Версия для печати

#29 ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІР ЖАСЫ 10 ЖЫЛҒА ҰЗАРДЫ Избранное

Среда, 08 Декабрь 2021 04:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1370 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы бойынша әлем елдерінің ішінде 110-ыншы орында тұр. Ресми деректерге сүйенсек, 2020 жылы елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 73,23 жасты құраған. Бұл Ceoworld журналының NAPHSIS ақпараттық жүйесі берген мәліметтер мен ДДСҰ есебіне жасаған талдауына негізделген. Дәл осындай 2011 жылғы талдауда Қазақстан 67 жаспен 128 орынға тұрақтаған. Ал, 1991 жылы тұрғындардың орташа өмір сүру көрсеткіші 63 жас болған. Яғни, бұл отыз жылда ел тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 10 жылға ұзарды деген сөз!

704

 

Көп жасайтын елдер: көшті кім бастап тұр?

Гонконг тұрғындары әлем бойынша ең ұзақ өмір сүретіндердің қатарында. Олардың өмір сүру ұзақтығы – 84,63 жас. Үздік үштікке Жапония, Макао сынды елдер жайғасқан. Ал, төртінші орында тұрғындары орта есеппен 83,56 жыл өмір сүретін Швейцария тұр, одан кейінгі орынға Сингапур (орта есеппен 83,39 жас) орналасқан.
Ал, жуырда тәуелсіз Bloomberg агенттігі мемлекеттің денсаулық сақтау саласына бөлетін қаржысы мен қызмет сапасына қарай үздік бестікке енетін мемлекеттерді жариялаған. Үздік бестікті 83 жаспен Жапония қорытындылап тұр. Мұндағы денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы жалпы ұлттық ішкі өнімнің 10,23 пайызын құрайды. Сондай-ақ, бұл елдің негізгі құпиясы — аурудың алдын алуында. Жапондықтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігінің жоғарылығы сонша, әр тұрғын жылына орта есеппен 15 рет дәрігерге қаралады. Тіпті, БҰҰ 2050 жылы Жапонияның миллион тұрғыны жүз жасайтынын болжап отыр.

705


Төртінші орында – Оңтүстік Корея. Ондағы орташа өмір сүру ұзақтығы – 82 жас. Ал, ЖҰІӨ 7,37 пайызы денсаулық саласына бағытталған. Бұл елде дәрігердің біліктілігі өте қатаң қадағалауда. Сондықтан әрбір тұрғынды әлемнің ең жоғарғы стандартына сай емдеуін жіті бақылайды. Ал, халықтың 97 пайызы табысының 5 пайызын медициналық сақтандыруға құяды.
Испания халқы 83 жаспен үшінші орынға тұрақтаған. Мұнда ЖҰІӨ-нің 9,03 пайызы медицина саласына жұмсалады. Бұл елдің басты құпиясы – сапалы кадр даярлау мен қолжетімді медициналық қызмет. Мұнда әр маман 10 жыл оқып, дүниежүзілік стандартқа сай емтихан тапсырады. Ал, кешенді ақылы медициналық қызмет бар-жоғы 39 евро екен. Сондай-ақ, Испания жүрек-қан тамырлары аурулары аз елдердің үштігіне кіреді.
Екіншіні орында – Сингапур. Өмір сүру ұзақтығы – 82 жас. ЖҰІӨ-нің 4,92 пайызы денсаулық сақтау саласына жұмсалады. Сингапурде әр азамат табысының 10 пайызын тек денсаулығы үшін жұмсалатын арнайы есепшотқа аударып отырады. Ал, әлеуметтік аз қамтылған топтарға көрсетілетін медициналық қызметтің 80 пайызын мемлекет субсидиялайды.
Гонконгте медицинаға бағытталған қаржы ЖҰІӨ-нің 5,4 пайызын құрайды. Бұл жетістіктің құпиясын денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржының қатаң қадағалануымен байланыстырады.

