ЖЕЛТОҚСАНДА ШЫНДЫҚ ЖЫРЫН ШЫРҚАЙМЫН ДЕП ШАРҚ ҰРДЫ Избранное

Пятница, 05 Ноябрь 2021 05:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1295 раз

Желтоқсан жаңғырығы жадымыздан өшпейді. Жалындаған жастардың алаңдағы ерлігі туралы естелік жыл сайын жаңара бермек. Уақыт өткен сайын тарихтың сол бір ақтаңдақ беттері ашылып, талай құпия жария болуда.

313

 

Желтоқсан оқиғасына қатысқандар кейін теперіш көргені жасырын емес. Солардың бірі – көрнекі ғалым, археолог, тарих ғылымдарының кандидаты, самбо, дзюдодан КСРО спорт шебері, қазақ күресінен
Қазақ КСР спорт шебері, ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Оңтүстік Қазақстан облысының үздік жаттықтырушысы, «Желтоқсан» республикалық қоғамдық-патриоттық қозғалысының тең төрағасы Зиядин Исабеков қысқа ғұмырында өнегелі өмір сүрді.
Зиядин Қашқынұлы 1960 жылы 6 наурызда дүниеге келген. 1976 жылы Жамбыл орта мектебін бітірген соң Алматыдағы қазіргі Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің тарих факультетінде білім алды. Жастайынан спортқа жақын өскен жігіт студент кезінде-ақ самбо, дзюдодан КСРО спорт шебері, ал қазақша күрестен Қазақ КСР спорт шебері атанды. Жастар арасында КСРО чемпионы болды. Университетті тәмамдаған соң ҚазМҰУ-де аспирантурада оқыды, қосымша ҚазМҰУ-дің Ыстықкөлдегі санаторийінде директор болып қызмет атқарып жүрді.
Жарқын тұлғаның қызметтегі өмірі осылай жалғаса берер ме еді, желтоқсанның ызғарлы желі болмағанда?..
Жастайынан ұлттық әдебиет пен мәдениетке, тарихқа ерекше көңіл бөлген, ұлтжанды, патриот азамат 1986 жылы желтоқсан қозғалысына қатысқаны үшін аспирантурадан шығарылып, жұмыстан босады, қудалауға ұшырады. Алматыдан Шымкентке келіп, бір жылдай жұмысқа орналаса алмай жүрді. Себебі, қайда барса да өз ойын, еркін білдіргені алдынан шыға беретін.
Дегенмен, ұлтжанды азаматты қолдайтындар да бар екен. М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының «КСРО тарихы» кафедрасына оқытушы болып қабылданып, сонда 1991 жылға дейін қызмет атқарады. Осы жылдары археология саласымен шұғылданып, тың талантын танытты. Ордабасы ауданында қазба жұмыстарын жүргізуді қолға алады. Зиядин Қашқынұлы қазақ-жоңғар соғысының тарихын зерттей жүріп, 1988 жылдың өзінде халықаралық туристік археология жұмыстарын жүргізуге лицензия алады. Соның нәтижесінде АҚШ, Франция ғалымдары елімізге келіп, қазба жұмыстарына қатысты. Бүгінде өзі өсіп-өнген Ордабасы ауданындағы Сарыарық ауылында тарих ғылымдарының докторы, профессор
А.Н.Подушкиннің жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыстары әлі де жалғасуда.
1991 жылы Түркістанда университет ашылғанда
Зиядин Исабеков алғашқылардың бірі болып барды. Жоғарғы оқу орнының ғылым, білім саласында, әсіресе археология ғылымы саласында өркендеуіне өз үлесін қосты.
Зиядин Қашқынұлы тек бұл салада ғана емес, спортта да өшпестей із қалдырды. 1999 жылы Шымкент қаласында жаңадан ашылған Оңтүстік Қазақстан облыстық олимпиада спортшыларын даярлау орталығының директоры қызметінде жүріп, бірнеше саңлақ спортшының халықаралық ареналарда жарқырай көрінуіне ұйытқы болды.
Ұлтжанды азамат қай салада жүрсе де әділдік, туралық жолынан таймады. 1989 жылы құрылған «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі 2005 жылы 16 қарашада Алматыда І құрылтайын өткізіп, «Желтоқсан» республикалық қоғамдық-патриоттық қозғалысы болып қайта құрылды. Осы құрылтайда «Желтоқсан» қозғалысының үш тең төрағасы сайланды. Олар – Аманжол Нәлібаев, Әлібек Мұзафар және
Зиядин Исабеков еді.
Елін сүйген еңбекқор ұлдың арманы да аз емес еді. Ол Мырзашөл мен Шардара өңірлерінен Түркістан қаласына дейінгі аралықтағы тарихи орындарға археологиялық зерттеу және қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлап қойған еді. Бірақ, сұм ажал оған мұрша бермеді, 2006 жылы 4 қаңтарда өмірден өтті. Соңында еңбектерінен үш монография, он екі оқулық пен оқу-әдістемелік құрал, жетпіске жуық ғылыми мақала қалды. Еңбегі лайықты бағаланып, 1998 жылы ОҚО әкімінің Алғыс хатымен және «Үздік жас ғалым» арнайы сыйлығымен, 2005 жылы ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. Сол 2005 жылдың қорытындысы бойынша ОҚО үздік жаттықтырушысы және ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы атанды.
2010 жылы Зиядин Исабековтің 50 жылдық мерейтойына орай Шымкент қаласында қазақша күрестен халықаралық турнир өтіп, «Біз білетін Зиядин» атты естелік кітап жарық көрді.
Ел үшін еткен еңбек ескерусіз қалмай, өзі білім алған алтын ұясы – Ордабасы ауданы, Қараспан ауылындағы Мақташы мектебіне Зиядин Исабековтің есімі берілді.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген осы болса керек. Зиядин Қашқынұлы секілді елі үшін ештеңеден тайынбаған азаматтардың атымен байланысты Желтоқсан оқиғасының маңызы жыл өткен сайын тереңдей бермек. Желтоқсаншылар көзге көрінбейтін ерлігімен бүкіл елдің тағдырын өзгертті деп айтсақ, қателеспеспіз.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.