Версия для печати

АЗАТТЫҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАРЛЫҒАШТАРЫ Избранное

Пятница, 26 Ноябрь 2021 04:17 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1500 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алуы керек. Бұл мәселені «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көтерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа тарихымыздың толыққанды жазылмағанын айтты. Президент стратегиялық маңызды бұл іске беделді тарихшыларды жұмылдыруды тапсырды.

 

621

 

«Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деп жазады Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында.

Расында, тәуелсіздік үшін ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қан төгіп, азаттық жолында жан берді. 1986 жылы желтоқсанда алаңға шыққан аға-апаларымыз алғашқы қарлығаштардай болып, тәуелсіздік таңын жақындатты. Желтоқсан қозғалысына атсалысқан жандардың бірқатары бүгінде қоғамдық жұмысқа белсене араласып жүр. Солардың бірі – «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Гүлмира Оспанова.

Тағдыршешті оқиға біріктірген жандар бұл күнде бір ортаға бас қосып, ұйым құрған. Олар даталы күндерде ғана емес, мүмкіндігінше жиі бас қосып, ілкімді істердің басы-қасынан табылуға тырысады. Жақында қоғамдық бірлестіктің Шымкент қалалық филиалының төрағасы Карл Исаев өз қаржысына үшінші мегаполисте республикалық турнир өткізіп, еліміздің бірнеше қаласынан шебер жеткіншектердің басын қосты. Мұндағы мақсат – жастарға рух беріп, жігерін жану, дейді ұйымдастырушылар.

 

Ospanova

 

Үш күн бойы өткен жарыстың басы-қасында жүрген Гүлмира Болатқызына жолығып, Желтоқсан оқиғасы туралы пікірін білген едік.

– Ол күндерді ұмыту әсте мүмкін емес. Мен 1985 жылы сол кездегі астанамыз Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түстім. 1986 жылы екінші курста оқып жүрген едім. Өрімдей 18 жасар кезім. Біздің сабағымыз екінші ауысымда болатын. Сол күні жатақханадан әдеттегідей сабаққа шықтық. Оқу корпусының алдына келсек, біршама студент жиналып қалған екен. Не болғанын ә дегеннен түсіне алмадық. Содан бір кезде тобымыздағы жамбылдық бір құрбымыз: «Қыздар, Қонаев ағамызды қызметінен алып тастапты. Орнына Колбин деген кісіні қойыпты. Халық наразы болып, алаңға жиналып жатыр екен» деді.

Сонымен оқу корпусының алдындағы барлық қыз сабаққа кірместен, ойланбастан, жиналып, жаяулатып, алаңға тарттық. Алаңға барсақ, ауыл шаруашылығы институты мен ҚазҰУ-дың студенттері тұр екен, бізді көріп: «ЖенПИ келді, ЖенПИ-дің қыздары келді» десті. Сонымен, жігіттер қыздарды ортаға алып, алаңға бет алдық. Ал сол кезде милиционерлер 5-6 қатар болып, шынжырланып тұр екен. Олардың көздегені – бізді алаңға өткізбеу еді. Ал біз алған бағытымыздан қайтпадық. Милиционерлермен қақтығыс болды – шаш жұлынды, түйме үзілді. Жаға жыртысып жүріп, біраз уақыттан кейін алаңға бәрібір кірдік. Сөйтсек, алаңның ішінде қаншама жас жиналып қалған екен. Барлығымыз «Менің Қазақстаным!» әнін айттық. «Қазақ халқына қазақ басшы болсын!» деген сияқты талап-тілектер қойылды, – дейді Гүлмира Болатқызы.

Айтуынша, алаңда тек жастар ғана емес, аты елге танымал кісілер де болған.

– Алаңда Роза Бағланова апамызды, Олжас Сүлейменов ағамызды көрдім, тағы біраз үлкен кісілер болды. Сонымен, қас қарая бастаған кезде алаң шетінде тұрған машиналардан бізге қарай су шашып, күш көрсете бастады. Қыстың қақаған ызғарында малмандай су болдық. Жапа-тармағай қашып, қоршаудан жан-жақпен сытылуға тырыстық. Әупірімдеп жүріп, жатақханамызға келдік. Ертеңіне бізді сыртымыздан бекітіп, жатақханадан ешқайда шығармай қойды. Қаншама тексерулер болды. Біраз күн сабақ болмады. Одан кейін біраз уақыт сабағымыз жатақханада өтілді. Жанымызда асхана бар, соның ғимаратына оқу орнымыздың басшылары мен бүкіл оқытушы құрамы екі қатар болып тұрып, бізді сабаққа санап апарады, санап әкеледі, – деп еске алады кейіпкеріміз.

