Жақсы жолдан – жарқын өмірге

Пятница, 03 Декабрь 2021 06:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 425 раз

Жол тұтас көлік-логистикалық кешеннің басты байланыстырушы құралы ретінде мегаполистердің, кез келген елдімекеннің дамуына тікелей әсер етеді. Жол жақсы болса, қаланың күнделікті тіршілігі де қыза түседі. Сондықтан салынып жатқан жолдар мен жолайырықтардың сапасы – әрдайым басты назарда. Осы мақсатта 2019 жылдан бері «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылып, жұмыс атқарып келеді.

Ірі қалалар мен облыстар аумағындағы, мегаполистердегі салынып жатқан және пайдалануға берілген жолдардың сапасын осы орталықтың мамандары тексереді. Мекеменің арнайы зертханалары заманауи құралдармен жабдықталған. Жылжымалы зертханалары арқылы да салынып жатқан және салынған жолдардың сапасын тексеруге толық мүмкіндік бар.

 

zhol sapasy 9

 

Шымкентте жуырда ірі жол-көлік нысаны – Қонаев–Рысқұлов даңғылдарының қиылысындағы жолайырығы пайдалануға берілді. Қала әкімі ресми түрде ашқан нысанды қаланың күретамыры деуге әбден боларлық. Көлік қозғалысы үшін өте маңызды. Себебі, жыл сайын тұрғындары мен көлік құралдарының саны көбейіп келе жатқан мегаполис көшелерінде көлік кептелісінің болуы заңдылық. Осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін жауапты мамандар қаланың көлік қозғалысын дамытудың кешенді жоспары аясында ірі жолайырықтардың құрылысын жоспарлаған. Қонаев–Рысқұлов даңғылдарының қиылысындағы жолайырық – солардың бірі.

Қарапайым көпшілік үшін жолға қатысты құрылыс басталып, мерзімінде аяқталғаны, содан кейін пайдалануға берілгені маңызды. Бір қарағанда ол нысан барысында тек құрылысшылар жұмыс істеп, кейін әкімдік қабылдап алатын сияқты көрінетіні бар. Әрине, басты тапсырыс беруші де, жұмысты қабылдап алушы да – жергілікті әкімдік. Дегенмен, мұндай маңызды құрылыстардың барысын былайғы көзге көріне бермейтін мамандар бақылап отырады. Солардың бірі – жоғарыда аталып өткен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мекемесі.

 

zhol sapasy 13

 

zhol sapasy 11

Орталық мамандары нысанның құрылысын жүргізуші компаниямен және техникалық қадағалаушы мекемемен бірге тығыз байланыста. Оған құрылысы аяқталып қалған жолайырыққа жасалған пресс-тур барысында тағы да көз жеткіздік. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мамандарының арнайы бригадасы көлікпен келіп, нысан барысында біраз тексеру жұмыстарын жүргізді. Жауапты мамандармен құрылыс барысын ақылдасты. «Ақылдасты» деуіміздің жөні бар, себебі, жолайырықты салушы компания мен ұлттық сапа орталығының, техникалық қадағалаушы мекеменің өкілдері осы жоба басталғалы қоян-қолтық жұмыс істеп келеді.

 

Berik Tileukeev

 

– Жобаның басынан бері «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мамандарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеміз. Бұл мекеменің жұмысты сапалы орындауда бізге тигізген көмегі көп. Мысалы, жеке лабораториялардың көбінесе құрал-саймандары заманауи талапқа сай болмайды немесе ескірген. Ал бұл орталықтағы құралдар заман талабына сай. Бұл жолайырық Шымкенттегі уақытынан бұрын біткен жолайырық деп есептеледі. Ал жұмысты дер кезінде аяқтауымыздың бір себебі – сапа орталығының да көмегі тиюде. Нақты айтқанда, мамандар жұмыс барысынан алған сынама нәтижесін тез береді. Осылайша орталық бізбен бірге қатарласып, үлгеріп, сапаны анықтап отыр. Күмәнді тұстарды алдын ала анықтап, сапасын осы орталық арқылы біліп отырдық. Нәтижесінде қаншама уақыт үнемделді. Себебі, құрылыс барысы қала әкімнің тікелей бақылауында болды. Әрине, жұмыс барысы болған соң, құрылыс тездетіп жүргізілген соң аздаған кем-кетіктер болып тұрады, бірақ, бір жақсысы, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мамандары «жазалауды» мақсат тұтпайды, керісінше, олқылықтың шешімін табуға көмектеседі, – дейді «Bazis Construction» ЖШС Шымкент филиалы жоба жетекшісінің орынбасары Берік Тілеукеев.

Мамандардың айтуынша, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» тиімділігі мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда қағазбастылық мәселесі де оңтайлы шешіліп отырған көрінеді.

