Бүгінде Шымкент еліміздің шахмат орталығына айналып отыр. Әлемді мойындатқан шахматшылардың Шымкенттен қанаттанып, осында өздерінің шахмат мектебін қалыптастыруы да сөзімізге дәлел. Ал бұл турнир аға буын мен өскелең ұрпақ арасындағы байланысты нығайтып, шахматты қалың бұқараға насихаттау және кітапхана оқырмандарының санын арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Турнирге әуесқой 7 жұп қатысты. Бас төреші Дәулет Ниязбек бастаған төрешілер қатысушылардың ойынын жіті қадағалап, төрелік етті.
Сайыста «Ақ тұлпар» ардагерлер клубының өкілдері басымдықпен алға шықты. Жүлделі бірінші орынды ардагер К.Жұмақов иеленсе, ІІ орын Н.Қонысбековке бұйырды. Ал ардагер А.Ташманов үшінші орынды қанжығалады. Ойын соңында жеңімпаздар түрлі дәрежелі дипломдармен, арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, іс-шараға «BalTekstil», «MEY», «Delix», «TOP SELLER of CHEMICAL PRODUCTS» кәсіпорындары мен «Шара-бара» сервис орталығы демеушілік көрсетті.
Раушан Сұлтанбек,
Шымкент қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің әдістеме бөлімінің меңгерушісі