Жыр алыбын ұлықтаған кеш Избранное

Пятница, 05 Ноябрь 2021 04:59 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1194 раз

Жуырда қаламызда Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің және қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Қаратау мен Сырдың елі, дәстүрменен жырдың кені» атты Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы дәстүрлі әншілерінің концерті өтті.

300

 

– Қаратау мектебіне Сыр өңірінің – Қызылорда облысының дәстүрлі әншілері, жыршылары мен өнерпаздары қонаққа келіп жатыр. Бұл енді ресми іс-шара емес. Кезінде Біржан сал бабамыз сонау Арқадан Ақшоқыға Абайды іздеп барыпты, болмаса Жетісуға Сараны іздеп барыпты деген бабадан қалған дәстүрлі жол бар еді ғой. Сол жолды жаңғыртып, Сыр өлкесінің өнерпаздары «Сіздердің мектептеріңізге қонақ болып барып, сол жерде халыққа рухани кеш сыйласақ қалай болады екен» деген соң біз құшағымызды ашып, дәстүрлі өнерпаздарды мектебімізге қонақ етіп жатырмыз. Бұл жерде таза шығармашылық байланыс. Жыр тыңдап жүрегімізді ашамыз, ән тыңдап арқамызды кеңейтеміз деген кез келген көрерменімізге есігіміз ашық. Сыр өлкесінің елімізге белгілі жыршысы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Күнсұлу Түрікпен деген қарындасымыз бастап 13 азамат мектебімізге келді. Алдымен шағын форматта кездесу өткіздік. Мектептің жайымен танысты. Қаратау дәстүрлі мектебінің негізгі бағыты да осы дәстүрлі өнерді, насихаттау, ұлықтау ғой. Сондықтан біз «күміс домбыра» деп айтысымызды, «күміс қалам» деп поэзия байқауын өткіздік. Енді неге дәстүрлі әншілерімізге, содан кейін күйшілерімізге көңіл бөлмеске. Бұйырса осы іс-шарадан кейін республикалық деңгейде күйшілердің байқауын өткізсек деген ойымыз бар, - деді Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің директоры Біржан Байтуов.
Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына – 175 жыл. Сондықтан кешті ұйымдастырушылар іс-шараның бір мақсаты осы айтулы датаға орай бала жасынан домбыраны серік етіп, ел ішінде ақындығымен танылған, екі ғасырдың куәсі болып, саналы ғұмырын ән мен жырға арнап, ұрпағына қалдырған мол мұрасын халыққа насихаттау болғанын айтады.