«ЖҮГІРУГЕ ХОББИ ДЕП ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ» Избранное

Среда, 29 Декабрь 2021 04:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1940 раз

Жаңа жыл – бүкіл әлем атап өтетін ерекше мереке. Келе жатқан жаңа жылды ерекше көңіл-күймен қарсы алуға тырысамыз. Бұл күні кейбірі отбасы мүшелерінің ортасында болса, енді бірі қаланың көрікті жерлеріне қыдырып, демалғанды жақсы көреді. Кейбірі, тіпті, мерекені жұмыста, машинада, пойызда, ауруханада қарсы алып жатады. Ал, біз сөз еткелі отырған кейіпкер – жыл бойы ширақ қимыл мен үнемі қозғалыста жүретін жанның бірі. Айдана БОЛЫСБЕКҚЫЗЫ үшін Жаңа жыл мереке ғана емес, жаңа мүмкіндіктердің бастауы іспеттес. Өйткені, спортшы жаңа жылдың алғашқы таңын жүгірумен бастайды.

855

 

Бірінші байлық – денсаулық екенін ескерсек, әр адамның аман-сау болуы, әуелі, өзінің қолында, одан кейін ғана дәрігерлерге байланысты екенін біздің кейіпкер ерте жасында-ақ түсінген. Спортты жанына серік еткен жандардың арасында қыз балалардың көптігі қуантады. Ал, Айдана Болысбекқызы бала кезінен жеңіл атлетикаға бейім екенін байқаған. Алғашқыда жүгірумен денсаулығы үшін шұғылдана бастаған ол, кейін кәсіби тұрғыда дайындалуға көшеді.
– Жеңіл атлетикамен 15-16 жасымнан айналыса бастадым. Мектептегі нормативті орындау кезінде өзімнің жылдам жүгіретініме көзім жетті. Кейін үлкен жарыстарда жүгіріп, бағымды сынадым. Өзімнің жаным қалаған іс болған соң жүгіруден ләззат алып, ойым тазарып, бойым сергіп қалады. Әрі жеңіл атлетика – денсаулыққа өте пайдалы, - дейді ол.
Салауатты өмір салтын насихаттайтын спортшы Айдана Түлкібек бүгінде қала тұрғындарына жүгіру техникасын үйретіп жүр. Ол үнемі физикалық қалпын сақтап, иммунитетін нығайтқысы келгендерге жүгіруге кеңес береді. Бұдан бөлек, Айдана марафоншылардың да ізін жалғап, бірнеше шақырымды бағындырып үлгерді. Тіпті, өз қаламызда өтетін марафонға ғана емес, республикада, керек десеңіз, шетел асып жүгіріп келетіні бар.

871


– Желаяқ болу – шыдамдылықты талап етеді. 10 шақырымнан бастап 70 шақырымға дейін жүгіремін. Биылдыққа 2000 шақырымнан астам қашықтықты бағындырдым десем болады. Дұрыс жүгіре білген адамға, оның пайдасы мол дер едім. Кез келген жан қай спорт түрін таңдаса да жаттығуды алдымен жаттықтырушымен бастайды. Жүгіруге де солай келген дұрыс. Барлық нәрсенің тәртібі бар. Жүгірудің де өзіндік ережелері бекітілген. Сондықтан жүгіргісі келетін жандар, алдымен, кәсіби маманнан кеңес алып бастағаны абзал, - дейді марафоншы.
Айдана Болысбекқызы биыл Шымкент, Түркістан, Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Түркияда өткен халықаралық марафонға қатысып, алдыңғы орындардан көрінді. Бүгінде ол жүгіруді жаны сүйетін жандардың басын қосып, үшінші мегаполисте әуесқой марафоншылар клубының негізін қалыптастырды.
– «Shymkent Run Club» тарихына тоқталатын болсам, үш жыл бұрын тау жарысында Артем Орлянский есімді әріптесіммен жолығып, ашық жүгіру жаттығуларын жасауға бел будық. Ол идеямыз аз уақыт ішінде жүзеге асып, 8-10 адам болып бастаған клубтың қатысушылары бүгінде 100-ге жуықтады. Онда әр саланың мамандары жиналған. Жалпы, жүгіруге хобби деп қарауға болмайды. Онымен тұрақты айналысу керек. Жүгіру ең алдымен, бүкіл ағзанының жұмысын жақсартады. Жүрек-қан тамырларынан бастап, қан айналымы, тыныс алу, бұлшық еттердің жұмысын нығайтады. Адамның мінез-құлқына да әсері көп, көтеріңкі көңіл күймен күні бойы энергия сыйлайды. Жүгіру – ең қолжетімді спорт түрі. Шымкент қаласында жүгіру мәдениетінің қалыптасуына үлес қоссақ дейміз. Осыдан үш-төрт жылдай бұрын ашық жаттығуларға адам жинай алмайтынбыз. Қазір қаламызда тұрақты жүгіретін тұрғындар саны көбейіп келеді. Саябақтар мен ашық спорт алаңдарда жүгіріп жүрген қалалықтарды жиі кездестіреміз. Осының өзі бізді қуантады, - дейді А.Түлкібек.
Кәсіби спортшы жүгіруді енді ғана бастаған жандарға жоғарғы екпінмен жүгіріп, жүрекке ауыр салмақ салуға болмайды деп кеңес береді.
– Жүрек минутына 60-70 рет соғу барысында демалады. Ал, жүгіру кезінде ол 130 рет соқұанда одан ары күш ала береді. Егер 180-дік пульсте жоғары екпінмен жүгірсеңіз, жүрек демалып үлгермейді. Сондықтан жүрекке аса салмақ салудан абай болу қажет, - дейді кәсіби маман.
Марафоншы жүгіруді жаңа әдетке айналдыру үшін қала тұрғындарын 1 қаңтар күнгі марафонға қатысуға шақырады. Спортты жанына серік еткен ару қала тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен құттықтауды да ұмытпады.
– Босағадан еніп келе жатқан жыл берекелі болсын! Тек жақсылық пен қуаныш әкелсін! Әрбір шаңыраққа, әрбір отбасына амандық, бақыт, ырыс тілеймін! Шырайлы шаһарда салауатты ұрпақ көп болсын! Ал, жаңа жылды жаңаша қарсы аламын деушілерді
1 қаңтар күні тағы 08:00-де
А.Асқаров атындағы дендросаябақта күтеміз, - деді
А.Болысбекқызы.

Последнее изменение Среда, 29 Декабрь 2021 10:59