СИЫР – ЫРЫСЫМЫЗДЫ ТАСЫТТЫ, БАРЫС – ТАБЫС ӘКЕЛСІН! Избранное

Среда, 29 Декабрь 2021 04:35 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1612 раз

Жаңа жыл – қуаныш пен үмітке толы ізгілік мерекесі! Өйткені, қазақ қашан да өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халық. Сондай-ақ, бұл бір жылғы жұмысты қортындылап, баға беретін, алдағы жоспарларды пысықтап алатын тұс. Олай болса, өтіп бара жатқан сиыр жылы Шымкентте қандай есте қалар, елеулі оқиғалар болды? Тұрғындардың өмірінде не өзгерді? Тағы бір шолып шықсақ...

866

 

Сайлау сәтті өтті

2021 жыл аса маңызды саяси науқан – Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың сайлауымен басталды. 10 қаңтар күні өткен сайлаудың қорытындысы бойынша Мәжіліске «Nur Otan» партиясынан – 76, «Ақ жол» партиясынан – 12, Қазақстан Халық партиясынан – 10 депутат өтті. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясына 9 мандат бөлінді.
Ал, Шымкент қалалық мәслихатының сайлауында «Nur Otan» партиясы 78.63 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Сондай-ақ, өкілетті органның құрамына 9.6 пайыз дауыс жинаған «Ақ жол» партиясы мен 9.44 пайыз дауысқа ие болған «Ауыл» партиясының өкілдері де енді. Осылайша, Шымкентте алғаш рет көппартиялы мәслихат жасақталды.

400 миллиард инвестиция тартылды

Биыл қала экономикасында да тың серпілістер болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, қала экономикасына 400 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл –шаһардың алыс-жақын тарихында кездеспеген рекордтық көрсеткіш.
Биыл постковидтік кезеңде шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Іскер қала» атты бағдарлама қабылданды. Бұл бағдарлама өнеркәсіптік парктер құру арқылы жаңадан кәсіпорын ашқысы келетіндерге дайын өндірістік ғимараттарды жеңілдетілген шартпен ұсынуды және жылдық үстемақысы 1 пайыздан аспайтын несие беруді көздейді. Бағдарламаның алғашқы нәтижесі ретінде «Silkway Alliance» өнеркәсіптік паркінің ашылғанын айтуға болады.

1 миллион шаршы метр баспана салынды

861

Наурыз айында тұрақты жұмысы бар 300 жас бес жылға арендалық баспана алды. Сондай-ақ, биыл шымкенттік
976 отбасы арендалық пәтерге, тағы
1728 отбасы «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы несиелік пәтерге қол жеткізді. Жалпы, өтіп бара жатқан жыл Шымкентте алғаш рет 1 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған жыл болып тарихта қалмақ.

Медицинаға басымдық берілген жыл

Сиыр жылы – бүкіл әлемде коронавируспен күрестің ең маңызды кезеңі ретінде тарихта қалатыны анық. Өйткені, өтіп бара жатқан жылда бәріміз дерлік вирусқа қарсы вакцина қабылдадық. Бұл тұрғыда Шымкент республика бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Ресми мәлімет бойынша, 27 желтоқсанға дейін 591 мыңнан астам адам вакцина қабылдады.
Жалпы, биыл қалада медицинаның дамуына көп көңіл бөлінді. Наурыз айында қалалық №2 ауруханада, ал, мамырда №3 ауруханада инсульт орталығы ашылды. Жыл бойына жеке инвесторлардың есебінен 5 медицина және ПЭТ/КТ сәулелі терапия орталықтары ашылды. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға бюджеттен 13 миллиард теңге қаржы бөлінді.

Жолайрық құрылысы аяқталды

862

Биыл Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрықтың құрылысы аяқталды. Бұрын бұл жерден тәулігіне 30 мың автокөлік өтетін еді. Жолайрық салынғанының нәтижесінде қазір бұл қиылыстан 140 мың автокөлік өтетін болды. Алдағы жылдары қалада осындай 5 жолайрық салу жоспарланған.
Сондай-ақ, биыл қалада жаңадан 590 автобус жолаушыларға қызмет көрсете бастады. Осылайша, қаладағы қоғамдық көліктің 87 пайызы жаңартылды.

Алаш рухы жаңғырды

Биыл қаланың рухани-мәдени өмірінде елеулі оқиғалар болды. Мәселен, наурыз айында Шымкент опера және балет театрында «Домалақ ана» операсының прьемерасы өтті. Қала берді шаһардағы 10 кітапхана заман талабына сай қайта жаңғыртылып, отбасылық кітапхана үлгісінде жасақталды.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойында үшінші мегаполисте Алаш арыстарына арналған композициялық мүсін ашылды. Қалаға Алаш рухын ала келген бұл ескерткіште Алаш қайраткерлерінің бейнесі тұтас бейнеленген. Ортада ұлт көсемі
Әлихан Бөкейханов, жанында Әлімжан
Ермеков, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Сералин, Жақанша Досмұханбетов, Халел Ғаббасов бар. Гранитпен қапталған тұғырға «Алаш арыстары» деп жазылған.
Сондай-ақ, биыл Шымкентте Өзбекәлі Жәнібеков пен Жұмат Шаниннің де ескерткіштері ашылды.
Иә, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-ыншы жылы Шымкенттің шежіресінде осындай айшықты оқиғалармен есте қалды. Сиыр жылы еліміздің ырыс-құты тасыған жыл болды, енді алдағы барыс жылы табыс жылына айналса деген тілек бар.