Адам қайғысы – заман қайғысы Избранное

Среда, 17 Ноябрь 2021 03:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1150 раз

Саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмысшы топ Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы ОҚУ-дан екі бағыт бойынша экспедициялық зерттеуге аттанды. Бес зерттеуші ғалым Г.Жанысбекова,Б.Найманбаев, Қ.Наурызова, Б.Әбдіқали, А.Қалшабек 5 ерікті студентпен бірге бірінші бағыт бойынша Қайнарбұлақ ауылындағы №160, Қайнарбұлақ саяжайындағы №83 және Тассай тұрғын алабындағы №116 мектептің ұстаздары және ауыл тұрғындарымен кездесті, олардың саяси қуғын-сүргін көрген ата-бабалары жөнінде тың деректер жинады.

373

 

Экспедицияны аттандыру барысында сөз алған М.Әуезов атындағы ОҚУ бірінші проректоры Қ.Нұрманбетов пен ОҚМПУ ректорының бірінші орынбасары Б.Исабек зерттеушілерге ақ жол тіледі.
Қ.Нұрманбетов «Халық өзінің өткенін білуге тиіс. Саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталуы қажет. Бұл болашақ ұрпақ үшін өте керек» десе, белгілі тарихшы Б.Исабек Мемлекет басшысының Жарлығымен саяси жүйе құрбандары ақталатынын, ол Шымкент қаласында 9 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқанын, бұл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында сауапты, игілігі мол бастама болғанын жеткізді.
– Саяи қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы шыққан соң Шымкент қаласында арнайы комиссия құрылды. Оның жұмысы 1916-1986 жылдар аралығында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Қазақстан азаматтарын ақтаумен байланысты болды. Соның нәтижесінде жұмысшы тобы құрылды. Оның құрамы ғалымдар мен зерттеушілерден тұрады. Оған
М.Әуезов атындағы ОҚУ мен ОҚМПУ студенттері ерікті ретінде қосылды. Шымкентте ұйымдастырылған экспедицияның жұмысы шеткі елді мекендерді аралаудан басталды. Мегаполисте 20 жылдан бері қуғын-сүргін құрбандары музейі жұмыс істеп келеді. Оның қызметі саяси қудалауға ұшыраған, соның құрбаны болған азаматтар туралы, ашаршылық тақырыбында зерттеулер жүргізіп, сол дәуірдің қиындығын бүгінгі ұрпаққа айтып жеткізуге байланысты. Өзім 5 жылдан бері атылғандар тізімі бойынша зерттеумен айналысып келемін. Қол жеткізген мәліметтер бойынша Түркістан өңірінде қудалауға түсіп, сотталғандар саны – 7213 адам. 2050 азамат атылған. 530 адам сотталған, бірақ қалай қайтыс болғаны беймәлім. Ішінде ақталғандары бар ма? Ол жағы да белгісіз. Қазір соны зерттеп жатырмыз. Экспедициядағы менің бағытым – қудалау көрген ишан, молда, діни қызметкерлердің тағдырын зерттеу. Бір жылғы жұмыс нәтижесінде 66 молданың тізімін таптық. Енді олардың ақталған-ақталмағанын дәлелдеуіміз керек. Ақталмағандарды Президент жанынан құрылған жұмысшы тобына жібереміз. Ол жердегі мамандар зерделей келе, жазықсыз жапа шеккен деген қорытынды жасаса, ақталады, – деді Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары Г.Серікбаева.
Маман, сондай-ақ, осы мәселе бойынша жұмысшы тобының құрылып, экспедицияның ұйымдастырылуы өте маңызды іс болғанын жеткізді. Қуғын-сүргін құрбандары музейіне келіп, өздерінің ата-бабалары жайлы сұраушылар көп көрінеді. Үлкендердің аузынан естіген сөзін айтып, «Кезінде әжем айтушы еді, атаңды белгісіз біреулер алып кетіп, содан оралмады деп. Соның хабарын білейінші деп едім» деп келетіндер көп. Әрі қарай НКВД оларға не істеді? Осы сауалдың жауабын іздеген музей қызметкерлері қаншама адамның жұмбақ тағдырын ұрпақтарына анықтап берген. Тіпті сонау Санкт-Петербургтен Шымкентке жер аударылған азаматтың туыстары іздеу салған. Кейін анықталғандай, ол кісі осы жерде атылған болып шықты. Сондықтан, музей өкілінің пікірінше, тарихтың ашылмаған ақтаңдақ беттері әлі де көп. Ендігі жерде ауылдың көнекөз қариялары, қарапайым тұрғындарымен сөйлесу арқылы тың мағлұматтарға қол жеткізіп қайтпақ ниетте.
