НЕСИЕДЕН – НЕСІБЕГЕ Избранное

Среда, 10 Ноябрь 2021 04:33 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 404 раз

Қазақстан 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес үлесін 50 пайызға жеткізу арқылы әлемнің дамыған елдерінің қатарынан көрінуді мақсат тұтады. Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға барынша көңіл бөле отырып, экономиканы тұрақтандырудың негізгі тетігін қалыптастырады. Осы орайда отандық бизнес өкілдерін, оның ішінде жас кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау маңызды.

325

 

Еліміз бойынша 14 пен 29 жас аралығында 4 миллионға жуық жас азамат бар. Ал үшінші мегаполисте 239986 жас тұрады. Қала халқының төрттен бір бөлігін құрайтын жастардың осы әлеуетін шағын және орта бизнесті дамытуда тиімді пайдаланған жөн. Осы ретте кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жастарға мемлекет тарапынан қаншалықты қолдау барын зерттеп көрген болатынбыз.
Шымкентте шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика бар. Бұл туралы жуырда өткен қала әкімдігінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысында айтылған-ды.
Сол басқосуда жас кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстарға қанық болдық. Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы келтірген дерекке сәйкес, қалада шағын және орта бизнеспен айналысатын 11 948 жас кәсіпкер бар. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 1 млрд 426 млн. теңгеге 115 жас кәсіпкер қолдау тапқан. Атап айтқанда, банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша 917 млн. теңгеге 63 жас кәсіпкерге тиісті көмек көрсетілсе, банк несиелерін ішінара кепілдендіру бойынша 446 млн. теңге көлемінде 38 жас жеңілдетілген несие алған. Ал, мемлекеттік гранттар ұсыну бойынша 63 млн. теңгеге 14 жас қолдау тапқан.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында 23 млн. теңгеге дейінгі несиелер 6% жылдық өсіммен берілсе, әлеуметтік жағынан осал топтар үшін 7 жылға 4 пайыздық өсіммен қарастырылған. Бағдарлама аясында 139,9 млн. теңгеге 9 жас кәсіпкердің жобасы қолдау тауып, қаржыландырылған. «Мен кәсіпкер боламын» әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамыту арнайы іс-шара жоспары аясында 10 млн. теңгеге дейін 1%-дық шағын несиелер беру қарастырылып, осы бағдарламамен 79,1 млн. теңгеге 7 жас кәсіпкердің жобасы қолдау тапқан. Сонымен қатар, «Бастау бизнес» жобасы бойынша 951 азамат тіркеліп, оқуды аяқтады. «Еңбек» бағдарламасы арқылы 172 жас кәсіпкер гранттық (583 400 тг) қаржылай көмек алған.

326


Ғалия Заидинова – мемлекеттік қолдаудың шарапатын көрген жастардың бірі. Жас маман «Бастау» бизнес мектебін сәтті аяқтаған. Қайтарымсыз грантқа қол жеткізе отырып, өз кәсібін ашқан. Ол бүгінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үш тұғырлы тіл саясатын берік ұстанып келеді. Қала жастарына шет тілін меңгеруіне мұрындық болып жүрген жас маман замандастарын да жұмыспен қамтып отыр. Алғашқыда бір орталықпен жұмысын бастаған ол бүгінде сұранысқа сай тағы екі қосымша білім беру орталығының жұмысын жандандырып отыр. Онда 100-ге жуық бала оқиды екен.
– Бүгінгі таңда мемлекет шағын және орта бизнеске қолдау көрсету жолында бірқатар бағдарламалар қабылданған. Бағдарлама аясында жастарға мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несие беруді қолға алып отыр. Мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерді кешенді қолдау шаралары көңіл қуантады. Әдетте адамдар бизнес ашу үшін үлкен сомада несие алады. Бәрі бірден жақсы болып кетеді деп қателесіп жатады. Несие алудың екінші жағы бар, егер бизнесің тоқтап қалса, қарызыңды қалай қайтармақсың? Сондықтан бәрін жан-жақты ойлап, жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс. Өйткені , ақпарат пен технологиялар ғасыры барлық саланың мамандарынан икемділікті талап етіп отыр. Тәуекел ете отырып, өзім қалаған кәсіптің көзін таптым дей аламын. Қазір тұрақты табысым, әр бастамамды қолдауға дайын тұратын әріптестерім, тіл үйренуге асық шәкірттерім бар. Жастар жүрген жерде құлшыныс, тың идеялар мен креатив бар. Олар еш қиындыққа мойымайды. Алда жоспарларымыз көп. Оған жету үшін барымды салып еңбектенемін, - дейді жас кәсіпкер.
Адамзаттан асып туған дарыны болмаса да, талпынысымен кәсібін жоқтан жасап, бүкіл әлемге байлығымен танымал болғандарды естіп те, көріп те жүрміз. «Көп іс тындырамын десең, кішкентайдан баста» демекші, олар үлкен талаппен еңбек етіп, іргелі істер тындыруда. Ғалия сондай еңбекқор қаракөздеріміздің бірі екенін оның сөздерінен ғана емес, тындырымды тірлігінен көруге болады. Дегенмен, «әрекет түбі – берекет» демекші, тынымсыз еңбек пен талпыныс қана адамға азық боларын ұмытпағанымыз абзал. Тиыннан теңге құрап, несиеден несібеге жеткен кәсіпкерлердің оқиғалары ғана емес, мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктері де адамдарды жігерлендірсе, нұр үстіне нұр болмақ.