БЕС ЖЫЛДА 101 МЕКТЕП БОЙ КӨТЕРЕДІ Избранное

Среда, 03 Ноябрь 2021 04:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1401 раз

Бұл туралы шаһардың бас мұғалімі Жанат Тәжиева ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз жиынында мәлімдеді. Брифингте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы аясында басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар сөз болды.

209

 

Жанат Арысбекқызы баспасөз жиынында сапалы білім беру мәселесіне тоқталды, педагогтердің жалақысын өсіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл жұмыстар 2025 жылға дейін жүргізіліп, мемлекет тарапынан ұстаздарды қолдау саясаты жалғасын табатынын атап өтті.
– Шымкентте бүгінгі таңда 28 519 педагог бар. Оның ішінде мектептерде 19 610 мұғалім жұмыс істейді. Кадрлық әлеуетті дамыту бойынша ұстаздардың еңбекақысын кезең-кезеңімен жоғарылату, біліктілікті арттыру курстарынан өткізу, шеберлік деңгейі бар педагогтер үлесін және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту» мамандығы бар педагогтер үлесін арттыру жоспарланған. Атап айтқанда мұғалімдердің жалақысы 2020-2021 жылдары 50 пайызға ұлғайды. 2022 жылға 25%-ға ұлғайту үшін жалпы 33 446 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Сонымен қатар, педагогтердің біліктілік деңгейін көтеру арнайы тест арқылы да жүзеге асырылады. Аталған бағытта 2022 жылға 8 109 млрд теңге қаржы бағытталып отыр, – деді Ж.Тәжиева.
Жанат Арысбекқызы білім саласындағы жағымды жаңалықтарға тоқталып, биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанғанын атап өтті. Осы бағытта дарынды балаларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін, оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар берілетінін айтты.
– Республикалық олимпиадалар нәтижелеріне сәйкес, шымкенттік оқушылар 70 медаль иеленді. Оның ішінде 20 алтын, 31 күміс, 19 қола медаль. Атап айтқанда, оқушылар ғылыми жобалар мен пәндік олимпиада, президенттік олимпиада, басқа да сайыстар мен спорттық додаларда топ жарды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, – деді Жанат Тәжиева.
Спикер орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығына тоқталды. Үшінші мегаполистегі үш ауысымды мектептердің мәселесі алдағы екі жылда толық шешілетінін жеткізді.
– Биыл сапалы білім беру үшін жағдай жасау, оқушы орнына тапшылықты жою мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар түзілген. Аталған жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін 101 мектеп құрылысы жүргізіледі. Оның 58-і мемлекет есебінен, 4-і мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде, 39 мектепті жеке инвесторлар салады. Биыл 11 064 орынға арналған 24 мектеп пайдалануға тапсырылды. Нәтижесінде жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен шешіліп, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға азайды. Үш ауысымдағы мектептер мәселесін 2023 жылға дейін, мектеп орнына тапшылықты 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған, – деді басқарма басшысы.