– Тарихи деректер екі әдіспен түгенделеді. Біріншісі – архивтік зерттеу. Ол жағынан мағлұмат қоры баршылық. Екінші әдіс естеліктер арқылы жинақталады. Экспедицияның жолға шығудағы мақсаты – адамдардың жапа шеккен ата-бабалары жайлы айта алмай жүрген естеліктерін тыңдап, соның негізінде құрбан болған азаматтарды іздестіріп, табу, оларды ақтау. Экспедиция барысындағы кездесулер аудио-видео жазбаларға жазылады. Ол қалалық архивке өткізіліп, архивтік қор мұрасын байытуға көмектеседі. Бүгінде көнекөздердің естелігімен бөлісе алатын азаматтар да қартайып, қатары сирей бастады. Сондықтан олардың сөздерін таспаға басып, сол бойынша деректер қорын қалыптастыру, тарихтың беймәлім беттерін ашу – экспедицияның басты міндеті. Осы тұста
Президенттің Жарлығы дер кезінде жарияланды. Енді бұл істі аяғына дейін жеткізіп, жазықсыз жапа шегіп, опат болғандарды ақтап алуымыз керек. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Бұл кездесулер жұмыстың басы ғана. Алғашқы жүздесуде тұрғындардан мол деректер жинай алмасақ та ортада байланыс орнатамыз. Сол арқылы олармен арақатынасты үзбей, жұмысымызды тереңнен зерттеуге мүмкіндік аламыз, – деді М.Әуезов атындағы ОҚУ «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы, Шымкент қаласы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмысшы тобының жетекшісі Г.Жанысбекова.
Қайнарбұлақ ауылының мұғалімі Ш.Умирова және ауыл ақсақалы Байділдә Бекмұрзаев кеңестік жүйенің құрбаны болған кешегі ауыл азаматтары туралы естіген-білген мәліметтерімен бөлісті. Тарих пәнінің мұғалімі Ш.Умирова ауылдың тарихы тым тереңде жатқанын айтты. Бұл елді мекен кезіндегі Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Бұған осы ауылдың төңірегінен табылған көне қазба мұралары дәлел. Кеңестік кезеңде мұнда Көк мешіт деген құлшылық үйі болған. Оны жергілікті тұрғындар балалардың сауатын ашу мақсатында өз қаржысына тұрғызған. Алайда кеңестік саясат салдарынан мешіт жабылып, соңында қирауға ұшырапты. Экспедиция мүшелері мешіт болған жерден белгі соғуға мемлекет қол ұшын беретінін, жазықсыздарды ақтау бастамасының бір парасы бұзылған тарихи ескерткіштерді қалпына келтіруге бағытталғанын жеткізді. Осы ауылдан Ұлы Отан соғысына аттанып, қан майданнан оралмай, бүгінге дейін ол туралы еш хабар болмаған Құрасбек Төлтебаев дейтін азаматтың тағдыры – Ш.Умированың зерттеп жүрген тақырыбының бірі. Ұстаз жиырма жылдан бері ағартушылық саламен бірге жанына жақын болғандықтан, тарихи тақырыптар бойынша зерттеу жұмыстарын да қоса алып жүр. Ал Қайнарбұлақ саяжайындағы №83 мектеп мұғалімі Мая Шаукилова Ұлы Отан соғысына аттанып, хабарсыз кеткен аталарының тағдыры жайлы білгісі келетінін жеткізді.
– Әр төбе — бір тарих, – дейді экспедиция тобының мүшесі, тарихшы-ғалым Б.Найманбаев. — Кезінде қазаққа өз тарихын өзіне жаздыртпады. Шындықты айтамын деп қудалауға ұшырап, 25 жылға итжеккенге айдалған белгілі тарихшы Бекмағамбетовтен кейін тарих тақырыбын қозғаған қазақ ғалымдары шын тарихты жазудан жасқанып қалды. Енді осы олқылықтың орнын толтырып, төл тарихты түгендейтін, келер ұрпақ тағылым алсын деген мақсатпен бар шындықты айтар кез келді. Тарихты ауылдан бастау керек. Дегенмен, тарихты жазамыз деп асыра сілтеушілікке жол беруге болмайды. Бәрі де әділ, шын, құжаттық деректерге, естеліктерге сүйеніп жазылуы керек.
Экспедиция тобының жетекшісі Г.Жанысбекова іс-шара бірнеше күнге жалғасатынын, ал халықтан деректерді жинау, сол бойынша саяси жүйе құрбандарын ақтау ісі әлі ұзақ уақыт бойы жүргізілетінін айтты.
– Бүгінгі ұрпақтың міндеті – өткенге қайта көз жүгіртіп, саяси жүйенің салдарынан талай азап шегіп, нәубетті бастан өткізген ата-бабаларымызды ақтап алу, тарихты жаңа парақтан қайта бастау, – деді Г.Жанысбекова.
Экспедиция мүшелері бір күндік кездесудің өзінен тарихи деректерге бай мол мағлұматтар алып қайтты.