Гүлмира Болатқызының пікірінше, көпшіліктің дүмпуіне басшылықтың ауысуы ғана емес, қоғамдағы қордаланған жағдай да себеп болған.

– Сол кезеңдерде тіліміздің, діліміздің жағдайы мәз емес еді. Халықтың наразылығы оянуының тағы бір себебі – Алматыда бір ғана қазақ мектебі – №12 мектеп болды. Қалған мектептердің барлығы орыс және қазақ-орыс аралас мектептер болды. Өзіміз студент кездегі практиканың барлығын сол аралас мектептерде өттік. Ауылдан қазақ мектебін бітіріп келдік, жоғарғы оқу орнының қазақ бөліміне оқуға түстік, бірақ, сабағымыздың барлығы орысша жүрді. Оқулықтардың, оқу-әдістемелік құралдар орысша жазылған. Өзіміздің мамандыққа қатысты «Математикалық анализ негіздері» деген Х.Ибрашев, Ш.Еркеғұлов авторлығымен шыққан кітап бүкіл факультетте екеу-ақ болды. Сабақтан тыс уақытта сол кітапқа таласамыз. Қазақ балабақшалардың да жабылып жатқан уақыты. Орыстілділік басым кез еді. Осындай жағдай бола тұра елді басқаруға Колбинді қойған кезде халықтың наразылығы бірден оянды. Ал кейінірек алаңға шыққан жастарға «нашақор», «ұлтшыл», «бұзақылар» деген айыптар да тағылды. Бірақ, әсте олай емес еді. Бұл – намысшыл, отаншыл жастардың бас көтергені болатын, – дейді Гүлмира Оспанова.

Қоғамдық бірлестіктің қалалық филиалының мүшелері қоғамдық өмірге белсене атсалысып жүр.

– Сол кезде жастар алаңға бейбіт шеруге шықтық. Қоғам өзгерісіне өз үнімізді қосайық, талап-тілегімізді айтайық дедік. Жүрегі қазақ деп соққан қаншама жалынды жастың бойы патриоттық сезімге толы еді. Сол шақта алаңда бірге болған желтоқсаншылар бүгінгі таңда бір ұйымда бас қосып жүрміз. Қаламызда «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы жұмыс істеп тұр. Бұған дейін ОҚО және Шымкент қаласының «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігі болып келген. Ол кездегі төрағамыз Батырхан Сағынтаев ағамыз былтырғы пандемия кезінде қайтыс болды. Шымкент республикалық маңызы бар үшінші мегаполис атанған соң өз алдымызға «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің қалалық филилалы атандық. Қазіргі төрағамыз – Исаев Карл Өміртайұлы.

Қоғамдық бірлестік ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында жыл бойына мектептерге, оқу орындарына барып, оқушылармен жүздесеміз. Жастардың бойында ұлттық құндылықтарды сіңіріп, отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеуге тырысамыз. Сонымен қатар Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы су тасқыны кезінде ұйым мүшелері бірауыздан қаржы жинап, қол ұшын создық. Төрағамыз бастап Мақтааралға барған бірлестік мүшелері тұрғындармен жүздесті. Күні кеше ғана Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай филиал төрағасы Карл Исаевтың өз демеушілігімен республикалық турнир өтті.

Біршама жұмыс атқарылды, әлі де атқарылар іс көп. Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы Жеңіс саябағындағы Ерлік музейінен желтоқсаншыларға арнап, бөлме ашылды. Оған музейдің сол кездегі басшысы Ақмарал Құдайбергенова ханым, Бейбіт Төлеметов және Карл Исаев бастаған біршама желтоқсаншы үлес қосты.

Ендігі айтарымыз – жастарымыз елжанды болып, Отанға деген сүйіспеншілік басым болса, бойларына ұлттық құндылықты сіңіріп, ұлтжанды болып өссе дейміз. Тілегіміз – ер-азаматтарымыз рухты, жігерлі, қыздарымыз ибалы, ата-бабаның салт-дәстүрін бойында сақтаса дейміз.

Болашағымызды жалғастыратын өскелең ұрпақ аман болсын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Халқымыз аман болсын, бейбіт заман болсын. Аспанымыз ашық болсын. Жастарымыз аман болсын, – деп тілегін жеткізді Гүлмира Болатқызы.

«Өткенді білмей, болашаққа қадам басу мүмкін емес» деген сөз бар. Осы қағиданы берік ұстанған қоғамдық бірлестік мүшелері жастарға патриоттық тәрбие беруге барынша үлес қосып келеді.

Последнее изменение Пятница, 26 Ноябрь 2021 10:15
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.