Жылыжай шаруашылығыНда ауқымды жобалар күтілуде Избранное

Пятница, 05 Ноябрь 2021 05:08 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1145 раз

Халықты жыл он екі ай балғын көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында елімізде оның ішінде, Шымкент қаласында жылыжай шаруашылығын дамыту қолға алынған. Оның бір дәлелі, жылыжай кешендерінің көлемі үшінші мегаполисте жылдан-жылға артып келеді. 2018 жылы ол 156,5 гектарды құраса, биыл 204 гектарға ұлғайды. Жылыжай шаруашылығына төленетін инвестициялық субсидия көлемі де Шымкент республикалық мәні бар қала мәртебесін алғалы біршама өскен.

301

 

2018 жылы жергілікті шаруаларға 668 млн. теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілсе, 2021 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 2,6 млрд теңгеге қаржылай көмек берілді. Осы орайда ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған арнайы бағдарлама қабылданған. Ол «Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» деп аталады. Мегаполисте агросаланы жандандыру мақсатындағы игі істердің барлығы осы бағдарлама аясында атқарылуда. Осыдан 10 жыл бұрын республикада жылыжай шаруашылығынан жиналған өнім 120 мың тоннаны құраған. Араға 5 жыл салғанда 150 мың тоннаға жақындады. Бүгінде өнім көлемі одан да бірнеше есеге көбейген.
Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары
Әбунасыр Жанбатыров мегаполистің агросаласын жылыжай шаруашылығы және өнімдерді терең өңдеу бағытында дамыту көзделіп отырғанын айтты. Азық-түлік қауіпсіздігі ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты, сондықтан стратегиялық маңызы бар саланың жұмысы әкімдіктің жіті бақылауында. Бұған дәлел, қала іргесіндегі Мәртөбе тұрғын алабынан ашылатын агроиндустриалды аймақ құрылысы. Оның аумағы 198 гектарға тең. Онда заманауи үлгіде жылыжай кешендері салынады. Жабық топырақта өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдері келешекте мегаполистің экономикасына үлкен табыстар әкелуі мүмкін. Әкімдік тарапынан жиналған мол өнімді сақтау мәселесі де қарастырылып отыр. Маусымдық кезеңде азық-түлік тауарларын тұрақтандыру мақсатында заманауи қоймалар салынып, бұрынғылары қайта жаңғыртудан өткізіледі. Осы ретте «Delta oil», «Gramad retail», «Керемет сапа», «Южстройсервис» секілді қоймалар іске қосылмақ. Ал қолданыстағы 6 көкөніс сақтау қоймасында өнімдерді қорға жинау ісі ұйымдастырылады. Мұнан өзге делдалдық қызметке сүйенбеген «Егістік алқабынан дүкен сөресі» жобасы шеңберінде сауда орындарының саны артуда. Бұл ертеңгі күні жылыжайдан жиналған сапалы өнімдер осындай әлеуметтік сауда орындарында халыққа қолжетімді бағада ұсынылады деген сөз.
Осы ретте биыл мегаполисте жылыжай шаруашылығы бойынша екі нысан ашылды. Оның бірі «AgroPark» шаруа қожалығының иелігіне қарасты жылыжай болса, екіншісі «IGM Corporation» ЖШС-нің жылыжай кешені. Қос нысанның аумағы 9 гектарды құраса, оларды салуға қос компания қаржысын қосқанда 2,6 млрд теңге жұмсалған.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жуырда ауыл шаруашылығы бағытында іске қосылған бірінші нысанның жұмысымен танысып қайтты. Қаратау ауданы, Алматы тас жолында орналасқан «AgroPark» ШҚ жылыжайы 5,2 гектар аумақта орналасқан. Онда жылына 1500 тонна қызанақ пен қияр өндірілмек. Тартылған инвестиция көлемі - 1 300 млн теңгені құрайды. Кәсіпкерге 331,5 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген. Аграрлық өнімдер жылына екі мәрте жиналады. Кешенде қажетті климаттық жағдай қарастырылған және топырақ құнарлылығын сақтау процесі автоматты түрде жүзеге асырылады. Осы кәсіп арқылы шаруа қожалығы 45 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылыжай қызметкерлері аграрлық технологияны жан-жақты меңгерген, тиісті дайындықтан өткен мамандар.
Жылыжай шаруашылығы жобасын қолға алған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан инвестициялық субсидия беріледі. Ол кешен құрылысына, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға кеткен шығынның 25 пайызын құрайды. Мегаполисте ауыл шаруашылығымен айналысуға ниеті бар азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіле бастады. Осы орайда жуырда «Іскер қала» деп аталатын бағдарламаның таныстырылымы өтті. Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А.Қаныбековтің айтуынша, шағын кәсіпкерлерге 1-2 пайызбен арзандатылған несие беріледі. Бұл қаражатқа ол азаматтар өзінің жеке кәсібін дамытып, табысын арттыруға мүмкіндік алады. Ауыл шаруашылығы бойынша есігінің алдында үйіргелік жері бар азаматтар тамшылатып суару әдісімен шағын жылыжай ашып, көкөніс және басқа да дақылдар өсіруге мүмкіндіктері бар. «Іскер қала» әкімдік қолға алған жергілікті бағдарлама. Ол қосалқы шаруашылығы бар қала тұрғындарын шағын бизнеспен айналысуға қызықтыру үшін жасалған. Тіпті бағдарлама талабына сәйкес несие алған шаруаларды көкөніс өсірудің агротехнологияларын қалай қолдану керектігіне дейін семинар арқылы тегін үйретеді. Сондықтан бизнес бастауға ойы кетіп жүрген азаматтар осы мүмкіндікті жіберіп алмауы керек.
Ресми дерек бойынша, қаланың ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнімнің нақты көлем индексі биылғы жылдың тоғыз айында 101,6%-ға орындалып, 34,1 млрд. теңгеге жеткен. Өнім экспортының көлемі 103,2%-ға, еңбек өнімділігі – 107,5%-ға артып, негізгі капиталға бағытталған инвестиция 4,2 млрд. теңгені құрап отыр. Сондай-ақ жалпы агросалада 7,6 млрд. теңгеге 17 инвестициялық жоба іске асырылып, 248 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 9 жылыжай кешені, 3 тауарлы сүт фермасы, 7 мал бордақылау алаңы, 2 балық шаруашылығы, 2 ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорны бар. Тағы бір құс шаруашылығы өндірістік қуатын арттырды.
— Бекітілген жоспарға сәйкес, жалпы құны 16,3 млрд. теңгені құрайтын 28 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Соның нәтижесінде қосымша 1,5 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақты сақтау бағытында қолданыстағы 6 қоймамен бірге қосымша тағы заманауи үлгіде төртеуі ашылып, қала бойынша осы 10 қойма көтерме-тарату орталықтары міндетін атқарады. Сонымен қатар делдалсыз онлайн сауда желісін құруға байланысты жұмыстарды атқару жоспарда бар, - дейді Ә.Жанбатыров.
Ол сондай-ақ, басқарма тарапынан үйіргелік жерлерді тиімді игеру, кооперацияларды дамыту бастамалары қолға алынғалы жатқанын және бұл бағыттағы жобалар келешекте халықты жұмыспен қамтуға, тұрғындар табысын арттыруға серпін беретінін жеткізді.