Халық қаһарманына құрмет Избранное

Среда, 10 Ноябрь 2021 04:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 976 раз

Кеңес одағының батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, №1 армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың атымен аталатын Шымкент қаласындағы №72 жалпы орта білім беретін мектепте батырдың ескерткіш тақтайшасы ашылды.

321

 

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткен салтанатты іс-шарада қалалық қарулы күштер ардагерлері ұйымының төрағасы Серікбай Онбаев және мектеп директоры Бегмат Усманов сөз сөйлеп, халықтың қаһарман ұлы жайлы ой толғады.
–Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қор демеушілігімен батырдың бюсті соғылуда. Мектепке халық қаһарманының атын беру ісіне жергілікті әкімдік, ардагерлер ұйымы, ҚР Білім және Қорғаныс министрліктері көп еңбек сіңірді. Мектеп батыр атымен аталатындықтан мұнда 7 сыныптан жоғары оқушыларға арналған «Кадет сыныбы» ашылды. Сондай-ақ «Ерлікке тағзым» атты қосымша сабақ енгізілген. Осы арқылы оқушыларға патриоттық тәрбие беріліп, шәкірттер әскери өнердің қыр-сырына қанығады, - деді Бегмат Нұралиұлы.
Батыр атамыздың жауынгерлік өмір тарихына қысқаша тоқталсақ, ол 1942 жылы 18 жасында Кеңес әскері қатарына қабылданып, Түркмен-станда пулеметшілер дайындайтын училищені үздік аяқтайды. Кейін взвод командирі ретінде майдан шебіне аттанады. Кубань, Дон, Молдавия жерлерінде, Одер, Шпрее өзендерінің бойында жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысады. 1945 жылы 17 қаңтарда Нұрмағамбетов Польша жерінде жау қорғанысын бұзып ету кезінде үлкен батырлық көрсетеді. Магнушев плацдармында болған шайқаста ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан орынның көзін жояды. Осылайша оның ротасы кеңес әскерінің алға жылжуына мүмкіндік жасайды. 1945 жылдың 27 ақпанында 21 жасар Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес одағының батыры атағы беріледі.
— Мен 1991 жылы елімізде тұңғыш рет мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылған кезде Сағадат Қожахметұлымен бірге жұмылдыру басқармасының бастығы болып жұмыс атқардым. Маған полковник шенін сол атамыз өзі бұйрыққа қол қойып, иығыма таққан еді. Ол кісінің Қазақстан қарулы күштері үшін сіңірген еңбегі өте зор. Комитет пайда болған соң бір жылдан кейін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі құрылды. Қиын-қыстау кезеңде 3 айлық жас лейтенанттардың курсын ашып, сол жерден арнайы дайындықтан өткеннен кейін қарулы күштер жаңа офицерлер құрамымен қамтамасыз етіле бастады. Сағадат Нұрмағамбетовтің атын иеленген №72 мектеп түлектері келешекте әскери саланы таңдап, батыр атамыздың жолын қуады деген сенімдемін. Болашақ ұрпақ осындай қазақтың қаһарман ұлдарының есімін ұмытпай, мәңгі жадында сақтап жүруі керек, - деді ҚР Қарулы күштерінің полковнигі, Шымкент қалалық қарулы күштер ардагерлері ұйымының төрағасы Серікбай Онбаев.
Іс-шара соңында жиналған жұрт оқушылардан құралған әскери топ өрендерінің өнерін тамашалады.
Айта кету керек, мектепке Кеңес одағының батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі 2020 жылдың 27 қарашасында ҚР Үкіметінің №799 қаулысына сәйкес берілді. Алайда, пандемияға байланысты салтанатты шара бүгінге дейін шегеріліп келді.