Көңілі – ояу, көзі – істе... Избранное

Среда, 17 Ноябрь 2021 03:21 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1148 раз

13 қараша – халықаралық зағиптар күні. Атаулы күн тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында үшінші мегаполисте жоғары деңгейде аталып өтті. Көрме орталығында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана ұжымының ұйытқы болуымен «ШамShyraq» фестивалі ұйымдастырылды.

371

 

Көзі көрмесе де көңілі ояу, қолы – істе. Жанарында кінәрат болғанымен, еңбегінде мін жоқ. Бұл – тағдырдың түрлі тауқыметін бастан кешкен зағиптардың тыныс-тіршілігі. Қайсар жандар бұл жолы сахна төріне шығып, өзара сайысты. Өнерлерін ортаға салып, жырдан шашу шашты. Фестиваль екі күнге жалғасты. Алғашқы күні қалалық жастар ресурстық орталығында көру қабілеті бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арасында ән байқауы өтті. «Туған елге тағзым!» тақырыбындағы конкурсқа қатысушылар жанды дауыста ән салып, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арнап, автордың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Бұған қоса жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арнап, жыр, терме орындады.
Ал көрме орталығында «Саусақ ұшындағы әлем» атты спорт додасы ұйымдастырылды. Онда көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар шахмат және дойбы ойындарынан жарысып, қатысушылар кәсіби деңгейде өнер көрсетті.
Бұған қоса орталықта зағип оқырмандардың еңбектеріне арналған «Тәуелсіздікке тағзым!» көрмесі өтті. Стендтерде кітапхананың тарихы мен фотошежірелері көпшілікке таныстырылды. Арнайы кітапхананың ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап шығарылған «Рухты жаңғырту – парызымыз» атты тактильді кітаптарының тұсаукесері де өтті. Кітапхана қызметкерлері арнайы тифлоқұралдар арқылы оқырмандарға Брайльмен жазуға арналған 18 жолдық құрылғымен, грифель Брайль қарындашымен, Perkins Standart механикалық брайль машинкасымен жұмыс істеуді көрсетті.
Ал Алматы қаласынан келген SATR.kz компаниясының өкілдері зағип жандарға арналған автоматтандырылған құрылғыларды таныстырып, 3D форматтағы кітаптарды көпшіліктің назарына ұсынды.
Фестивальде қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың директоры Бәкір Әбдіұлы сөз алып, өнер бәйгесінің және интеллектуалды ойындардың жүлдегерлерін құттықтады, сәттілік тіледі. Ал айтыскер ақын, «Қаратау» өнер мектебінің директоры Біржан Байтуов зағиптардың өнерінен шабыт алғанын айтып, оларға шығармашылық табыс тіледі.
Фестиваль соңы гала-концертке ұласты. Онда екі күндік сайыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталды. Атап айтсақ, «Туған елге тағзым!» атты эстрада орындаушыларының бәйгесінде үшінші орынға ие болған Ж.Пернебаев, Т.Нұрғожаев, А.Тайтелиевалар қаржылай 30 мың теңге сыйлық алды. Ал
М.Дәужігіт пен Қ.Асқарбекова екінші орынды (40 мың теңге) еншілесе, А.Басымбек бас жүлдені алды. Нақышына келтіре ән әуелеткен Ақмарал 50 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.
Фестивальде «Жанарсыз адам келеді... жанарлы бейқам тірліктен» атты поэзия байқауының жеңімпаздарына диплом және бағалы сыйлықтар тапсырылды. Атап айтсақ, үшінші орынға Г.Темірова, С.Еркінов, Л.Жұмабай лайық деп танылса, М.Топанбай мен А.Альмухаммед екінші орынды бөлісті. Ал байқаудың бас жүлдесі Г.Қаттабековаға бұйырды.
Айта кетейік, «Өнер бесігінде тербеліп өскен Жамбыл» байқауының жыр, терме орындаушылары да марапаттан шет қалмады. Дәстүрлі әнді әуелеткен Ж.Кенжетаев пен
Ж.Барлыбаев, З.Әйтектер жарыста үшінші орын алса, Б.Тастанбеков пен Н.Төребай екінші орын жүлдегерлері атанды. Ал бас жүлдеге М.Тасжүреков лайық деп танылды.
Сондай-ақ, интеллектуалды ойындардың да жеңімпаздары мен жүлдегерлері салтанатты жиында марапат төрінен көрініп, бір марқайып қалды. Мұнан соң сахна төріне көтерілген «Мұнарлан» тобының әншісі Бағлан Жолдасов, «Сәт» триосының мүшесі Тұрар Тұрмысов, белгілі әнші Астана Қарғабай өнер көрсетіп, жиналған көпшілікті ерекше әсерге бөледі.