Өнерлі өзін де, өзгені де асырайды Избранное

Среда, 10 Ноябрь 2021 04:29 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1483 раз

Қазақта «өнерлі өрге жүзеді» деген жақсы сөз бар. Кез келген адамның бойында өнері болады. Осы өнер арқылы өмірге деген кең тыныс, тіршілікке деген ой-толғаныс, адамның әртүрлі сезімі бейнеленеді. Сөз, әуен, қолөнер – адам өмірінің сан ғасырдан келе жатқан қол жетпес мұрасы. «Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын» – демекші бұл жолы көнеден бастау алған қыш өнерін кәсіпке айналдырған Наурызбай ОРАЗБАЙМЕН сұхбаттасудың сәті түсті. Шымкенттік жас суретші құмыра жасаудың денсаулыққа пайдасы мен гончарлық өнердің қыр-сыры туралы айтып берді.

323

 

Кейіпкеріміз Наурызбай Еркінұлының кәсібі ерекше. Ол жуырда шаһарда жоқ орталықтың негізін қалады. Жеке студиясында саз балшықтан түрлі заттарды жасауды және қыл қаламмен сурет салуды көпшілік қауымға үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп, жеке және топтық сабақтар өткізіп келеді.
–Түркістан облысының Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында тудым. Әкем - ұста, ал анам - тігінші. Асқар тау әкем мен асыл анамнан дарыған бойымдағы қабілетті шыңдап, талантты дамытып осы күнге жетіп отырмын. Мектеп қабырғасында ұстазым Бақыт Амангелдиевтің жол көрсетуімен түрлі үйірмелерге қатыстым. Бүгінгі жетістігім сол кезде қабілетімнің барын байқап, бағыт беріп шыңдаған ұстаздарым – Бақыт Амангелдиев, белгілі суретші, әрі нағашым Мәлік Әділхан мен ата-анамның арқасы деп санаймын. Шәуілдірдегі Жамбыл атындағы лицейді бітірген соң, халықаралық SILKWAY университетінде суретші мамандығы бойынша білім алдым. Тарихи өлкеде туған соң, бала күнімде Отырар төбенің айналасында ойнап жүріп, сынған құмыраларды, тағы да басқа ыдыстарды көруші едім. Сол тарихи естеліктер менің талантымның ашылуына сеп болған шығар деп ойлаймын. Сөйтіп, бала күнгі қабілетті теориялық біліммен ұштастырып, кеңейткен соң арнайы кәсіп ашуды жөн санадым, - дейді жас суретші.
Орталыққа кірген бойда кез келген адам басқа әлемге тап болғандай күй кешеді. Үш бөлменің бірі шеберханаға лайықталған. Онда үстелде өңдеуде жатқан кесек саз бен бөлменің оң жағында тұрған сегіз көзеші ұршығы (гончарный круг) көзге бірден түсті. Қабырғадағы суреттер, сөредегі саздан жасалған құмыралар шеберхананың сәнін келтіріп тұрса, бөлмедегі киіз үй мен қолдан жасалған өзге де бұйымдар жүрекке жылылық ұялатады. Наурыз Еркінұлы мұның барлығы отбасы мүшелерінің туындысы екенін айтады.
– Құмыра жасау үлкен шыдамдылықты, ұқыптылықты талап ететін еңбек түрі. Қажетті заттарды Алматы қаласынан аламыз. Құмыра жасауға қажетті саздың құрамында адам денсаулығына пайдалы А, В дәрумендері бар. Бір көріп машықтанып, құмырашы бола саламын деу қателік. Құмыра жасай білу, оның әдістерін үйрену, қыр-сырымен толық танысу үлкен уақытты және танымды талап етеді. Сол үшін де біз шеберлік сабағына қатысуға келген, осы өнерді үйренсем деп ниеттенген жастарға барынша ұқыпты, түсінікті тілде сабақ өткізіп, шыңдалуына мүмкіндік береміз, - дейді жас кәсіпкер.
«Art clаy» студиясының ашылғанына көп болмаса да, сазбен жұмыс істеуге қызығушылық танытып, курсқа жазылғандар саны көп. Мұнда мүсіндеу мен қыш құмыраларды жасаудан бөлек, шеберханада сурет салу үйірмелері бар. Яғни, акварель, акрил бояуларымен көркем сурет өнерін үйренуге болады. Студия бұрышында естелікке суретке түсіп, романтикалық кеш жасауға да жағдай жасалған.
– Қазіргі таңда осы өнер түріне қызығушылық танытып жатқан жастар легі көп. Ол бізді қуантады. Сол себепті өнерге жақын жастарға арнайы бір күндік және бір айлық шеберлік курсын аштық. Ақылы түрде өтетін арнайы сабақтар күндігі 4500 теңгені құрайды. Ал, айлық білім алу 30 000 теңге тұрады. Бірақ, қазіргі уақытта біз айлық шеберлік сабағының құнына жеңілдікпен 20 000 теңгеге жазылу науқанын аштық. Мұнан бөлек, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар, бір үйдің 2-3 баласы қатысатын болса, ондай жағдайда да көмек көрсетуге дайынбыз. Бізде құмыра жасаудан бөлек, сурет салу қызметі де бар. Жақында Rezident ART смаладан түрлі бұйымдар жасау қызметін ашсақ деп ниеттеніп отырмыз. Сонымен қатар, ART CLАY орталығында 3 маман жұмыс істейді. Олар өнер табыстырған өмірлік достарым. Бірі суретші, бірі керамикашы, енді бірі SММ маманы, - дейді Н.Оразбай.

324


Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай «Өнер адамның рухани азығы, ол халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы». Наурызбай мұны ерте жастан ұғына білген. Соның арқасында көптің ішінен дарынымен дараланып, таланты мен ерекшеленеді.
–11 сынып оқып жүргенде оннан аса көне Отырардың гүлденген шағы бейнеленген туындыларым көрмеге қойылды. Шетелдік турист бір туындымды сатып алды. Бұл маған рухани күш берді. Студенттік жылдарда республикалық, халықаралық байқауларда бақ сынап, 2019 жылы Шымкент қаласының «Үздік суретші» номинациясын, «ТМД-ның үздік түлегі» сайысында І дәрежелі дипломмен марапатталдым. Туындыларымның көбі реализм бағытында салынады. Тарихи суреттерді салуды жақсы көремін. Осындай қабілетімді дамытып, өзге жандарға ұлттық қолөнерімізді үйретуді мақсат еттім. Енді ғана ашылған шеберхананың алдағы уақыттарды үлкен сұранысты талап ететін өнер ордасына айналуына бар күш-жігерімді саламын. Түрлі мекемелермен келісімшарт жасау үстіндеміз. Өйткені, қазақтың кезекті таңғажайып өнерін күнгей өңірге келген туристің барлығы да тану керек деп білемін. Жоспар көп. Барлығы да өз уақыты, сабақты ине сәтімен шешімін табады деп сенемін, - деп түйіндеді ол.
Қазақ халқының басынан өткен сан қилы замандар, оның тіршілігі мен салт-дәстүрі, сана-сезімі, өмір сүрген ортасы, әдет-ғұрпы арқылы ұлттық өнер ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, болашақ үшін тарихи мәртебеге айналды. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атап өткен: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деген болатын. Ал, «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Другие материалы в этой категории: « Халық қаһарманына құрмет НЕСИЕДЕН – НЕСІБЕГЕ »