел көрінеді. Қарсы алып алғаш сәлем беретін Жәкең жоқ, бәрі жабылып іздесе, Жәкең мрамор еденге белбеуін шешіп жайып тастап, намаз оқып отыр.
Бәрі үн-түнсіз қалады. Сталин ғана қорқорын саусағына тықылдатып: «Әр ұлт өзінің дінін құрметтеуі керек», – депті күлімсіреп.
Жәкең асықпай намазын бітіріп, белбеуін буынып, бері бұрылып:
– Ассалаумағалейкум, Стеке! – деген екен».
Міне, нағыз мұсылман бейнесі! Жамбылдың мұсылмандығын осы суреттерден рахаттанып, қанып отырып танисың. Жаратушыға тамсанған саңлақ шайыр «Жаратылыс сыры» деген ғажап жырын жазды.
Жамбылдың «Жаратылыс сыры» жырының жанында Томас Мордың «Утопиясы» һәм К.Маркстің «Коммунистік партияның манифесі» жіп есуге жарамайды.
Жырдың әр жолын қуаттап Қасиетті Құран Кәримнен аят келтіріп, Мұхаммед пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) кіршіксіз сүннетінен хадистер келтіруге болар еді. Онда мақаламыз мақала болудан қалып, қалыңдығы бір елі кітапқа айналар еді.
«Өсиет жыры» Құран-Кәрим аяттарымен қалай қабысады? Былай: «Біліңдер, бұл өмір – бар болғаны бір ойын әрі ермек және сән-салтанат, өзара мақтанысу және дүние-мүлік пен балаларды арттыра түсу ғана. Ол – жауып өткеннен кейін, өсіп шыққан өсімдіктері дән себушілерді таңқалдырған бір жаңбыр секілді. Кейін ол (өсімдіктер) қурайды, сонда сен оның сарғайғанын көресің. Сонан соң ол қоқымға айналады. Ал, соңғы, мәңгілік өмірде (ахиретте) қатты азап және ризалық бар. Бұл дүниедегі өмір – бар болғаны алдамшы рахат (өткінші пайдалану) ғана» (57.Әл-Хадид (Темір) сүресі=20).
Құранның да, қарияның да айтпағы бір: бұ дүние тезек илеген қоңыздың тіршілігіндей татымсыз нәрсе, сондықтан ішінде аршыған жұмыртқадай хор қыздары отырған ахиреттің алтын қыш үйлерін соқпаққа ұмтыл.
Сахих Муслимнен келген хадисте: «Аллаһ елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Өлген адамға үш нәрсе еріп барады да, екеуі кері қайтып, біреуі қалады. Оған отбасы мен дүние-мүлкі және амалы еріп барады. Сосын отбасы мен дүние-мүлкі кері қайтып, амалы қалады» деген. Шайыр жыры осы хадистің шархы іспеттес: яғни тірі күніңде жасаған қолқайырың өзіңмен бірге көрге кіреді...
М.Мағауин айтқандай, алып ақын ел еңсесі қатты түскен кеңестік дәуірде рухы қызыл шақа нәрестедей қорғансыз қалған қазаққа мұхит астынан жота көрсеткен сүңгуір қайықтай боп шығып, пана болды. Ел-жұрт Жамбылға арқа сүйеді. Саяси қайраткерлер, ғалымдар, жазушылар, әскери адамдар, әртістер, қарапайым еңбек адамдары – бәрі Жамбылды өздеріне әке санады. Жамбыл қазақтың қамқор әкесі болды. Қиын-қыстау 30-40 жылдары Қазақстан үкіметін басқарған Н.Оңдасынов Жәкеңді «Жамбыл жәкем» деп атаса, Жамбыл да оны «Қоңырат бала» деп әспеттепті. Хас батыр Б.Момышұлы 1943 жылы қан майданнан елге демалысқа келгенде Жәкеңнің сынынан сүрінбей өтіп:
Батырдың жолы болсын!
Самсаған қолы болсын.
Түсі де суық екен,
Ісі де долы болсын, Алла әкбар! –
деген атақты батасын алады (Қараңыз: Құрманғали Оразбаев. Дала даналарының жалғасы – Бауыржан Момышұлы // Түлкібас өңірінің тұлғалары мен топонимикалық аңыздары, Әлем, Шымкент, 2014, 91-93б). Ақсақалдың батасы қабыл болып, майданға қайтқан Баукеңнің үлкен әскери қолбасшылық биікке, көтерілгені белгілі. Алашорданың алтын қанат құс ақыны Мағжан репрессияға ұшырап, артынан 30 жылдары елге бір оралғанда Жәкеңе мұңын шағып:
– Жан аға! Шықтым өлімнен,
Халімді менің көрсейші.
Жаның нұрға көмілген,
Нұрыңнан ұшқын берсейші –
деп жан сырын ақтарады.
Ақын Ғали Орманов шайырдың қабырғадай хатшысы болды.
Тегін адам таз бола ма?! Жамбыл тұлғасының тағы бір ғажабы – жұртты өзіне магниттей тарта беретіні. Міне, жүз жылдың жүзі болды, ол ел аузынан түскен жоқ. Кезінде «Жамбыл ақын емес, оны ақын қып жүрген Әбділдә ғой» деген әңгіме шықса керек. Сонда Ә.Тәжібаев әлгілердің аузына «Оу, ағайын, менің қолдан Жамбыл жасайтын құдіретім болса, өзгеден бұрын әуелі өзімді жарылқап алмас па едім?!» деп құм құйған екен. Ия, әсілінде «ХХ ғасырдың Гомері» атанбаққа көп адам ынталы болған ғой, сол кезде.
Ақиқатында, Жамбылды Жамбыл еткен Ә.Тәжібаев та, О.Жандосов та, Мирзоян да, Ғ.Мүсірепов те, яки, кеңес үкіметі де емес (Қараңыз: М.Сәрсекеев. Мәйімбетті іздеу / /Ғабит Мүсірепов туралы эсселер, Жұлдыз, №11,1992, 101-108б), жеті қат аспанды Жаратқан Аллаһ Тағала!
Ия, сонымен... Әлемді тітіреткен алып империя жұдырықтай қара шалдың алдында тізе бүкті (Бір «здравомыслящий ми қазақ» айтқандай «Жамбыл сәветтерге емес, сәветтер Жамбылға жалынды ғой»). Қызыл бесжұлдыз таққан буденновка қазақы бөріктен оңбай ұтылды. Әйтпесе, о заманда бұ заман Кремлде емін-еркін қысылмай кім намаз оқи алды! Кремль түгілі...
Қорыта айтарымыз, Әлімқұл ақсақалдың қорғасын сөздері болсын: «Қазақта аузымен құс тістеген қаншама дарынды ақындар болды, қаншама жыраулар өтті сол заманда. Солардың бәрінің арасынан Жамбылға Жаратқанның шапағат нұры неге ерекше жарқырады? Мұның бір сыры бес уақыт намазын қаза етпеген діндарлығында жатқан шығар деген ойды мен қазір жасым тоқсанға қадам басқанда ғана түсіне бастадым. Жамбыл мерейінің үстем болу себебі де осында деп білемін.

Ақжол ҚАЛШАБЕК,
М.Әуезов атындағы ОҚУ «Мұхтартану»  ғылыми-зерттеу орталығының аға
ғылыми қызметкері, ф.ғ.к., доцент

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.