30 жылға – 30 қойылым Избранное

Пятница, 19 Ноябрь 2021 04:26 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1284 раз

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 жылға - 30 қойылым» іс-шарасын қолға алып отыр.

401

 

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры «30 жылға – 30 қойылым» шарасын 15 қараша күні қоюшы режиссер Б.Пармановтың «Алпамыс» ертегісімен ашты. Халық ауыз әдебиетінің маржаны саналатын «Алпамыс батыр» эпосының өскелең ұрпаққа берері мол.
— «Алпамыс» спектаклі театр репертуарына кездейсоқ қосылған жоқ. Себебі, біз өскелең ұрпақты халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен сусындата отырып, олардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіріп, ұлтжанды етіп тәрбиелеуге үлес қосуымыз қажет. Сондай-ақ, әрқашан ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын ұрпақ қалыптастырумыз керек. Өз елін ұлықтаған Алпамыс батыр образы кішкентай көрермендерге үлгі, өнеге болуға әбден лайық, -дейді театр директоры С.Алтаев.
Сондай-ақ, театр ұжымы жуырда қазақстандық жас драматург Қ.Мұраттың «Мұғалім» пьесасы бойынша «Мектеп» спектаклін сахналады. Бүгінгі ұстаз бен оқушы, мұғалім мен ата-ана арасындағы қарым-қатынастың жаңа қырын көрсетуге бағытталған қойылым атауы қоюшы режиссер Фархадбек Қанафиннің ұсынысымен «Мектеп» болып өзгертілген.
— Бұрынғы мектеп пен қазіргі мектептің айырмашылығы жер мен көктей. Жас толқынның білімге, өмірге, дүниеге көзқарасы ғаламдық ауқымды қамтиды. Олардың бірі білім мен техникаға құмар болса, екіншісі спортқа, ал үшіншісі драма көруге құштар. Отбасын асырау жолында жұмыстан қолдары мүлде босамайтын ата-аналар өз балаларына ең керегі көңіл бөлу, қарапайым сырласу екенін ұмыта беретіні неден? Ата-анасының назары бөлінбеген балалар өмірді қалай қабылдайды? Жан дүниелеріне тіреу болатын нәрсе не? Драматург пьеса арқылы осы сұрақтарға жауап іздейді, - дейді әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шолпан Мамытханова.
Айта кетейік, қарашаның 15 күні бастау алған жоба 30 күн бойы жалғасады. Онда ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» концерттік шарасы және А.Экзюперидің «Кішкентай патшазада», М.Ахмадиевтің «Алдаркөсенің айласы», Д.Исабековтің «Киелі алма» қойылымдары жас көрермендер назарына ұсынылмақ. Сондай ақ, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – тірегім» қуыршақтар концерті өтеді. Қуыршақтар концерті театрда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.