КӨРШІ ЕЛДЕРДЕ ПАНДЕМИЯ ҚАЙТА ӨРШУДЕ Избранное

Среда, 03 Ноябрь 2021 04:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1089 раз

бұл жағдай елімізде қайталанбауы үшін вакцина алу маңызды

 

Өкінішке қарай, қазан айының соңғы онкүндігінде әлемнің көптеген елдерінде коронавирус пандемиясы қайта өршіді. Мәселен, Lenta.ru порталы таратқан мәлімет бойынша, көршілес Ресейде ритуалды қызмет көрсетуші компаниялар қауымдастығы вирус жұқтырып, қаза тапқандарды жерлеп үлгере алмай жатқанын айтып, дабыл қақты.

207

 

Ресейдің коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі жедел штабы қазанның соңғы күні елде 40 мыңнан астам адамның қауіпті індетті жұқтырғанын, бір күннің ішінде 1 163 адамның көз жұмғанын хабарлады. Бұл – солтүстік көршімізде пандемия басталғалы тіркеліп отырған антирекордтық көрсеткіш. Осыған байланысты өткен демалыс күндерінен бастап екі апталық жалпыұлттық локдаун жарияланды. Айта кетейік, солтүстік көршіміз коронавирустың таралу жылдамдығы бойынша әлемде 5-орынға шықты.

Қазақстанда эпидахуал әзірге біршама тұрақты. Денсаулық сақтау министрлігінің 1 қарашадағы мәліметі бойынша, 46 492 адам коронавирустан емделуде, олардың ішінде 8 412 пациент стационарда, 38 080 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Соның ішінде 590 адамның жағдайы ауыр, 149 пациенттің жағдайы өте ауыр, 94 науқасқа өкпеге жасанды тыныс беру аппараты қосылған. Елімізде 1 тәуліктің ішінде коронавирустан 18 адам, коронавирусты пневмониядан 1 адам қаза тапқан. Өкінішке қарай, қайтыс болғандардың үшеуі – Шымкент қаласының тұрғындары.
Жұқпалы індеттен төнген қатер осылай өршіп тұрғанына қарамастан, әлемнің әртүрлі елдерінде вакцинацияға қарсы наразылық басылмай тұр. Айталық, Израильде вакцинаға қарсы наразылық акцияларының соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Полициямен қақтығыс барысында онға жуық адам жарақат алған.
Мамандар пандемия қайта өршіп бара жатқан АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия мен Ресейдегі жағдай елімізде қайталанбау үшін азаматтар жаппай екпе қабылдап, ұжымдық иммунитетті тезірек қалыптастыру қажет екенін айтады.
Бүгінде Қазақстанда вакцина егу әлі де жалғасып жатыр. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің 1 қарашадағы мәліметі бойынша, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентін 8 300 105 адам алды. II компонентті 7 500 328 адам салдырған. Соның ішінде Шымкент қаласында 515 772 адам коронавирусқа қарсы толық вакцина алған.
«Елім үшін егілемін» азаматтық штабының мүшесі, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың айтуынша, елімізде екпе салдырғандар көрсеткіші бүгінгі таңда едәуір ұлғайып, ұжымдық иммунитет қалыптастырудың алдында тұр. Дегенмен, Қазақстан бойынша, ревакцина қараша айының үшінші онкүндігінде басталуы мүмкін. Азаматтық штаб өкілдерінің айтуынша, векторлы вакцина алған азаматтар 9 айдан кейін инактивті екпенің 1 дозасын, ал инактивті вакцина алған азаматтар 6 айдан кейін векторлы вакцинаны ала алады. Ал Pfhiser вакцинасын өндірушілермен ел Үкіметі келіссөз жүріп жатыр. Келіссөздер сәтті аяқталса, ол жүкті әйелдер мен жасөспірімдерге ерікті түрде салынуы мүмкін.
— Бүгінде вакцинациялауға байланысты халық арасында түрлі ақпараттар тарап жатыр. Олардың басым көпшілігі балалар вакцинасына қатысты жалған, негізсіз ақпараттар. Ел Үкіметі балаларға коронавирусқа қарсы екпе салу жұмыстарын бастаған жоқ. Тіпті, ондай вакцина елімізге әкелінген жоқ. Қазір шетелдік Pfizer вакцинасын өндірушілермен келіссөз жүргізілуде. Алдағы уақытта елімізге екпенің осы түрі келсе, жүкті әйелдер мен оқушылар вакциналануы мүмкін. Бұл – біздің жоспарымыз. Балаларға ата-анасының немесе қамқоршысының рұқсатынсыз, ал жүкті әйелдерге өздерінің келісімінсіз екпе егілмейді. Жалған ақпараттарға ермей, әркім өз денсаулығын ойлауы қажет, — деді Е.Байтанаев.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемдегі дамыған елдерде халықтың 60 пайыздан астамы екпе қабылдап үлгерген болса, табысы төмен, артта қалған мемлекеттердің тұрғындарының небары 1 пайызы ғана вакцина алған. Яғни, кедей мемлекеттердің халқы әлі күнге вакцинаға қол жеткізе алмай, қауіпті індеттен жапа шегуде.
Осы тұрғыдан қарағанда, елімізде бұл мәселенің оңтайлы шешіліп жатқаны қуантады. Мемлекет әр азаматқа тегін вакцина қабылдауға барлық жағдайды жасап отыр. Ендігі жерде әр азамат өзі мен жақындарының денсаулығына жауапкершілікпен қарап, вакцинаны уақтылы қабылдаса, коронавирус пандемиясын біржола жеңіп шығарымыз сөзсіз.