ДУБАЙ ШЫМКЕНТКЕ АЛЫС ЕМЕС Избранное

Среда, 24 Ноябрь 2021 04:33 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 336 раз

«EXPO Dubai – 2020» халықаралық көрмесінде «Шымкент қаласының күндері» ресми түрде ашылды. Іс-шара аясында үш күн қатарынан Шымқаланың мәдениеті, өнері, рухани құндылықтары мен инвестициялық және туристік мүмкіндіктері көрсетіледі.

614

 

Мерекенің ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан шаhардың мүмкіндіктерін таныстырды.
– Шымкент қаласында туризмнің дамуында көптеген маңызды факторлар бар. Қаланың республикалық маңызы бар статусқа ие болуы – іскер өкілдердің қызығушылығын тудырып, бизнестің кеңеюі мен туристер санының ұлғаюына ықпал етіп, қаланың инвестициялық тартымдылығының артуына серпіліс беруде. Бүгінгі іс-шара барлық қатысушылар үшін танымды әрі табысты болады деп сенемін, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Сондай-ақ, іс-шараға қала әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев, Қазақстанның БАӘ-дегі елшісі Мадияр Меңілбеков және Шымкент қаласы мәслихатының бірқатар депутаттары, бизнес қоғамдастықтарының бір топ делегациясы қатысып, келушілерге қаланың тартымдылығы мен өмірі жайлы таныстырылым жасады. Жиында еліміздің танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызы ән шырқап, дәстүрлі өнерімізден шашу шашты.

611

 

Халықаралық көрмеде «Sandyq» мейрамханасының аспаздары борша ет, қой етінен сырбаз, балқаймақ, майқұрт, балқұрт, ботақан, ірімшік, сүбе ет, жылқының ысталған яғни, қазы, жая, ханқартадан тұратын сыйтабақ және дала шөптерімен дайындалған шайлар сынды ұлттық тағамдардан дастархан жайып, павилонға келушілерге ұсынды. Көрмеде Айбек Сәттібаев мемлекет тарапынан Шымкент қаласын дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін, әсіресе, жаңа инвестициялар тартылып, кәсіпкерлік саласы дамып жатқанын айтты.
Дубайда өтіп жатқан «Шымкент қаласының күндері» аясында шет елдік компаниялармен іскерлік қарым-қатынас жасалды. Туристерді тартуда бірлескен шараларды жоспарлау және ішкі, сыртқы, медициналық туризмді дамыту мақсатында Шымкент қаласының әкімдігі мен «Nirvana Travel and Tourism LLC», «New magic LifeStyle», «Unique Group Hotel’s and travel» және «Seaside Investment Dubai» компанияларымен екіжақты меморандум түзілді.
Меморандум аясында бірлескен роуд-шоулар ұйымдастыру, имидждік өнімдерімен алмасу, көрмелерге, форумдарға, конференцияларға бірлесіп қатысу, бірге айқындайтын ынтымақтастықтың басқа да бағыттарын қолдау және ұйымдастыру сынды келісімдерге келді.
Шымкент қаласының күндері 22-25 қараша күндері аралығында өтеді. Ал, жалпы «EXPO Dubai 2020» Халықаралық көрмесі сәуір айына дейін жалғасады. Мұнда 200-ге жуық елдің павилоны қойылған. Соның ішінде, Қазақстан павилонына күніне 3 мыңға жуық адам келіп тамашалауда.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.