– Бұл мекеме 2019 жылы құрылып, жұмыс істеп келеді. Оған дейінгі тексерулерден айырмашылығы – бұрын құрылысты тексеру үшін мамандарға алдын ала ескерту керек еді, ал қазір орталық өкілдері ескертусіз келеді. Және сынаманың нәтижесін тиісті мекемелерге өздері тікелей жібереді. Бұрын тексерудің нәтижесін біз өзіміздің құжаттарымызға қосып, сосын оған сапа орталығының мамандары қол қоюы қажет еді. Ал қазір жұмысты қадағалай отырып, құжаттарды, тексерудің шешімін өздері тиісті органға жібере береді. Мердігерлер бұл өзгерістерді оң қабылдаймыз. Орталықтың мамандары да білікті, құрал-жабдықтары да жаңа, ең бастысы, құрылыстан кемшіліктерді анықтап қана емес, соның шешімін ұсынады, – дейді Берік Нұрланұлы.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» жұмысына құрылыстың техникалық қадағалаушы мекеме өкілдерінің де көңілі толады.

 

Quanysh Tusipov

 

– Бұл жолайырықта атқарылған жұмыстың сапасы біздің мекеме тарапынан, ұлттық сапа орталығы және қала әкімдігі тарапынан үш жақты бақыланды. Жұмыстың кестеге сай жүруі, материалдардың сапасы – барлығы тексеріледі. Біздің мекеме «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен» тығыз жұмыс істейміз. Менің ойымша, осындай ұлттық сапа орталығы қажет, олардың жұмысы өте маңызды. Себебі, кез келген жұмыстың, нысанның сапасын тексеру артық болмайды. Құрылысты біз тексереміз, осы орталық өкілдері тексереді. Біз көрмей қалған олқылықтарды осы мамандар табуы мүмкін. Жыл басынан бері осы құрылыс басына 4 рет тексерумен келді. Арасында табылған ақаулар туралы бізге айтылып, орнына келтірдік. Ұлттық сапа орталығының мамандары біздің шақыруымызбен де келеді, өздері де жоспарлы тексеру жүргізіп тұрады. Орталықтың зертханасында болдым, жұмысқа қажет заманауи құрылғылармен жабдықталған, – дейді «Grand Build Company» ЖШС техникалық қадағалаушысы Қуаныш Түсіпов.

Осындай тығыз байланысты жұмыс істеудің нәтижесінде жол құрылысы барысында кездесетін кемшіліктер саны азайып келеді. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» мамандары осылай дейді.

– Жыл басынан бері орталық мамандары 404 рет нысан басына барып, тексердік. Нәтижесінде 344 ақау табылды. Бүгінге таңға дейін 276-сы орындалды. 68-і орындалу барысында. Жалпы, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда олқылықтар саны кемуде. 2020 жылы 618 ақау табылса, биыл одан да азайып, 344 факті тіркеліп отыр. Оның себебі – мердігер мекемелер және техникалық қадағалаушылар жұмыс барысын қатаң бақылауға алып, тындырымды орындауда, жұмыстарына тиянақты қарауда. Тексерулер қатаң болған соң жұмыс та сапалы жүргізілуде, – дейді «Ұлттық жол активтері сапасы» орталығы Шымкент қаласы бойынша филиалының инженері Андас Құрас.

 

Andas Kuras

 

Маманның айтуынша, кемшілік анықталып, оны орындамаған мекемелердің аттестациясы тоқтатылады.

– Тиісті органдарға кемшіліктер бойынша біздің тарапынан 9 хат жолданды, оның ішінде 6 техникалық қадағалаушыға қатысты. Оларға айыппұл салынып, 6 айға аттестаттары тоқтатылды. Және 1 мердігер мекемеге айыппұл салынды. Жалпы биыл осы мерзімге дейін салынған айыппұл сомасы 3 млн 150 мың теңгені құрайды. Олқылықтар арасында жиі кездесетіні – мердігерлер мен техникалық қадағалаушылар тарапынан көбінесе асфальт-бетон жамылғысында тығыздық коэффициенті төмен болып жатады. Одан кейін көлденең және бойлық еңістер жобалық техникалық сипаттамаға байланысты сақталмайды. Тіпті, жолды бұздырып, қайта салуға тура келеді. Мысалы, жауапты мердігерлер бүгінгі таңға дейін 17 765 шаршы метр асфальт жабынын алып, өз қаржысына қайта төседі, – дейді ұлттық сапа орталығының өкілі.

 

zhol sapasy 16

 

zhol sapasy 15

 

Андас Құрастың айтуынша, Қонаев–Рысқұлов даңғылдарының қиылысындағы жолайырық жұмысы талапқа сай орындалуда. Бүгінгі таңда алынған асфальт-бетон жабынының қалыңдығы, орнатылған жол белгілерінің сапасы, жолдың көлденең еңістігі – барлығы талапқа сай. Алынған сынама тексеріліп, нәтижесі 10 күн ішінде алдымен тапсырыс берушіге, сосын мердігерлік қадағалаушыға хат арқылы жолданады.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Последнее изменение Вторник, 07 Декабрь 2021 06:11
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.