ШЫМКЕНТ: кеше және бүгін

Жалпы өмір сүру жасының ұзақтығын есептеуде көптеген факторлар назарға алынады. Әуелі, денсаулық сапасына медицинаға бөлінетін қаржы, медициналық жабдықтардың сапасы мен дәрігерлердің біліктілігі әсер етеді. Одан кейін халықтың әлеуметтік жағдайы, салауатты өмір салтын ұстануы, бұқаралық спортпен шұғылдануы, созылмалы және қауіпті аурулардың жасаруы, ана мен бала өлімі, жол-көлік және түрлі апаттардың салдары сынды бірнеше фактор ескеріледі.
Тәуелсіздік жылдарында Шымкенттің денсаулық сақтау саласына қаралған қаржы 1550 есе артқан. Яғни, 1991 жылы 50,8 млн.теңге болса, 2021 жылы 79,1 млрд. теңгені құраған. Осы жылдар ішінде медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 3000 бірліктен астам медтехника сатып алынған. Нәтижесінде қаладағы медициналық ұйымдардың жарақтандырылуы 25,3%-дан 77,5%-ға жетіп отыр.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позиловтың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында 154 денсаулық сақтау нысаны жаңадан құрылған. Олардың қатарында психикалық денсаулық орталығы, жүрек орталығы, перинаталдық орталық, қан орталығы, «Мейірім», «Ана мен бала» балаларды оңалту орталықтары сынды медициналық ұйымдар да бар.
— «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында Шымкентте 6 нысан салынды. Олардың қатарында қалалық қан орталығы, 3 емхана, 1 балалар ауруханасы бар. Ал, жергілікті бюджет қаражаты есебінен кардиохирургия, трансплантология, онкология және инфекциялық орталықтың жаңа корпустары салынды. Демеушілердің көмегімен қалалық залалсыздандыру орталығы және қалалық перинаталдық орталық салынып, халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, өмір сүру жасының ұзақтығын қалыптастыруда кадр сапасы мен саны да ерекше маңызға ие. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 2205 дәрігер болса, бұл көрсеткіш 2021 жылы 4205-ке дейін өсті. Сондай-ақ, дәрігер әрдайым біліктілігін арттырып отыруы тиіс. Жыл сайын оқытылатын мамандар саны ондаған есеге артты, - дейді ол.
Ресми деректерге сүйенсек, тәуелсіздік жылдарында Шымкенттегі өлім-жітім саны 30,4 пайызға төмендеген. Ал, ана өлімі 10 есе, бала өлімі 3 есеге азайған. Бұдан
Шымкентте денсаулық сақтау саласына, оның ішінде ана мен бала денсаулығына ерекше назар аударылып отырғанын көреміз. Перинаталдық орталықтар соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталып, мамандардың біліктілігі арттырылды. Нәтижесінде дүниеге есігін жаңа ашқан сәбилердің күтімі едәуір жақсарды. Бүгінде перзентханаларда салмағы 0,5 келілік шала туған сәбилерге де толыққанды күтім жасалып, оң нәтижеге қол жетіп отыр. Мұның барлығы ана мен бала өлімінің азайып, халықтың өмір сүру жасының ұзаруының артуына үлкен үлес қосып отыр. Осыдан 10 жыл бұрын аман-есен туылған әр 1000 баланың 19-ы жасына жетпей шетінеп кетсе, қазір бұл көрсеткіш 7-ге дейін төмендеген. Оған қоса, мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек пен қолдау сапасы жылдан жылға артып келеді. Соңғы жылдары әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылып, халықты жұмыспен қамту шараларының саны артқан. Мұның барлығы, түптеп келгенде, отбасы институтының нығайып, бала санының көбеюіне және оның сапалы өмір сүруіне оң әсерін тигізеді.
Ал, қатерлі және созылмалы аурулар жөнінде Шымкент қалалық онкологиялық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары
С.Исмаилов ой бөлісті.
— 2022 жылдың бірінші тоқсанында «Ядролық медицина» орталығы құрылмақ. Онда позитронды эмиссионды томограф (ПЭТ КТ) аппараты орнатылады. МРТ, КТ аппараттары, өкінішке орай, қатерлі ісіктің толық сипаттамасын бере алмайды. Ал, ПЭТ КТ аппараты қатерлі ісіктің кез келген түрін бастапқы сатыда анықтап, оның таралу деңгейін зерттеуге мүмкіндік береді. Мәселен, бүгінгі онкологиялық ахуалды осыдан 10-15 жыл бұрынғы жағдаймен салыстыруға мүлде келмейді. Себебі, біріншіден, дертті ерте анықтап жатсақ, екіншіден заманауи құрылғылар мен білікті дәрігерлердің көмегімен жүргізілген ем оң нәтиже беріп отыр. Бұл тұста скринингтік тексерудің де маңызы ерекше. Жоспарлы тексеру арқылы сүт безі, жатыр мойны, тік ішек пен тоқ ішек қатерлі ісіктерін ерте анықтау мүмкіндігі туып отыр. Ал, кез келген ерте анықталған дерт пен жүйелі ем әр науқастың өмірін 5 жылға ұзартуға мүмкіндік береді, - дейді С.Исмаилов.
Бүгінде созылмалы аурулардан, оның ішінде туберкулезден болатын өлім-жітім саны 100 мың тұрғынға шаққанда 7,7-ден 0,9-ға дейін төмендеген. Сондай-ақ, Шымкенттегі жүрек орталығында жүрекке ашық отамен стенттер орнатылып, науқастарға екінші өмір сыйласа, қалалық №1 клиникалық аурухана базасында бауыр мен бүйректі транспланттау, сондай-ақ буындарды эндопротездеу бойынша 100-ден астам операция жасалған.
Салауатты өмір салтын сақтап, халықтың бұқаралық спортпен шұғылдануын қамтамасыз етуде де көптеген жұмыс істелуде. Мәселен, тұрғындар көп шоғырланған, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы спорт алаңшалары бүгінде кез келген мегаполис тұрғыны үшін қолжетімді. Тіптен, қалада зейнет жасындағы азаматтар үшін «Белсенді өмір сүру орталығы» да жұмыс істеп тұр.

P.S.

Тәуелсіздік жылдарындағы медицина саласына бөлінген көңіл мен қаралған қаржы, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруы, барлығы дерлік халықтың өмір сүру ұзақтығының әлі де бірнеше жасқа ұзаратынына кепіл. Десек те, дәрігерлер бұдан да мықты нәтижеге қол жеткізу үшін адамдардың өз денсаулығына, өміріне деген жауапкершілікті арттыру маңызды екенін алға тартып отыр. Яғни, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік.