Ел мерейі Елбасымен биік

Четверг, 02 Декабрь 2021 04:17 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 598 раз

Құрметті шымкенттіктер мен қала қонақтары!


Баршаңызды 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймыз!
Өздеріңіз білесіздер, 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен алғашқы жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандықтардың 98,7 пайыздық қолдауымен Қазақстан Республикасының Президенті мандатын иеленді.
Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіз ел болу үміті қайта жанды. Шешуші сәтте ел тізгінін алған Нұрсұлтан Әбішұлы, осыдан 30 жыл бұрын кедергіні – мүмкіндікке, тәуекелді – табысқа айналдырды. Осылайша қазақ халқы мемлекеттік Тәуелсіздігін жариялап, асқақ арманға қол жеткізді.

 

Мемлекеттік Туымыз тұғырға қонды, Елтаңба мен Гимн – мақтанышымыз болып бекіді. Ұлттық валюта – теңге экономикалық қорымызды қалыптастырды. Конституциямыз қабылданып, мемлекеттік құрылымның негіздері айқындалды.
Ең бастысы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел тарихында алғаш рет заң жүзінде рәсімделген және әлем мойындаған 13 400 шақырымдық мемлекеттік шекараны бекітті. Ел шебін қорғау, мемлекет тұтастығын сақтау үшін Қазақстанның Қарулы Күштерін құрды.
Тәуелсіздікпен келген осы құндылықтар Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығында қамтылып, болашақ ұрпаққа оларды көздің қарашығындай қорғау тапсырылды.
Елбасы мемлекет дамуының стратегиялық басымдықтарын бекітті. Нәтижесінде тиімді әлеуметтік-экономикалық саясаттың тетіктері қалыптасты.
Тәуелсіздік дәуірінде Қазақстан толағай табыстарға қол жеткізді. Оның бір қатарына тоқталар болсақ, Нұрсұлтан
Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстанда заманауи индустриялық саясат қалыптасты. Соңғы жылдардың өзінде елімізде 1500-ден астам жаңа өндіріс іске қосылып, 700 жаңа өнім түрлерін шығару жолға қойылды. Қазақстанда шығарылған тауарлар әлемнің 110 еліне экспортталуда. 2009 жылдан бастап өңдеу секторындағы өндіріс көлемі 3 есеге ұлғайды.
Еліміз Еуразиялық кеңістіктегі ірі транзиттік хабқа айналды.
2 700 шақырымнан асатын Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізінің қазақстандық учаскесі ашылды. Темір жол және автомобиль магистральдары желісі кіретін Транс-каспий дәлізі құрылды.
Осы жылдарда 15 мың шақырымға жуық автомобиль жолдары, 4 мың шақырымды құрайтын темір жолдар салынды. Елдегі 16 әуежай қайта жаңартылды, 4 әуежай жаңадан салынды.
Денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 1991 жылғы 6 млн. теңгеден 1,5 трлн. теңгеге дейін ұлғайды. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 219 жаңа аурухана, 1200-ге жуық емхана, амбулаториялар мен медициналық орталықтар салынды. Жыл сайын елімізде 400 мыңға жуық бала дүниеге келеді. Ана өлімі 5 есеге, бала өлімі 3 есеге төмендеді.
Білім беру саласында 5 мыңнан астам нысандар салынды. Әлеуметтік салаға бағытталған қаржы үш есеге өсті.
Тұңғыш Президентіміз Қазақстанды әлемдік аренада бейбітшіл ел ретінде танытты. Қазақстанның жаһандық ядролық қаруға қарсы белсенді қызметінің бастамасы ретінде Семей ядролық полигоны жабылды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Азиялық қауіпсіздік ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Тарихта алғаш рет Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етті.
Тұңғыш Президентіміздің қолтаңбасы бар Тәуелсіздік дәуірінің ерекше жобасы ретінде Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласын айрықша атап өтуге болады. Қысқа мерзім ішінде Қазақстанның бас қаласы еліміздің ғана емес, бүкіл өңірдің нақты саяси, экономикалық және мәдени орталығына айналды.
Қаламызға келер болсақ, Шымкенттің республикалық дәрежедегі қалаға айналуын – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан
Әбішұлы Назарбаевтың жобасы екенін мақтанышпен айтамыз.
Елбасының бұл тарихи Жарлығы қаламыздың жаңа тынысын ашты, серпін берер мүмкіндіктерге бастады.
Соңғы жылдары өнеркәсіп өнімі 2 есеге артып, 700 млрд. теңгеге жетті. Инвестиция 1,3 трлн. теңгеге өсті. Биылғы жылы алғаш рет 1 млн. шаршы метр тұрғын үй салынуда. Қала бюджеті төрт есеге өсіп, 495 млрд. теңгеге жетті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қамқорлығындағы қаламыз бүгіннен де биік белестерден көрінеді деген сенімдеміз.

Ардақты ағайын!

Ұлттық рухтың түлеуіне серпін беріп, мемлекеттілігімізді жаңғырту – Елбасы, Тұңғыш Президент атқарған тарихи миссия болды.
Нұрсұлтан Әбішұлының саяси тәуелсіздіктің негізін қалауға, әлем мойындаған ел болуымызға, тиімді экономиканы қалыптастыруға, үйлесімді қоғам құруға және ұлт тарихының жаңа кезеңін белгілеуге сіңірген көпқырлы қызметі нағыз Ұлт басшысы ретіндегі парасатты тұлғасын қалыптастырды.
Елбасының дара жолы, өмірлік ұстанымы, теңдессіз тәжірибесі – бізге үлгі-өнеге, дамымыздың темірқазығы болып қала береді.
Елдің бірлігі мен берекесін ұлықтап, мемлекеттің мерейін үстем еткен мерекеміз баршамызға құтты болсын!
Аспанымыз әрдайым ашық, Шымкентіміз өркендей берсін!

Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,

Шымкент қаласымәслихатының хатшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.