Тәуелсіздік – бірлігіміз бен елдігіміздің шынары Избранное

Среда, 15 Декабрь 2021 04:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1082 раз

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары!

Сіздерді Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

761

 

Тәуелсіздік – қазақ елінің сан ғасырлық арманының тұмары. Тәуелсіздік – бірлігіміз бен елдігіміздің шынары. Тәуелсіздік – Көк туымызды көк аспанда желбіреткен ұлттық рухымыз бен мәртебемізді биіктеткен, дербестігімізді әлемге даралап танытқан мереке!
Биыл тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Баршамыздың маңдайымызға ең қымбат қазынамыз, ең асыл аманатымыз – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын көру бақыты бұйырыпты.
Елбасымыздың көшбасшылығымен Қазақ-стан халқы мемлекет құру миссиясын орындады. Нұрсұлтан Әбішұлы «Тәуелсіздік сабақтары» атты мақаласында Қазақстанның әлемде өз туын тұғырға қондырған екі жүзден аса ел арасында бар-жоғы 30 жылдың ішінде алғашқы 40 елдің қатарына қосылғанын атап өтті. Осы жылдар халқымыз жүріп өткен жол жасампаздықтың Ұлы дәуіріне айналды. Әрбір жыл ғасыр жүгін арқалады.
Бүгінде рухымыздың туын төмендетпей, жасампаздығымызды жаңа белеске бастаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақ елі жарқын болашаққа бет алып барады.
Ал Тәуелсіздіктің бізге берген үлкен сыйы – Шымкент республикадағы үшінші мегаполиске айналды. 30 жылдың ішінде Шымқаланың өрісі кеңейіп, мәртебесі өсті. Осыдан 30 жыл бұрын еліміз тәуелсіздігін жариялағанда, бұрынғы Оңтүстік Қазақстанның орталығы болған Шымкентте қала тұрғындарының саны 400 мың адам болатын. Қазір қалада 1 миллион 100 мыңнан астам адам өмір сүреді. Бүгінде қаламыз алтын арқаулы Тәуелсіздік дәуірінің көрнекті үлгісіне айналды деп нық сеніммен айтамыз.
Осыдан отыз жыл бұрын қалада 72 мектеп болатын, қазір 202 мектеп бар. Отыз жыл бұрын 68 мың оқушы болса, қазір қалада 250 мыңнан аса оқушы білім алуда.
1991 жылы Шымкентте 52 мәдениет нысаны болса, қазір олардың саны 120-ға жетті. Спорт нысандары 337-ден 900-ге көбейді. Денсаулық сақтау нысандары 27-ден 110-ға артты. Тәуелсіздік жылдарында қалаға тартылған инвестиция көлемі
2,6 трлн. теңгеге жетті. Оның тең жартысы соңғы 3 жылдың үлесіне кіреді.
Тәуелсіздіктің 30 жылында белсенді шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 6 мыңнан 74 мың бірлікке, онда жұмыспен қамтылғандар саны 35 мыңнан 168 мың адамға артты.
Қала бюджеті 1 млрд. теңгеден 497 млрд. теңгеге өсті.
Тәуелсіздік жылдарында 7 млн. шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізілген болса, оның
2 миллионнан астамы соңғы жылдарда бой көтерді.
Шаһарымыздың миллионды қалаға айналып, гүлденуінде – халқымыздың ерен еңбегі жатыр.

Құрметті жерлестер!

Аяққа нық тұрып, әлеуметтік мәселелерді жедел шешіп, жеткен жетістіктерді саралап, болашақты нақты бағдарлау – Тәуелсіздіктің арқасы. Алдағы он жыл Шымкент қаласының жұлдызды он жылдығы болатынына сенім мол.
Ол үшін әрбіріміз білімге ден қойып, қажырлы еңбек пен өзімізді толассыз жетілдіруді өмір салтына айналдыруымыз қажет.
Алдымызда Мемлекет басшысы айқындап берген міндеттер күтіп тұр. Әрбір азаматтың лайықты тұрмысын қамтамасыз етіп, халқымыздың заман ағымына сай ілесе білуіне жағдай жасауымыз қажет.
Жеткен биігімізді саралап, болашағымыздың бағдарын белгілеп берген Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі құтты болсын!
Алар асуларымыз көп болып, елдігіміз жасай берсін!
Тәуелсіздігіміз ғұмырлы болсын!

Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.