Версия для печати

ЕҢБЕККЕ ҮЙРЕНЕМ ДЕСЕҢ, ЕРІНБЕ Избранное

Пятница, 26 Ноябрь 2021 04:32 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1792 раз
Оцените материал
(0 голосов)

жастарды жұмыспен қамтуда үшжақты меморандум жасалды

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жастарды тұрақты жұмыспен қамтуда үшжақты меморандум жасалды. «Оңтүстік Қазақстан металлургиялық компаниясы», «Шымкент металлургиялық компаниясы – ШМК», «Қазақстан-Қытай марганецті индустриалды тобы», «Абайл өндіріс» кәсіп-орындарының өкілдері, М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Д.Қожамжарова және Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова өзара бірлескен меморандум құжатына қол қойды.

628

 

Жиын барысында қолға алынған жобаның негізгі мақсаты өндірістік тәжірибеде студент жастардың біліктіліктерін шыңдату, оқу бітірген соң тұрақты жұмысқа қабылдануға жәрдемдесу екені түсіндірілді.
Б.Нарбекованың айтуынша, жастар «Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша жұмысқа жолданып, сонда квотамен елімізде еңбек етіп жатқан шетелдік мамандардың қасында жүріп, тәжірибелерін шыңдамақ. Кәсіпорындар да өндіріс орны базасында студенттердің оқу-тәжірибеден өтуіне қол ұшын созуға әзір. Жобаға М.Әуезов атындағы ОҚУ алғашқылардың бірі болып таңдалуының бір себебі – мұнда студенттер техникалық мамандықтарды үш тілде меңгереді. Сондықтан ертең шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуда тілдік кедергі туындамайды.
«Қазақстан-Қытай марганецті индустриалды тобы» компаниясы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Жезбаев өз кезегінде университет түлектерін кәсіпорынға жұмысқа шақырды.

– Біздің кәсіпорын «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан. Ферросиликонды марганец өндіреміз. Бүгінгі таңда кәсіпорынға әртүрлі мамандықтар бойынша 100-ге жуық жұмысшы қажет. Университеттің жас мамандары бізге келіп жұмыс істесе деген ниетіміз бар. Компания жұмысшыларға бар жағдайды жасап отыр. Үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Кәсіпорынның заманауи үлгіде салынған жатақханасы бар. Онда тынығып, демалу үшін бар мүмкіндіктер қарастырылған. Өкінішке қарай, бүгінгі жастарда тез байып кетсем деген қате түсінік қалыптасқан. Себебі, көп жастар жұмысқа тұрсам деген ниетпен келеді, бірақ кәсіпорынның ішкі тіршілігін көрген соң, көп тұрақтамай кетіп қалып жатады. Ешкімге бірден жоғары айлық, жауапты қызмет берілмейді. Мұның барлығы уақытпен бірге тәжірибенің қалыптасуымен болады, – деді Н.Жезбаев.
Айта кету керек, М.Әуезов атындағы ОҚУ – білікті кадрлар дайындау, жоғары білікті оқытушылар құрамы және оқу-өндірістік базасы бойынша Қазақстанда үздік үштікке, ал әлем бойынша ТОП-500 жоғары оқу орны қатарына кіретін бірден-бір университет.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 28 286 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, бүгінгі таңға дейін 26 013 адамі екі қолға бір күрек тапты. Оның ішінде 2 578 адам «Жастар практикасымен», 347 адам әлеуметтік жұмыс орындарында еңбек етіп жүрсе, 118 адам «Алғашқы жұмыс орындары» жобасымен қаладағы түрлі кәсіпорындар мен мекемелерге жұмысқа орналасты.