АЛАШ АЛЫПТАРЫ – ҚАСИЕТТІ ТОПЫРАҚТА Избранное

Среда, 22 Декабрь 2021 04:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1188 раз

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойында Шымкентте Алаш арыстарына арналған композициялық мүсін ашылды. Салтанатты іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов, «Алаш арыстары» ескерткіші идеясының авторы Бекет Тұрғараев, ескерткіштің авторы, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Тоқтар Ермеков, Еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызы, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпағы, М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің директоры Әлібек Сейдехан және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.

814

 

– Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде тұғырлы ел болып, тарихымызды түгендеп келеміз. Тәуелсіздік жолында құрбан болған арыстарды ұлықтауға мүмкіндік алдық. Осы ескерткіш – соның айғағы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алаш қайраткерлері тәуелсіздік жолында зор еңбек сіңірді, азаттық жолында құрбан болды. Алаш арыстарының асыл мұрасын жастарға, бүкіл әлемге паш етуіміз керек» деген болатын. Бұл күн – Шымкент қаласының тарихындағы айтулы күн. Елі үшін, елінің жарқын болашағы үшін аянбай күрескен бабаларымыздың алдында ұрпағы тағзым етеді, – деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов және Желтоқсан оқиғасына қатысушы Сәбит Исабеков ескерткішті салтанатты түрде ашып, жиналған қауым гүл шоқтарын қойды. Зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Алаш ардақтыларының тәуелсіздік жолындағы өлшеусіз еңбегі туралы ой бөлісті.
– Шындығында бұл іс-шараның маңызы ерекше. Кейінгі ұрпақ үшін өнегелі іс деп ойлаймын. Осы іс-шараның басы-қасында жүрген қала әкімдігіне, идея авторына, жасаған азаматтарға шын көңілден алғыс білдіреміз. Алаш идеясы, Алаш аманаты, Алаш рухы – елдігіміздің белгісі. Шын мәнісінде Алаш қайраткерлері өз еңбектерімен, қайраткерлігімен үлгі болатын тұлғалар. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын десек, олардың ісін, еңбектерін, қағидаларын жас ұрпаққа жеткізуіміз керек. Ол – біздің борышымыз. Бұрын осы жерде сонау Кеңес заманында Созақ көтерілісін басқан коммунарлардың ескерткіші болатын, соған пионерлер келіп, гүл шоқтарын қоятын. Міне, заман өзгерді. Енді біз Алаш ардақтыларын құрметтеуіміз қажет, – деді қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы, М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің директоры Әлібек Сейдехан.
Ғалымның пікірінше, тәуелсіздікті толық танып, ұлт зиялыларын ардақтауда саяси қуғын-сүргін құрбандары да қоғам назарынан ұмыт қалмауы тиіс.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы саяси-қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде үлкен бастама көтерді. Бұл кім-кімді болса да бей-жай қалдырмайтын мәселе. Дер кезінде көтерілді деп санаймыз. Себебі, қуғын-сүргін құрбандары әлі күнге дейін толық ақталған жоқ. Жыл басынан бері қала әкімдігінде комиссия құрылып, жұмыс істеп келеді. Полиция департаментінде болып, бұрын «жабулы» болған құжаттармен таныстық. Соларды саралай келе 17 231 адамның жазықсыз құрбан болғанын анықтадық, олардың іс-құжаттары сақталған екен. Ішінде ақталғаны да бар, «ақталуға жатпайды» деген 500-600 адам да бар. Бұған қоса қуғынға ұшырағандардың кейбірінің ұрпағы әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр. Мысалы, біздің өңірде туып, басқа жақта қызмет еткен, сол жақта атылып кеткен азаматтар бар екен. Мұның барлығы қыруар уақыт пен еңбекті қажет етеді. Сондай азаматтарды анықтап жатырмыз, – деді Сейдехан Нұрмаханұлы.
Ақын, драматург Ханбибі Есенқарақызы күнгей өңірі тарихқа бай екеніне тоқталды.

812


– Бүгін Шымкентте күн ерекше жарқырап тұр. Жарқырайтын себебі – Алаш қайраткерлері, Алаш алыптары Шымкенттің төрінде өз тұғырына қонды. Бұл – үлкен мереке. «Қазақтың қос тойың қатар келсін» деген тілегіндей, бұл қуаныш Тәуелсіздік күні мерекесімен қатар келді. Мен айтар едім, Шымкент – қасиетті жер. Біздің тарих бойынша, Қазақстанда 25 мың адам атылса, 107 мың адам түрмеде отырды, соның 2500-і осы Оңтүстіктен. Оны дәлелдейтін – қаламызда Қайтпас дейтін жер бар. Түрмеге адам сыймай қалған кезде конвойлар адамдарды шығарып алып, сол Қайтпасқа дейін жаяу айдап барады екен. Аяқтары ісіп кеткен, мойындарына жіп ілінген. Сол жердегі Албастысай деген жерде атқан. Кеңес кезінде «Қайтпас деген елдімекенде бір халық тұрады, олар еңбек десе, жұмыс десе, қайтпай жұмыс істейді екен, сондықтан оның атын Қайтпас қойған екен» деп, өтірік куәландырған. Ал шын мәнінде, түрмедегі боздақтарды айдап бара жатқан кезде қаланың балалары «Бұларды қайда апара жатыр?» дегенде, әке-шешесі оларды «Қайтпасқа апара жатыр» деген. Міне, Қайтпастың тарихы осындай. Ал Алаш қайраткерлерінің барлығы дерлік Ташкентте оқыды, жұмыс істеді. Ұлт зиялылары сол жерге барғанда Шымкенттің топырағын басып өткен болуы әбден мүмкін. Сондықтан, біздің қала тарихи жер деп айта аламыз, – дейді Ханбибі Есенқарақызы.
Айта кетейік, көп фигуралы композицияда Алаш қайраткерлерінің бейнесі тұтас бейнеленген. Ортада – «Алаш» партиясының көсемі Әлихан Бөкейханов, жанында Әлімжан Ермеков,
Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Сералин, Жақанша Досмұханбетов, Халел Ғаббасов бар. Гранитпен қапталған тұғырға «Алаш арыстары» деп жазылған.
Қаланың орталық саябағының кіреберісінен бой көтерген композициялық мүсіннің бой көтеруіне Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ұйытқы болды.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.